Жаңалық

Хәкім туралы тарихи танымдық мақала

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелер қозғалды.

Абай Құнанбаев (1845–1904) қазақ хал­қы­ның аса көрнектi ой­шылы, ағартушысы, ұлы ақыны және қазақ жазба әдебиетiнiң негiзiн қалаушы.­ Міне, осы ұлы ақынымыздың биыл 175 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы өз мақаласында: «Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» – деп алдағы міндеттерді нақтылап берген еді. Ұлы ақын туралы тарихи мәліметтерге жүгінер болсақ, Абай Құ­нан­баев 1845 жылы қазiргi Шығыс Қазақстан облысының­ Абай ауданындағы Шыңғыс тауында дүниеге кел­ген. Азан шақырып қойған аты – Ибраһим.

Абай ислам дiнiнiң қағидаларын барынша құр­меттейтiн дiни отбасында өсiп, тәрбие алды. Оның әкесi Құнанбай қажы тобықты руының өте ықпалды, орыс тiлiн жақсы бiлген биi болды.­ Орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкiл­дерiмен қарым-қатынас жасап тұрды. Ол шыққан тегi сұлтан әулетiнен болмаса да Қарқаралы­ округiнде алғаш­қы аға сұлтандардың бiрi болып сайланды. Ғұмы­рының аяқ кезiнде Меккеге­ қажылыққа барып қайтты. Меккеде Құнанбай қажы салдырған Тә­бия қонақүйi әлi бар. Қажылықтан қай­тып орал­ған Құнанбай бұл дү­ниелiк iстерден бiржола қол үзедi. Ақынның ба­басы Өскенбай Қа­зақстанның солтүстiк-шығыс айма­ғындағы әдi­леттi де ықпалды қа­зақ билерiнiң бiрi болатын. Оның қалдырған да­нышпандық сөздерi мен ғибратты өсиеттерi аз емес. Биге қазақтың алыс жатқан ру­ла­рының адамдары да шағым айта келiп, жү­гi­не­тiн. Абайдың арғы атасы Ырғызбай да атақты­ би әрi батыр болған.­

Абай әуелi ауыл молдасынан сауат­ ашып, сосын Семейдегі Ахмет Риза медресесiнде үш жыл оқып бiлiм алады. Ол бала жасынан кi­­тап­қа құмар болды, араб-парсы және көне түр­кi әдебиетiнiң үлгi­лерiмен танысты. Абай қа­зақтың дәстүрлi әдет-ғұрып заңы мен ис­лам­ дiнiнiң қағидаларын терең меңгердi. Онымен бiлiм жарысты­рудан молдалардың өздерi қашқақтайтын. Абай халық ауыз әде­бие­тiнiң үлгi­лерiн өте жақсы бiлдi. Мектеп қабыр­ғасын­да оқып жүрген ке­зiнде-ақ өзiнiң алғашқы өлең­дерiн жаза ­бастады.

Әкесi Құнанбай Абайды тобықты руының болашақ билеушiсi ету мақсатымен оқудан ауылға керi қайтарып алады. Мұнда ол ха­лықтың қалың ортасына түседi. Билер, ақындар, сазгер-ән­шiл­ер­мен, сондай-ақ даланың данышпан ойшылдарымен жиi-жиi бiрге болып, араласып тұрады.

Ақынның жастық шағы патша үкiметiнiң Қазақстанның оңтүс­тiгiне қарай әскери күшпен ентелеп ене бастаған кезiмен тұспа-тұс келдi. Ол патша үкiметiнiң округтiк приказдардағы жағдайының бар­­ған сайын нығая түскенiн, ХIХ ғасырдың 60–90-жылдарындағы әкiм­шiлiк реформаларының енгiзiлгенiн өз көзiмен көрдi. Ол аз уақыт болыс болған кезiнде қай iстi болса да әдiл және адал шешуге­ талпынды. Сол үшiн қатардағы қарапайым халықтың терең сый-құр­метiне бөлендi. Бiрақ қоғамның күрделi мәселелерін мұндай қарапайым тәсiлмен шешуге болмайтынына бiрте-бiрте кәмiл көз жеткiзе бастайды. Сондықтан да ол қазақтың бiлiм мен ғылымды игеруін қолдады.

Бола­шақ ақынның дүниеге көзқарасының қалыптасуына оның озық ойлы орыс зиялы қауымының өкiлдерiмен араласуы орасан зор ықпал еттi. Ол кезде өз Отанының тәуелсiздiгi жолындағы ұлт-азаттық қоз­ғалыстарға белсене қатысушылар Қазақстан аумағына жер аудары­лып­ келiп жатты. Олар, атап айтқанда, Украина мен Польша­дағы зия­лы қауымның неғұрлым бiлiмдi өкiлдерi болатын. Жер аударылып­ келгендердiң арасында патша үкiметiнiң саясатына қарсы шық­қан­ орыс зиялы қауымының өкiлдерi де аз емес едi. Олар Абайдың саяси­ көзқарасының қалыптасуына ықпал еттi. Атап айтқанда, Е. Михаэлис, С. Гросс, Н. Кон­шин, Н. Долгополов және басқалары едi.

Олар Абаймен бiрге жиi-жиi қонақта болып жүрдi. Қазақ ақыны солардың арқасында озық ойлы орыс мәдениетiнiң алып өкiлдерi А.С. Пушкиннiң, М.Ю. Лермонтовтың және басқалардың шығарма­ларымен жете танысты.

Президенттіміздің мақаласында айтылғандай: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды».

Абай өзiнiң өлеңдерiн бала кезi­нен жаза бастады. Бiрақ ол ақын ретiнде алғаш рет ХIХ ғ асырдың 80-жылдарының орта кезiнен бастап таныла бастады. Бұл кезде Абай өз атынан «Жаз» («Жаздыкүн шiлде болғанда…») деген өлеңiн жария­лаған болатын. Абай – «Ескендiр», «Масғұд», «Әзiм әңгiмесi» по­э­­малары мен этикалық-философиялық еңбегi «Қара сөздердi» жазды. Ақынның «Қара сөз­дерiнде» ХIХ ғасырдың екiншi жартысындағы қазақ халқының болмысы зерделендi.

Ақынды қатты алаңдатқан жағдайлар қазақтың жаппай кедей­ле­нiп, қайыршылық халге түсе бастауы, патша үкiметi шенеу­нiк­терiнiң шектен шыққан озбырлығы, жергiлiктi болыстардың парақорлығы мен қанағатсыз пайдакүнемдiгi болды. Ол өзiнiң өлең­де­рiнде жақын туыстарына көмек қолын созбайтын сараң байларды өл­тiре сынады.

Абай қазақ қоғамын ерiнбей еңбек етуге шақырды. Өзiнiң кейбiр за­мандастарының бойындағы жаман мiнездердi – жалқау­лықты, еңбексiздiктi, көрсеқызарлықты, алтыбақан ала­уыз­дықты, на­дан­дықты жерiне жеткiзе әшкереледi. Кедейшi­лiктен құ­тылудың бiр тәсiлi – егiншiлiкпен айналысу, қолөнер кәсiбiн және сауда-саттық­ жасауды үйрену екенiн айтты. Ол былай деп жазды:

«Егiннiң ебiн,

Сауданың тегiн

Үйренiп, ойлап, мал iзде»

Оның басқаша ойлауы мүмкiн де емес едi. Қазақ даласында жиi бо­лып тұратын жұт қарапайым халықты ауыр қайғы-қасiретке душар­ ететiн. Ондай кезде жылдар бойы жинаған малдан бiр-ақ күнде айырылып, жұтап қалуға болатын едi. Абай 1880 жылғы алапат ауыр жұтты өз көзiмен көрдi. Сол жылы оның сан мыңдаған жерлестерi қайыршылық халге душар болған едi. Семей облысында кедей жатақтардың саны бұрын-соңды болып көрмеген жоғары көрсеткiшке жеттi. Олар казак станицалары мен орыс шаруаларының деревняла­рына жаппай ағылып, болар-болмас тиын-тебенге жалданды, үй қыз­метшiлерi, қолбала, бақташылар болды. Қайыр сұрап, ел кезiп кеткендер де көп едi. Абай қазақтың мал өсiрумен қоса сауда жасауды, белгiлi бiр кә­сiп түрiмен шұғылдануды үйрену қажеттiгiне баса назар аударды.­ Орта Азия тұрғындарының кәсiп түрлерiне үлкен iлтипатпен қызыға қа­рады. Ол былай деп жазды: «Ендi қарап тұрсам, сарттың екпеген егi­нi жоқ, саудагердiң жүрмеген жерi жоқ, қылмаған шеберлiгi жоқ. Өзi­менен өзi әуре болып, бiрiменен бiрi ешбiр шаһари (яғни қала адамда­ры болып. – авт.) жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлiсi­нiң ахиреттiгiн (кебiнiн. – авт.), тiрiсiнiң киiмiн сол жеткiзiп тұрды».

Абай халыққа жаны ашымайтындарды жек көрдi, байлардың қа­ра­пайым халыққа менсiнбей қарауы оның ашу-ызасын келтiрдi. Қо­ғамды прогресшiл түрде дамыту жолдарын үнемi iздестiрiп отырды. Абай ел басқаруға халық үшiн қызмет ететiн, адал адамдар сайлануы­ тиiс деп есептедi. Ол өз төңiрегiндегi адамдардың, жақындары мен шә­кiрттерiнiң бойындағы өз халқына риясыз берiлгендiктi, оның мүд­делерiн қорғау қасиеттерiн қолдап отырды.

Ұлы ақын жас ұрпақты иман­дылыққа, адамгершiлiкке, ғылым-бiлiм үйренуге шақырды.

«Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба.

Құмарланып шаттанба

Ойнап босқа күлуге…

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңiз,

Тiлеуiң, өмiрiң алдыңда,

Оған қайғы жесеңiз,

Өсек, өтiрiк, мақтаншақ,

Ерiншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның бiлсеңiз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл iс көнсеңiз…», –

деп жастарды бес нәрседен – өсектен, өтiрiктен, мақтан­шақ­тық­тан, ерiншектiктен, бекер мал шашпақтықтан қашық болуға, бес асыл iске – талап етуге, еңбектi сүюге, терең ойлай бiлуге, қанағатшыл болуға, қайырымды рақымшылық жасауға шақырды.

Ұлы ақын өз шығармаларында халықты ғылыммен белсене айналысуға үндедi. Әркiмдi өзiнiң өткен әр күнiне мiндеттi түрде есеп бе­рiп отыруға, келер ұрпақты парасаттылыққа шақырды.

Мақаладағы: «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет» деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқандары да өзекті мәселені қозғаған.

Абай жастардың бойындағы кеселдi кемiстiктердi, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекi надандықты тәрбие және бiлiм беру арқылы жою­ға үндедi. Ақын ол үшiн қазақ балаларын оқытатын мектептердi көп­теп салуды жақтады. Атап айтқанда, ол былай деп айтты: «Бала­ларды … мектепке беру керек, олардың бiразын мамандықтың бiр түрiн, бiразын басқа мамандықтарды игеруге бағыттау керек. Мек­тептердi көбейту қажет, оларда тiптi қыздар да оқи­тын болсын».

Абайдың пiкiрiнше, адам болу үшiн оның бойынан үш түрлi фак­тор табылуы тиiс. Бiрiншiден, баланың шыққан тегi жақсы болуы ке­рек,­ екiншiден, оның әлеуметтiк жағдайы немесе қоршаған ортасы­ жағымды болуы шарт, үшiншiден, балаға адамгершiлiк тұрғысында тәр­бие берiлуi қажет.

Абай парақор билеушiлердi, ашкөз судьяларды, надан молдалар­ды әшкерелеп отырды. Халықтың игiлiгiне жету жолындағы бұл қыр­сықты ғылым мен бiлiм арқылы ғана жоюға болады деп есептедi. Ол жастарға үздiксiз еңбек етiп, бiлiм алуды мiндет етiп қойды. Бiлiм алуға жұмылған еңбек әрқашанда жемiстi және iзгiлiктi болатынын­ қадап айтты. Қараңғылықтан шығар, елдi өркениетке жеткiзер жал­ғыз жол – оқу-бiлiм екенiн көзi қарақты жастарға түсiндiрдi.

Абай орыс тiлiн тамаша меңгердi. Мұның өзi оның орыс ақыны М. Лер­монтовтың бiр­­қатар өлеңiн қазақ тiлiне аударуына мүмкiндiк бердi. Атап айтқан­да, Абай М. Ю. Лермонтовтың «Шайтан» («Демон»), «Дұға» («Молит­ва»), «Қанжар», «Жолға шықтым бiр жым-жырт түнде жал­ғыз», «Жа­лау» («Жалғыз жалау жалтылдап»), «Теректiң сыйы» («Асау терек долданып, буырқанып») сияқты өлеңдерiн аударды. Абай А. С. Пуш­киннiң «Евгений Онегин» дастанының үзiндiлерiн қа­зақы ұғымда жатық етiп еркiн аударды. Абайдың Татьяна ха­тының­ сөзiне шығар­ған «Татьянаның қырдағы әнi» қалың елдiң сү­йiк­­тi әнiне айналды.

Абай И. А. Крыловтың мысалдарын қазақ тiлiне аударумен де айна­лысты. Қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысының көрнектi же­текшiсi Ә. Бөкейхан өзiнiң қазақ даласындағы әртүрлi уездерде­ болған кезiнде ондағы ақындардың Пушкин мен Лермонтовтың Абай аударған өлеңдерiн жақсы бiлетiнiне, оларды домбырада әнге қосып айтатынына көз жеткiзiп қайтқанын жазады.

Орыс тiлiнен Абай аударған шығармалар қазақ әдебиетiн байыта­ түстi. Абай орыстың ұлы ақындарының 50-ден астам өлеңiн қазақ тi­лiне аударды.

Абай өз өлең­дерi мен қара сөзбен жазылған ғибраттарында қазақ қоғамы өмiрiнiң барлық жақтарын ашып көрсеттi. Одан ақыл-кеңес сұраған дала ­тұр­ғындары ағы­лып келiп жатты. Атап айтқанда, оған Баянауыл ­өлке­сiн­дегi белгiлi ше­жiрешi әрi ақын Мәш­һүр Жү­сiп Кө­пей­­ұлы келiп тұрды. Абай­мен Семейге ­сая­си жер аударылып келгендер де санасатын. Мiне, мұның бәрi патша үкi­метi шенеунiктерi мен олардың жер­гi­­лiк­тi кейбiр итаршыларының тарапынан қызғаныш пен көреалмаушылық, тiп­тi саяси күдiк туғызды. Ақынның үс­тi­нен өсек айту мен жала жабу әрекет­те­рiн күшейттi. Патша үкi­ме­тiнiң әкiм­шi­­лiгi Абайдың соңына шам алып түсiп, аңду орнатты. Тiптi 1903 жылы Семей по­лицмейстерi ақынның және оның балаларының үйiне тiнту жүргiздi.

Жақын туыстары мен балаларының бiрi­нен соң бiрiнiң қазаға ұшырауы, оның үстiне iзiне түсiп қудалауға душар болуы ақынның денсаулығына әсер еттi. Абай өзiнiң ең жақсы көретiн iнiсi Оспаннан айырылды. 1895 жылы үлкен ұлы Әбдiрахман қайтыс болды. 1904 жылғы көктемде оның тағы бiр ұлы Мағауия дүниеден өттi. Бұл қайғылы оқиғалар Абайға аса ауыр тидi. Мағауияның өлi­мi­нен кейiн 40 күн өткенде Абайдың өзi де қайтыс болды. Ақын өзiнiң талантты шәкiрттерiн тәрбиелеп өсiрдi. Абайдың iз­басар шәкiрттерi Шәкәрiм, Көкбай, Ақылбай, Кәкiтай және Ма­ға­уия болды.

Абай көзi тiрiсiнде өзiнiң өлеңдерiн жинаған емес. Олардың әр­қай­сысын бiр жапырақ қағазға жазып, жастарға таратып бере берген.­ Олар Абайдың өлеңдерiн жаттап алып отырған. Сөйтiп Абай өлең­де­рi қазақ даласында ауыздан-ауызға таралып кете барды. Оның өлең­дерi қолдан-қолға көшiрiп алынды. Ондай қолжазба көшiрмеге ие болу әрбiр сауатты қазақ үшiн зор ғанибет болатын. Кейiнiрек Абай­дың туындыларын оның ұлы Турағұл жинастыра бастады. Абай өлеңдерiнiң ең алғашқы жинағы 1909 жылы ақын
Кәкiтайдың арқа­сында Қазан қаласында басылып шықты. Абай Құнанбаевтың өлең­дерiн жинауға және бастырып шығаруға көп күш-жiгер жұмсап, игi ықпал еткен ақын Көкбай Жаңатайұлы болды. Ол өлеңдер белгiлi қоғам қайраткерi, Алаш ардагерi Әлихан Бөкейханның редак­циясымен басылып шықты.

Абай отандық тарихымыз бен әде­биетiмiзде аса көрнектi орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әде­­бие­тiнiң негiзiн қалады. Абай есi­мi дүние жүзi халықтары әдебиетiнде Шекспир, Пушкин, Гете­­лер­­­мен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бiр халықтың ғана емес, бүкiл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есiмi көптеген елдiмекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетiне, Ал­маты қаласындағы Мем­лекеттiк академиялық опера және балет театрына берiлген. Ұлы ақынның құр­ме­тiне Қазақстан мен Ресейде және басқа елдерде ескерткiштер орнатылған. Қазақстанның­ жоғары оқу орындарында Абай шығар­ма­шылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференция­лар жыл сай­ын өткiзiлiп тұрады. Ұлы ақынның 150 жыл­дық мерейтойы 1995 жы­лы дүниежүзiлiк ЮНЕСКО көлемiнде аталып өттi.

Президент мақаласында бұл мәселенің маңыздылығы нақты айтылған: «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы. Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын. Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауға тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз. Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады». Сонымен, Президен тарапынан Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толауына байланысты өткізілетін іс-шаралардың ауқымы анықталды, ендігі міндет бүкіл қауым болып оның орындалуына белсене араласып, ұлықталуына үлес қосу болмақ.

Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлы

ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих институты директоры, 

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button