Жаңалық

Open Qazaqstan. Қорықтар: Ақсу-Жабағылы

Open Qazaqstan айдарына қош келдіңіз, оқырман! Алдағы уақытта шығатын сандардан еліміздегі қорықтар туралы біле аласыздар. Барлығы 10 қорық. Бүгінгі мақаламыздың тақырыбы – Ақсу-Жабағылы қорығы.

«Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдымоны да түсімде көрмедім… Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін».

Шерхан Мұртаза

Ақсу-Жабағылы мемлекетік табиғи қорығы – Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы ең алғаш ашылған қорық. Құрылған уақыты – 1926 жыл. Ақсу-Жабағылы Жамбыл мен Түркістан облыстары аралығын қамтиды. Ерекшелігі – мұнда адам қолы бірде-бір рет тимеген жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесі өте көп және қорықтың табиғаты да ерекше сипатқа ие. Қорық биік белдеуді алып жатқандықтан таулы жерінде бидайық, әртүрлі шөптер, боз жусан, селдір арша орманы, субальпі және альпі шалғыны өседі. Одан әрмен қарай тауды көпжылдық мұздықтар басып, қар жапқан. Еліміздегі көрікті жерлердің санатындағы қорықта алуан түрлі тіршілік иелері мекен етеді: сүтқоректілердің 42, құстардың 238, бауырымен жорғалаушылардың 9, қосмекенділердің 2, балықтың 2 түрі және омыртқасыз жәндіктер. Ақсу-Жабағылының өзге қорықтардан өзгешелігі – емдік шипасы мол өсімдіктерге бай болуында. Республика аумағындағы дәрілік маңызы бар өсімдіктердің саны үш мыңдай болса, соның 200-ге жуығын осы қорықтан кездестіруге болады. Жалпы табиғатты қорғау орнында өсімдіктер әлемінің 1700-ден астам түрі өседі.

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында қорықтың екі филиалы бар: «Қарабастау» және «Әулие» палеоонтологиялық учаскесі. Оларда осыдан 150 миллион жыл бұрын мекендеген жан-жануарлар мен өсімдіктердің қалдықтары сақтаулы.

Табиғи ландшафт ортасы табиғатымен адам баласын оңай баурап алады. Қорыққа жақын жерде «Ақсу-Жабағылы» демалыс базасы орналасқан. Таңғажайып тынығу орны сыңғырлаған мөлдір суымен, тап-таза ауасымен қалың жұртшылықты өзіне баурай береді. Демалыс базасына тіпті шетелден келген туристер де таңдай қағып, оң пікірлер айтқан. Әлбетте, келушіге барлық жағдай жасалса, кімді болмасын қызықтырары сөзсіз. Тұрмыстық техника мен коммуникация толық жабдықталған. Көптеген спорт түрлері бойынша қорық ішінде серуендеу мүмкіндігіне ие болып, ең арғы жағы СПА-процедуралары үшін таудағы, өзен жанындағы орыс орман моншасына барып, түсе аласыз.

Қорықта қанша адам қызмет етеді? Туристер қаншалықты жиі келеді?

Қазіргі күнде 70-ке жақын адам жұмыс істейді. Мәліметтерге сүйенсек, бір жылдың ішінде 700, кейде 900-ге тарта серуендеушілер келіп, тынығады. Одан бөлек шетелдік 600-ге жуық адам бар. Оларға бірнеше көлдерде кезек-кезегімен саяхаттар ұйымдастырылады.

Қорыққа қалай жетуге болады?

Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының орталығы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Жабағылы кентінде орналасқан. Еліміздің көптеген аймағынан Түлкібасқа дейін пойыздар жүріп (18 шақырым), автобустар қатынайды.

Бүгінгі таңда Ақсу-Жабағылы қорығы ЮНЕСКО жасаған дүниежүзілік қорықтар қатарына енген.

Сіздерге қорық туралы аз-кем мәлімет бере алдық деп сенеміз. Ақсу-Жабағылы қорығына аяқ бұрғыңыз келіп, алайда қосымша ақпарат көзіне жете алмай қойсаңыз, еш алаңдамаңыз. Себебі желіде қорықтың www.aksu-jabagly.kz деп аталатын арнайы сайты бар. 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button