Жаңалық

2020. Айтулы мерейтойлар

Ақтөбе облысында 2020 жылы аталып өтілетін Әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының 175, Н. Байғаниннің 160, Ұлы Жеңістің 75, Ә. Молдағұлованың 95, Ш. Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай «Ұлы дала ұлағаты» атты мерекелік шаралардың бастау алу акциясы өтті.

Салтанатты кеш облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Н. Кәдірбаевтың алғы сөзімен ашылды. Бұл шараның басты қонақтар қатарынан кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Болат Әбділманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали, халықаралық конкурстардың лауреаты, тенор Айдос Иманжаппаров қолдау көрсетіп, Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театр актерлері мен Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияның өнер ұжымы қатысты.

Болат Әбділманов орындаған «Абайдың қара сөздерін» көрермен ұйып тыңдаса, Ерлан Рысқали орындаған әндерден жиналған халық күш алғандай болды. Ал, Шәмші мен Әлия өмірінің үзінділері көпшіліктің көзіне жас әкелді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде «Ұлы даланың ұлы тұлғаларын» ұлықтау көзделді. Өткенге құрмет көрсету қазақ халқының қанына сінген қасиет. Кеш соңында жиналған көпшілік ел руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ұлыларға арналған ерекше кеш үшін ықылас ниетін ұзақ қошеметтерімен білдірді.

Қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы өңірде кең көлемде аталып өтеді. Бұдан бөлек Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Ұлы Отан соғысының 75 жылдығы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 95 жылдығы, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығы сынды аса маңызды мерейтойлар жыл бойы ұйымдастырылады. Қазіргі таңда атаулы күндерді жоғарғы деңгейде ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

«Өңірде қоғамдық маңызы бар іс-шаралардың жоспары жасақталып, қажетті қаражат бөлінді. Биыл қазақ халқының кемеңгері Абай Құнанбайұлының мерейтойына орай облыс аумағында 160-қа жуық шара өтеді. Соның бір қатарына тоқталсақ: Ақтөбе тұрғындары мен қонақтары үшін облыстық өлкетану музейінде «Жидебай-Бөрілі» қорық мұражайынан көрме жасақталып, облыстық драма театрда филармония әртістерінің қатысуымен «Абайды білмек керек ойлы жасқа» спектаклі қойылады, мұғалімдер және өнер адамдары арасында түрлі байқаулар мен концерттік бағдарламалар, көрмелер сынды ауқымды шаралар ұйымдастырылады, өңірімізде ұлы ақынның есімін мәңгі ұлықтау мақсатында қаламыздың орталық даңғылында Абай ескерткіші орнатылады», – дейді Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев.

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Ақтөбе өңірінде Әл-Фарабидің туған жері Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің жылжымалы көрмесі, Әл-Фараби шығармаларындағы «Бақытқа жету» еңбегі жайында «Ең үздік әлеуметтік пост жариялау» жалпықазақстандық байқауы, Ресей елінің Орынбор қаласында «Фараби сазы» концерті, «Қайырымды қала» акциясы және т.б шаралар жүзеге асады.

Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында Алтын Орданы 17 жыл билеген Ер Едігеге арнап ескерткіш ашылды. «Ер Едіге» қаһармандық эпостық-музыкалық дастаны кәсіби жыраулардың орындауында дыбыс және бейне жазбаға (СD-диск) түсіру, күйтабақшасын шығару жұмыстары жүзеге асырылады.

Жеңістің 75 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 95 жыл толуына арналған «Үш жұлдызы Елімнің» республикалық патриоттық ән кеші, «Ерлігіңді аңыз ғып таратты ел» деректі фильмі көрерменге жол тартпақ. Және 2020 жылы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған «Шәмшінің әні – шалқиды әлі» концерті, «Шәмші» музыкалық спектаклі сахналанады.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button