Жаңалық

2020. Ақтөбе облысының 5 жетістігі

Тәуелсіздігіміздің әр жылы қажырлы да тынымсыз еңбекке толы болды. ҚазақTravel-дің осы санында Ақтөбе облысының биыл жеткен жетістіктері мен атқарылған іс-шараларына тоқталдық. 

Осы жылдың үздік жобасы:

Өңірдегі қасиетті, киелі жерлерді таныстыру, қорғау, насихаттау және облыста туристік бағытты дамытуға аса мән берілуде. Осы мақсатта туристік объектілердің картасы жасалып, облыстың барлық аудандарына экотурлар ұйымдастырылды.

Экотур барысында:

Қобда ауданының агротуризмі бойынша ұлттық тағамдар (қымыз, қаймақ, балқаймақ, сарымай және т. б.) дайындау үдерісі;

Ойыл ауданының «Барқын» шөл құмдары, қарағай тоғайлары, Ұлы Жібек жолының (Көкжар жәрмеңкесі, көпес үйлері) тарихы;

Мәртөк ауданында Батыс Қазақстандағы жалғыз марал шаруашылығы, «Айс» сүт фермасының тыныс-тіршілігі таныстырылды. 

2020 жылы ашылған спорт, білім ошақтары:

2020 жылы 7 мектеп (2 мемлекеттік, 5 жеке меншік) ашылды. Сонымен қатар, облыс көлемінде 22 мектепке дейінгі ұйым ашылды.

Жастардың спортпен шұғылдануы, салауатты өмір салтын ұстануы, облыста спортты дамыту мақсатында футбол және баскетбол ойнауға арналған «Тәуке хан» спорт алаңы бой көтерді.

Туған жерге тағзым акциясы аясында атқарылған іс-шаралар:

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында Ақтөбе облысы бойынша жерлес-меценаттардың көмегімен барлығы 368 жоба жүзеге асырылды. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетелік.

Қарғалы ауылында қала тұрғындарының демеушілігімен көпір салу жұмыстары жүргізілді.

Алға қаласында Есет батыр Көкіұлының ескерткіш мүсінін абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылды. Бестамақ ауылында Ақтөбе колледжіне екі қабатты жаңа оқу ғимараты салынды.

Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылында жеке кәсіпкер Қ. Қойлыбаевтың демеушілігімен «Әкелер саябағы» спорт құрылғыларымен жабдықталды. Қарабұтақ ауылында балалар алаңы ашылып, воркауттар орналастырылды. Ауыл кәсіпкерлерінің демеушілік көмегімен Шұбарқұдық ауылында генерал-лейтенант Ж. Кереевтің ескерткіші орнатылды.

Ырғыз ауданы Ырғыз ауылында кәсіпкерлердің демеушілігімен теңгеге ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнатылып, Құтикөл ауылында кәсіпкерлердің демеушілігімен Т. Шонанұлы атындағы музей жасақталды.

Бұдан өзге, облыс көлемінде, аудандарда мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мұқтаж жандарға қажетті көмек көрсетілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске ақан жобалар:

Ақтөбе өңірі жаңа бастамалармен жұмыс жасауда белсенділік танытып, жаңа жобаларды ілгерілетуде жан-жақты жұмыс жасауда.

Жастардың арасында бәсекеге қабілеттілік пен сананың ашықтығын арттыру мақсатында «Арманыңа қол жеткіз!» жобасы жүзеге асырылды. Жоба барысында Ақтөбе облысы әкімінің атаулы гранты бөлініп, нәтижесінде грант алған жастар өз кәсібін бастады.

«Жас шуақ» жобасы аясында жас отбасыларды қолдау, жастар арасында отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау, ерлі-зайыптылардың әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерін шешу жолдарын қарастыру мақсатында «Солнечный» демалыс орталығында бір күндік «Best Family-V» шарасы ұйымдастырылды.

Облыс оқу орындарында «Оқырман мектеп», «Оқырман колледж» көркем шығарма оқу байқаулары өтіп, әр мектепте кітапхана бұрышы ашылды.

«Казроботикс» жобасы аясында ұлттық спорт түрлеріне бейімделген «Робо-Көкпар» және «Садақ ату» бойынша облыстық ашық чемпионаттар ұйымдастырылды.

Білім беру ұйымдарында бизнес-клубтар ашу, бизнес өкілдерімен кездесулер ұйымдастыруды қарастыратын «Бизнес мектебі» жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда бұл мектепте 200-ге жуық жас бизнес әліппесін үйренуде.

Жұбанов университетінде Ақтөбе өңірінен шыққан әйгілі тұлғаларды  насихаттау мақсатында «Ақтөбе ақтаңгерлері» жобасы бастау алып, ақын Төлеген Айбергенов атындағы конференц-зал ашылды.

2020 жылы қойылған ескерткіштер:

«Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Ақтөбе қаласында Абай ескерткіші орнатылды.

«Ер Едіге» қоғамдық қорының демеушілігімен Ер Едіге батырдың ескерткіші, «Есет батыр ескерткіші» қорының демеушілігімен Есет батыр ескерткіші тұрғызылды.

Мұғалжар ауданы Шұбарқұдық ауылында генерал-лейтенант Ж. Кереевтің ескерткіші орнатылды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button