Жаңалық

«Жаңа ғасыр әуендері»

Шымкент қаласында алғаш рет жас ақындардың жыр жинағы жарық көрді.

Шымкентте жастар жылы аясында «Жаңа ғасыр әуендері» жас ақындар антологиясының тұсаукесері өтті. Аталмыш жинақтың тұсауын Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов пен қазақтың белгілі ақыны Ақмарал Леубаева кесті.

Оқырмандарға ұсынылған жаңа туындыда мегаполистегі 12 жас ақынның қоғам, рухани жаңғыру, таным, сүйіспеншілік, патриотизм және тағы басқа тақырыптағы өлеңдері тізілген. Құрастырылған жинақ оқырманды жан-жақты дамытып, рухани қалыптастыруға бағытталған.

Салтанатты кеште жас ақындарға шығармашылық табыс тілеген қала әкімі Ерлан Айтаханов бүгінгі туынды оқырманның рухани азық алуына және ұшқыр қиялға жетелейтінін атап өтті.
«Өздеріңізге белгілі, Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жастардың әлеуетін дамытуға бағытталған бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Жас ақындардың шығармашылығын шыңдау, қолдау мақсатында «Жаңа ғасыр әуендері» жинағы оқырмандарға жол тартып отыр. Кітап – адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Кітап оқыған ұрпақ адаспайды. Қоғамның ең өткір де өзекті мәселелері мен ішкі болмысын өлеңмен жеткізіп, қазақ поэзиясын одан әрі дамытуға үлес қосуларыңызға тілектеспін»,- деді Ерлан Қуанышұлы.

Сонымен қатар шаһар басшысы жинақты әзірлеуші жас ақындар қазақ поэзиясының жарқын жұлдыздары Абай Құнанбайұлы және оның ізін жалғаған Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева сынды ақындардың салып кеткен сара жолын жалғастыратынына сенімді екенін қоса айтты.

Ақындардың кешіне қатысқан Ханбибі Есенқарақызы, Әселхан Қалыбекова, Шойбек Орынбай, Нармахан Бегалы сынды еліміздің дарабоздары өнер өлкесіне өзіндік өрнегімен, қолтаңбасымен қадам басып келе жатқан жастарға ақыл кеңестерін жеткізді.

Шара барысында қайырымды қала тұрғындары жас ақындардың шығармалары мен қазақтың күмбірлі күйлеріне, сондай-ақ «поэтикалық дуэльдерге» қанық болды.

Шымкент қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button