Жаңалық

Арманнан ақиқатқа

ХХ ғасырдың соңында пайда болған егеменді,

зиялы мемлекеттер мен оның президенттерінің

табыстары мен жетістіктерінің ішінде Қазақстан

және Н. Ә. Назарбаев көп табысқа жетті.

(Әлемдік сарапшылар пікірінен)

Тәуелсіздік – қасиетті де киелі ұғым. Дербестікке жетіп, өз алдына жеке мемлекет құруды ата-бабамыз аңсады, талай өтпелі кезеңдерден өтті, қилы замандарды бастан кешті, өмірдің тар жол тайғағына да төтеп бере алды, бір сөзбен айтқанда егеменді елге айналу үшін еш мойымады. Бұл күнге жету жолында қаншама қан төгілді десеңізші, теңіздей толқындап, бұлақтай сарқырап ақты емес пе?!. Дегенмен миллиондаған адамның күресі нәтижелі болды: еліміз бүгінде тәуелсіз мемлекет атанды. Ол ол ма, Қазақстан Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың арқасында дамыған 50 мемлекеттің қатарына да кіріп үлгерді. Елбасының бастамасымен мемлекетіміздің экономикасын дамыту мақсатында алға қойылып отырған жаңа бетбұрыс – бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ілігу.

Әне-міне дегенше егемендік туының самғағанына 28 жыл толды. Біз, осы күнгі ұрпақ бұл бақытты сезіне алдық. Алайда қай жерде болмасын бір «бірақ», – дейтін тұс болады, өкінішке қарай: ашық аспан, шуағын шашқан күн мен алаңсыз айлы түн үшін күрескен, осы жолда қанын төккен батыр бабаларымыз, ардақты аналарымыз дәл осы жаңа заман бастан кешіп жатқан өмірді көре алмай кетті, бейбітшіліктің қызығына тоя алмай, сол күйі аш-жалаңаш кете барды. Мына нәрсені ұмытпауға міндеттіміз: Қазақстан қазіргі таңда қандай жетістіктерге жетіп, бел-белестерді бағындырып жатса, соның барлығы да даңқты ата-бабаларымыздың арқасы. Өткен ғасырлардағы сұрапыл соғыстар, ызғары қатты «Елім-айдың», аштықтан зар еңіреген аяулы аналарымыз бен әжелеріміз, жетімсіреген бүлдіршіндердің жылаған үндері, жау қолына оңай түсе салмаған қайсар мінезді аталарымыз, мемлекеттілігіміз, оның әнұраны, елтаңбасы, туы, бейбіт күнде дүние есігін ашып жатқан сәбилер мен тәуелсіздік мерекесі тұтас бір ұғым десек қате болмас, сірә?.. Сол себепті тәуелсіздікке жай мереке есебінде қарай салу жаңсақтық болар?! Бұл турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар жылының» жабылуы және «Еріктілер жылының» ашылуы рәсіміне арналған шарада былай деген еді: «Біз үшін бұдан асқан қастерлі әрі маңызды мереке жоқ. Тәуелсіздігімізді нығайып, елімізді одан әрі өркендету – қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы». Расымен Президенттің өзі тәуелсіздіктің қаншалықты маңызға ие екендігін айтып, оны мерекелердің төресі деп атап тұрғанда біз қалайша оның қасиеттілігіне бас имейміз. Дана халықтың арасында: «Киесі ұрады» деген сөз бар. Қан мен тердің былғануымен келген бұл күннің киелілігін түсінбесек, орынды бағалай алмасақ, қастерлемесек адамдығымызға сын. Қысқасы тарихымызды біліп, бейбіт заманның қадірін түсіне білу – борышымыз. Жаңа ғасырдың азаматтарына қалғаны тек осы күннің қалай, қандай жолдармен келгенін жүрекпен түсініп, қабылдау және бабалар мұрат еткен осынау Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі аралықта созылып жатқан кең байтақ жерімізді сақтап, оны ары қарай өрлету.

Еліміздің қазіргі жағдайынан ақпар берелік: Қазақстанды бүгінде дүние жүзі халқы таниды, мемлекетімізде әлемдік деңгейдегі ауқымы кең байқаулар, көрмелер өтіп келеді. Бұған дәлел 2017 жылы ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі. Тек бұл ғана емес еліміз 28 жылдың ішінде көптеген жетістіктерге жетіп үлгерді: 1995 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды, 2003 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастады, халыққа жағдай жасалып, үлкен ауруханалар, мәдени-спорт кешендері ашылды, 2010 жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бірінші төрағасы болды, 2011 жылы еліміздің оңтүстік және солтүстік астанасында VII Қысқы Азияда ойындары өтті, 2015 жылы біздің ел Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды, 2013 жылы Алматы қаласында Әуесқой бокстан әлем чемпионаты өтті, 2017 жылы Алматыда 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада болды, 2018 жылдан бастап Қазақстан БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ете бастады, 1993 жылы ұлттық теңге айналымға енді және тағысын тағы айтулы істер атқарылды. Тәуелсіздік алғалы бері жеткен жетістіктің қай-қайсысы болмасын Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен, сол кісінің қолдауымен іске асырылғаны баршамызға аян. Елбасымыз өзінің әр жолдауы сайын дархан даламыздың қаншалықты құнды дүниеге бай екендігін қайталап, қоғамның санасына құя білді, батырлар аманатын тиісті жеріне жеткізе алды, жеріміздің археологиялық қазбаларға да, пайдалы қазбаларға да, ұлттық құндылықтарға да өте бай келгенін еске салудан жалықпады. Бұл ізбен жүрген қазіргі буын, ортаншы тарап, жалындаған жастар оқуға, көбірек ізденіп, білуге талапты. Соның арқасында медицина, мәдениет, экономика, білім мен ғылым және спорт салалары күніге дамып, саналы жастарымыздың қатары көбейіп келеді. Бұл дегеніміз жаңа елдің азаматтары өз шежіресін қастерлегенінің белгісі.

Қазақ елі – шел елдегі қандастарымызды қайтаруға ықпал жасап, әлем бойынша жоғын жоқтаған елдердің бірі. Еліміз еркін, саяси-әлеуметтік мемлекет болып қалыптасты және оны әлем елдері мен оның басшылары мойындады. Бұған мысал ретінде АҚШ президенті Барак Обаманың Қазақстанды төрткүл әлемге үлгі еткен сөзін айтуға болады. Ол Саммит кезінде: «Бұл жерде қазақ басшысымен бірге тұрғаныма, оны тағы бір мәрте көргеніме қуаныштымын. Екі күн бойы өтетін Саммит кезіндегі пікірталаста Н. Ә. Назарбаев жетекші рөл ойнады. Қазақ жұрты бұдан жиырма жыл бұрын ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Бұл батыл шешім төрткүл әлемге үлгі», – деді.

Қазақстан – бейбітсүйгіш, тек қана ынтымақтастықты қалайтын, көп ұлтты мемлекет және әлемде істі тек бейбіт жолмен шешуге дағдыланған бірден-бір ел. Татулық сүйгіштігіміздің бір айғағы – Семей ядролық полигонының жабылуы. Қазақстан бірінші болып халқының жағдайы үшін ядролық полигонын тоқтатқан ел. Тәуелсіздіктің тарих бетіне қайта сапар шексек: ынтымағы жарасқан, егеменді елге айналу үшін болған қанды күрестің ең ақыры – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Онда құрбан болған 200-ге жуық аға-әпкелеріміздің қаны. Жүректері «Елім, жерім» деп соққан Ләззат, Сәбира апаларымыз сол күйі қыршын кете барды емес пе?.. Ақтық сөзінде де «қазақпын» деп кеткен, небәрі жиырма бірдегі Қайрат ағамыз… Оның:

«Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты – құрбандық»,

Атам десең, атыңдар!», – деген бір өлеңінің өзінде қаншама қайсарлық, атына заты сай қайраттылық бар. Бұл сөзінен, жастар, үлгі-өнеге алуға тиіспіз.  

Қазақ елі – сонау Алтайдан Пиренейге дейін билік еткен. Еділ батырдың, ақыл-парасаттылығымен Мысыр еліне билік жүргізген Бейбарыстың, Үндіні билеген Бабырдың елі. Жырларымызда айтылғандай:

«Қазақ жері көп шеккен қасіретті,

Қазақ ері өнерлі, өсиетті,

Египетті билеген Бейбарыстың

Елі – текті, киелі, қасиетті.

Қорлаған жау – басқыншы халыққа мұн,

  Қорлаған ер – ойлаушы халық қамын».

Не нәрсеге болмасын бай келген ұлы дала Абайдай ақыны, Қобыландыдай батыры, Кенесарыдай ержүрек ханымен мақтанады, сол даналардың ұрпағымыз деп марқаяды. Біз қайратты, намысқой, туын көкке көтермесе еш тыныштық таппайтын, қиындық көрсе мойымайтын данышпан халықтың ұрпағымыз. Бүгін, міне, сол бабаларымыздың әруағы қолдап, ерлікті бағалар күн де келіп жеткеніне тұтас 28 жылдың жүзі болыпты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: жаңа әлемнің жалындаған жастарына «Мен жастарға сенемін», – деп ұрандатып тұрып өлең арнаған Мағжан Жұмабаев секілді аталарымыздың бізге артқан зор үмітін, мол сенімін ақтап, еліміздің шаңырағының биіктігін мәңгі сақтай алсақ, Қазақстанның атын дүние жүзіне паш етуден жалықпасақ, ата-бабамыздың арманы орындалғыны.

Басқа материалдар

Back to top button