Жаңалық

Сүйінші. Байғазы. Көрімдік: үш бөлек ұғым

Қазақ халқында не көп, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғы көп. Солардың ішінде сүйінші, байғазы, көрімдік кеңінен таралған. Әйткенмен, соңғы уақытта көпшілігіміз үшеуін ажырата алмай әлекпіз. Бір-бірімен сабақтастырып, орындарын алмастырып әкететін кездеріміз жоқ емес-ті. Қазақтың көнеден қалыптасқан үш дәстүріне жеке-жеке анықтама іздеп көрдік.

Сүйінші дегеніміз не? Оны қай уақытта сұрайды? Сүйіншіні жөнді сұрай білеміз бе?

Сүйінші – жағымды жаңалықты көпшілікке тарату. Қуанышты хабарды жеткізген адам алыстан «сүйінші, сүйінші», – деп келіп, сүйіншіге не бересің деп сұрайды. Жақсы жаңалықты естуші екінші тарап не сұраса соны берген: ақша не болмаса бағалы зат. Ертеде тіпті астындағы атын, үстіндегі киімін не сауыт-сайманын сыйға тартқан. Оған түрлі себептер болуы мүмкін: нәресте дүниеге келгенде, жаңадан келін түскен сәтте, алыстан арбалатып жақындары келгенде, жоғары лауазымға ие болған кезде сүйінші сұралған. Әсіресе бір отбасы көптен бері бала көре алмай, араға уақыт салып, үйіне бақыт нұры шашылса, сүйінші сұраған. Мұндай қуанышты хабарлардың сұрауы да құнды болған. Ата-бабаларымыз сүйіншінің ақысын сұраған адамның ешқашан да бетін кері қайтармаған. Керісінше, олар: «Қалағаныңды ал», – деген. Сүйіншіге сыйлық сұраудың еш әбестігі жоқ.

Бұрын біреудің бағалы заты жоғалған жағдайда да сүйінші сұралып, ақысы алынған. Тіпті керек болса затты тауып, ұрыны ұстап берген хабаршыға үй иесі қалағанын бермесе, ол биге жүгінетін көрінеді. Сүйіншіге берілетін сый да ұрланған заттың бағасына байланысты. Яғни біреудің ұрланған малын тауып әкелсе, соның құнынан жиырмадан бірін, ұрлықшыдан тартып әкелінсе, бестен бірін, ұрлаған адамның өзін әкелген жағдайда, әлгі малдың жарты құнындай ақы алған. Кейде хабаршы малды көрмей, оның қайда екенін естіп, егесіне жеткізсе, оған құлақ сүйінші берілген. Жоғалған малды тауып, ұрыны ұстап беруге уәде етіп, сүйінші алған адам уәдесінде тұра алмаған жағдайда алған ақысының бір бөлігін қайтаруға міндетті. Сүйінші сұрау – қазақ халқында ықылым заманнан келе жатқан үрдіс. Біреуі білсе, екіншісі біле бермес: сүйінші сұраушы жаққа сыйлық берілмесе, үй иесінен кез келген бағалы затты алып қашуға құқылы.

Байғазы жайлы не білесіз? Ол қашан және кімге беріледі?

Байғазы – үлкен кісілердің өздерінен кішіге беретін сый-сыяпаты. Байғазы жансыз затқа сұралады. Сондай-ақ бала ең алғаш рет атқа отырған кезде де байғазы сұраған. Көбінде бұл салт жасөспірім балақайлар жаңа киім алғанда орындалады. Жаңа киімді болған балаға ата-аналары: «Барып, байғазыңды алып қайт», – деп көрші-қолаң мен жақын тұратын ағайын-туыстарына жүгіртіп жіберген. Сонда әлгі бала:

«Киімімді көріңіз,

Етегіме төгіңіз.

Барар жерім әлі көп

Байғазымды беріңіз!», –

деген сияқты өлең-шумақтарын жаудырып, үй аралайды. Үлкен кісілер балақайға жаңа киімнің жарасып тұрғанын айтады. Байғазыға қолында барын берген: теңге, тана, маржандар. Халқымыз байғазы сұрап келген жеткіншектердің бетін қайтармаған. Ештеңесі болмай бара жатса, қолына бауырсақ, кәмпит не басқа тәттілерді ұстатып, «байғазың мойнымда», – деп жіберген. Байғазы сұрап келген ұл болса, «байғазыға байдың қызы», – деп қайтарады. Мұның барлығы жерде қалмай, артынан міндетті түрде бір сыйлық беріледі. Көне заманда байғазы ретінде ұл балаға қамшы, жүген-ноқта, мүлік беріліп, қыздарға түрлі әшекей бұйымдар, моншақ сыйға тартылған.

Көрімдік қандай дәстүр? Ол қай кезде сұралады?

Көрімдік – байғазыға ұқсас, тек жандыға берілетін сый. Отбасына жаңадан сәби қосылғанда, жас келін түскенде, мал төлдегенде туған-туыс, дос-жаран, көршілердің тарапынан көрімдік сыйы берілген. Сонымен қатар қызға сырға салуға барған кезде жігіт жақ қызды көруі үшін алдымен көрімдік береді. Ұзатылып бара жатқан қыздың қос жеңгесі құдаларға: «Болашақ келіндеріңізді көріп, көрімдігін беріңіздер», – дейді. Содан жігіттің анасы жас келіннің маңдайынан сүйіп, барлық үлкендер ақ баталарын айтып, жеңгелеріне көрімдіктерін береді. Халық көрімдік беру дәстүрін бекер қалыптастырмаған. Көрімдік беру арқылы жақын туыстардың арасындағы сыйластық пен адамгершілік артып, татулық пен бірлік нығая түседі.

P.S: Аталған үш жоралғының да мән-маңызы зор. Сүйінші қуанышпен ортақтасуды білдірсе, байғазы мен көрімдік кішінің үлкенге деген құрметін қалыптастырып, адамдарды жақсылыққа баулиды.

Басқа материалдар

Back to top button