Жаңалық

Ең жақсы сыйлық – кітап

2020 жылғы 9 қаңтарда сағ. 11.00-де Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында «Атамұра» корпорациясының Ұлттық кітапхана қорына аса бағалы әрі құнды 1000 кітабын сыйға тарту рәсімі өтеді.

Ел тәуелсіздігінің көк туын желбіреткен жылы-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде құрылған «Атамұра» баспа корпорациясы өзін тәуелсіздіктің құрдасы деп санайды. Ол шағын кәсіпорыннан бастап оқулықтармен қатар энциклопедиялық және балаларға арналған басылымдар, анықтамалық, ғылыми және ғылыми-танымдық әдебиеттер, сөздіктер, көркем проза мен поэзия, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің еңбектері мен полиграфиялық өнімнің барлық түрлерін шығаратын үлкен корпорацияға дейінгі өсу жолынан өтті.

Бүгінге дейін «Атамұра» корпорациясы «Атырау», «Қарағанды», «Маңғыстау», «Ақмола», «Астана» сынды аймақтық энциклопедиялармен бірге белгілі қазақ ғалымдарының, және қоғам қайраткерлерінің еңбектерін сапалы шығаруы отандық кітап мәдениетінің ірі жетістігіне айналды. Еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қазақ және орыс тілдеріндегі «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде» атты кітаптары, «Атамұра» кітапханасы» сериясымен 150-ден астам ақын-жазушылардың туындылары, сонымен қатар балалар әдебиетін қолдау, насихаттау мақсатында «Атамұра» мектеп кітапханасы» сериясымен бүлдіршіндерге арналған қазақ және орыс тілдеріндегі көркем безендірілген кітаптар, ертегілер, мектеп жасындағы балаларға арналған танымдық кітапшалар басылып шықты.

Корпорация Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» дипломымен марапатталды. Парижде корпорацияға Өндіріске ықпал ету ассоциациясының (SРІ) алтын медалімен, Женевада Халықаралық Алтын жұлдызбен, Мальтада «Хрусталь рыцары» дипломымен, «Еліміздің үздік баспасы «Алтын жұлдызымен» марапатталды. Нью-Йорк (АҚШ) қаласында Халықаралық «Quality Summit» Платина сыйлығына ие болды. «Атамұра» корпорациясы ТМД елдері бойынша Мәскеу қаласында өткен кітап көрмелерінде бірнеше рет арнайы дипломдармен марапатталды.

Іс-шараға «Атамұра» корпорациясының өкілдері, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандары, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысады. Келем деушілерге де есік ашық!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button