Жаңалық

Абай мұрасы және социолизм салқыны

Абай мұрасының 1920-30 жылдары зерттелуі. Ақын мұрасын бағалаудағы тұрпайы социологизм салқыны. Маркстік-лениндік ілімдегі қате теориялар табиғаты.

Абайтану ілімінің қалыптасу жолдарындағы аса күрделі кезеңдердің бірі ХХ ғасырдың 20-30 жылдары болып табылады. Бұл кезеңде қазақ халқының әдеби және классикалық мұрасын игеру мен зерттеуде маркстік-лениндік ілім басшылыққа алынып, «пролеткульт», «тұрпайы социологизм» сынды қате теориялардың кереғар ықпалынан сан ғасырлық сөз өнерін, соның ішінде Абай шығармашылығын бағалауда әсіре саясатшыл көзқарастар орын алды. Ақын мұрасын бағалаудағы нигилистік біржақты көзқараста орын алған танымдағы қателіктерді ғылыми негізді түзетуде М. Әуезұлы әдеби-тарихи маңызы зор ерен еңбек атқарды.

«1918 жылдан бастап Абай мұрасын бағалау, жинау, бастыру ісімен араласқан М.Әуезов әдебиеттану ғылымының бұл саласындағы көзқарасты, ғылыми ой-пікірді орнықтырған, оның негізін салып жетілдірген бірден бір ғалым-жазушы болды» 

(С. Қирабаев).

Атап айтқанда «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» (Шолпан.1922.No4-5), «Абай ақындығының айналасы» (Әдебиет майданы.1934.No11-12) зерттеу мақалалары абайтану ілімінің маңызды да күрделі ғылыми мәселелерін әдебиеттану ғылымында өткір қойуымен дараланады. «Абай – қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы. Терең сырлы, кең мағыналы, кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне үлгі, өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан. Әдебиетке, өлең-жырға бұрыннан орнаған теріс пікір, теріс ұғымның бәрін жоғалтып, жұрттың бәрін тәрбиелеген. Бұдан соңғы бір үлкен қызметі – қардағы қалың қазаққа Европа мәдениетінің есігін ашқаны», – деп ұлы ақын шығармашылығының ұлт руханиятындағы биік тұғырын эстетикалық тұрғыдан бағалады. Дәстүр жалғастығы мен дәстүр ұласуындағы көркемдік және тақырыптық-идеялық арнадағы түрленулер табиғатына да терең бойлап «Абайдың өлең ішіндегі мағынасы мен беттеген бағыты жағынан қарағанда, көшпелі дәуірдің өлеңдерінен айрылатын жері – мұнда сүлдері құрыған зар бар да, әлі құрыған уайым жоқ, оның орнында қазақ өмірінің кем-кетігін түсінген көзі ашықтық бар, дәлдеп ауруын тауып, емін айтқан ширақтық бар» деген ғылыми құнды пікір түйеді. Абай ақындығының жаңашылдық қырына тән ілкі қасиеттерге қатысты мынадай тұжырым жасайды: «Бұрынғыдай әр нәрсені ем көрген далбасалық орнына Абай қазақтың жасына білім жарығына ұмтыл дейді, малыңды дұрыстап бақ дейді, атқа мінген жақсыларына елді іріткіге салмай, адал еңбек қыл, қарызыңды атқар дейді». Ақын шығармашылығындағы көркемдік әдіс, лиризм табиғатына да қатысты әдеби-теориялық келелі пікірлер білдіреді. «Бұрынғы зардың сарқыты емес, өз жүрегіндегі сырын айтқан сыршылдықтың сарыны… Ол – ашық тілек, айқын ұғымның, «здоровый реализмнің» сарыны». Ал, «Абай ақындығының айналасы» зерттеуінде ұлттық әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет Абайдың ақындық айналасы, ақындық мектебі, ақын шәкірттері туралы ғылыми мәселе көтеріп, оны Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім шығармашылығы негізінде дәлелдеп берді. Ол Абай дәстүрінің қазақ сөз өнерінде жаңа өріс алуын дәстүр жалғастығы, әдеби мектеп тұрғысынан зерттеудің тың да соны ғылыми бағытына да айқындады.

Халық мұрасын игеру, жариялау мен зерттеудегі идеологиялық қысым дендей түскен тұстары да Абай шығармаларын жарыққа шығару, зерттеу ісі жаңа ғылыми белеске көтерілді. Атап айтқанда, ақын өлеңдерінің жинағы Қазан (1922), Ташкент қалаларында (1922) жарық көрді. Бұл жинақтарда, 1909 жылғы жинақтарды қайталағанымен де, алғашқы басылымда кеткен қателерді түзетуге күш салынды. Б. Күлейұлының «Сөз басымен» жарық көрген Қазан басылымына А. Байтұрсынұлы, М. Әуезұлы, Ташкен басылымына Х. Досмұхамедұлы, Е. Омарұлы атсалысты. «Кітаптарға рецензия күйінде, ақын еңбектерін насихаттауға, талдауға, жұртқа танытуға арналған мақалалар туа бастады. Сол тұста қазақ жерінде көптеп шыға бастаған газет-журналдарда Абай туралы еңбектерге мол орын берілді» (С.Қирабаев). Соның ішінде І. Жансүгіровтің «Абай кітабы», Ғ. Сағдидің «Абай», Б. Кенжебаевың «Абай» мақалаларын айтамыз.

«Абайдың әдебиеттегі орнын анықтап, шығармашылық мұрасының танымдық, тағылымдық, көркемдік мәнін бағалау мәселесі өткен кезеңдердегі, әсіресе, 20-30 жылдардағы идеологиялық талас-тартыстармен байланысты болғанын байқау қиын емес. Әдебиетке таптық көзқарас тұрғысынан қарау бел алған кезде әдебиет тарихын тұрпайы социологизмнің тар шеңберінде алып, біржақты түсіндірушілікке жол берілді. Осыған орай 20-30 жылдар аралығында Абай жоғары таптың ақыны, байшыл ақын деген секілді сыңаржақ-солақай пікірлер аз айтылған жоқ. Мұның өзі орыстың классикалық әдебиетінің ең ірі өкілдері А.С. Пушкин, Л.Н. Толстой сияқты ақын-жазушыларды орыс қоғамындағы жаңашыл байлардың – либерал буржуазияның жыршысы болған деген пікірлерге жалғас, сондай пікірлердің орайымен айтылған еді. Абайды да жаңалыққа, өнерге ұмтылған жаңашыл байлардың тілегінен туған ақын деп бағалау сол кезде бел алған таптық қағиданың әсері болатын»

(З. Ахметов).

Бұған С. Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып қалмаңдар, шешендер», «Әркім өзінше ойлайды», І.Қабыловтың «Абай және оның философиясы», «Философия казахского поэта Абая и ее критика» мақалалары дәлел болып табылады. Оларда тұрпайы социологизм салқынын соқтырып қана қоймай Абай мұрасына деген нигилистік көзқарасты дендете түскендей де болды. Сондықтан да Абай мұрасын, шығармашылығын обьективті және ғылыми негізді бағалау мәселесінде үлкен міндеттер де туындады. Мәселен, Ы. Мұстанбаев «Абай (Өмірі мен творчествосы)», «Біздің таластарымыз» мақалаларымен І. Қабылов мақаласында қате танымдағы біржақты байламдарды терістеп, Абай мұрасын бағалаудағы солақайлыққа батыл тойтарыс берді. Өз кезегінде абайтанушы ғалымдар ұлы ақын мұрасын, шығармашылығын идеологиялық, әсіре таптық көзқарас салқынынан қорғай жүріп, сөз зергерінің туындыларын жариялау, насихаттау мақсатында ерен еңбектер атқарды. Бұл ретте 1933 жылы М. Әуезұлы ыждахатымен Абайдың толық жинағы Қызылорда қаласында жарық көрді. Тұңғыш толық жинақта М. Әуезұлының «Абайдың туысы мен өмірі» атты құнды ақын өмірбаянына арналған тұңғыш ғылыми мақаласы берілді. Мақалада ақынның шыққан ортасы, тегі, айналасы, өміріне қатысты құнды деректер қамтылды. Әсіресе, Құнанбай сынды тарихи тұлғаның күрделі болмыс-бітімін ашудағы ғылыми байламдары бүгінгі абайтануда тереңдетіле зерттеліп жүргенін баса көрсетеміз. Аталған жинақта сонымен қатар І. Жансүгірұлының Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы мақаласы да берілді.

Абай шығармаларының тұңғыш толық жинағының жарық көруі ақын есімін халыққа кеңінен танытуда, сөз зергерінің мұрасына қатысты қайшылықты пікірлерді дұрыс пайымдауға ой салды. Ғылыми танымды дұрыс арнаға бұруда шешуші сипат атқарды. Әсіресе, ақынның өмірден өтуінің отыз жылдығының атап өтілуі абайтанудағы маңызды ғылыми мәселелерді байыпты шешуге мүмкіндк берді. Ақын шығармашылығының халықтық сипатын айқындау, әдебиет тарихындағы биік тұғырын сомдау мақсатын ұстанған ғылыми мақалаларда Абай және классикалық әдебиет, поэтика, ақындық айналасы сынды өзекті де маңызды мәселелер жан-жақты қарастырылды. «Әдебиет майданы» журналаның тұтас саны Абай шығармашылығына арналды (1934.No11-12). Онда Қ. Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі», Е. Ысмайылов, З. Шашкиннің «Абайдың поэтикасы», М. Әуезұлының «Абай ақындығының айналасы», Ш. Әлжановтың «Абайдың педагогикалық көзқарасы», Ә. Мәметованың «Абай кезеңінің дана ақыны» сынды мақалалары жарияланды. Қ. Жұбанов Абай және классикалық әдебиет мәселесін кешенді зерделеп, ақынның бір ғана қазақ әдебиеті емес, тұтас Шығыс, Орта Азия халықтары әдебиетіне жасаған реформаторлық қырларын «Қазақ әдебиетінің тарихындағы Абайдың ұстайтын орнын босағаға қарай ысырушылар, оған місе тұтпай табалдырықтан шығырап тастаушылар, менің байқауымша, даусыз бір моментті ескермей жүр. Ол – өз тұсында, жалғыз қазақтан ғана емес, басқа көршілес елдерден де Абайдың әдебиеттегі үздіктігі» деп бағалады.

«Осы бір кезді Абай туралы үлкен сөз айтылу дәуірінің басы десе де болады. Осыдан кейінгі жылдарда Абай творчествосы әдеби зерттеулердің объектісі есебінде үздіксіз күн тәртібінде тұрды»

(С. Қирабаев).

Бұл ретте Б. Кенжебаевтың «Абай туралы пікірлер», М. Әуезұлының «Абайдың мәдени ізденулері», С. Мұқановтың «Абай – халық ақыны» мақалалары үлкен маңызға ие. А.С. Пушкиннің қайтыс болуының 100 жылдығына орай жазылған ғылыми мақалаларда Абай аудармалары, тәржіма шеберлігі басты арнаны құрады. Ең бастысы, Абай шығармашылығы қазақ мектептерінің оқу бағдарламаларына еніп, оқулықтардан тұрақты орын алды. Осынау игілікті қадам өз үрдісін сол кезеңде алған болатын.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button