Жаңалық

Ағылшын жазуындағы ықшамдау үдерісі жөнінде

«What is Language Reform?» «Тіл реформасы деген не?» деген сұрақтан бастасақ, бұл тілге елеулі өзгеріс алып келетін тіл саясатына қарай жүргізілетін шара.

Тіл реформасының негізгі мақсаты simplification және purification, демек, жеңілдету және тілді табиғатына жат нәрселерден тазалау деген ұғымдардан құралады екен [1] Осы мақсаттан туындаған ағылшын тілінің әбден уақыты жеткен орфографиясын жеңілдетіп, үйренушіге түсінікті ету жолында жазу реформасын (әрі қарай ЖР) жасауға ғасырлар бойы Cut Spelling, Deseret Alphabet, Shavian Alphabet, SoundSpel, Spelling Reform Step 1 – (SR1), Benjamin Franklin’s Phonetic Alphabet, Parallel English, Initial Teaching Alphabet, Romic Alphabet, Interspel, SaypU (Spell As You Pronounce Universally), Unifon, SSS (Simplified Spelling Society) [2] тәрізді көптеген ұйымдар, компаниялар, қоғамдармен қоса жеке тұлғалар да ат салысып келеді.

20 томдық Халықаралық Энциклопедия бұл мәселенің қысқа желісін былайша береді: «Орта ғасырлардан бүгінгі күнге дейін ағылшын тілінің жазуын дыбысқа-әріп принципіне негізделген жүйемен реттеп, жеңілдетуге талпыныстар жасалып келеді. 1200 жылдары өмір сүрген Ом (Orm) деген діндар кісі жазуға реформа жасауға талпынған алғашқы адам ретінде жазбаша деректер сақталған. Омның тәсілі бойынша алдыңғы дауыстының қысқалығын көрсету үшін дауыссыз қосарланып жазылған. Сөйтіп, ол өзінің атын “Orrm” деп жазған [3]. ХVІғ. Томас Смит (Sir Thomas Smith) пен Уиллиьям Булокар (William Bullokar) өз нұсқаларын ұсынды. Алғаш 1755ж. шыққан Самуэл Джонсонның (Samuel Johnson) сөздігі стандарттауды жетілдірді, дегенмен көп өзгеріс әкелмеді. Бенджамин Франклин (Benjamin Franklin) 1768ж. фонетикалық жазуды бастаған памфлет жазды. Ной Уэбстер (Noah Webster 1828ж. өзінің осы күнге дейін қолданыста келе жатқан American Dictionary of the English Language сөздігін жазды. Бұл ағылшын жазуынан американ жазуының айырмашылығын жасаған бірден-бір сөздік болды. Элис пен Питмән (A. J. Ellis, Isaac Pitman) ХІХғ. екінші жартысында ЖР‑сын жүргізді. Одан кейінгі ЖР‑сын қолдаушылардың ішінде Andrew Carnegie, Rob­ert Bridges, Theodore Roosevelt, and George Bernard Shaw сияқты белгілі есімдер бар, бірақ олардың ешбірінің нәтижесі алысқа бармады. 1962ж. бірқатар ағылшын ағартушылары балаларды оқытатын «Augmented Roman» («Кеңейтілген роман») деп аталатын дыбысқа-әріп фонетикалық әліпбиін жасады. Әліпби ЖР‑сын әкелуді мақсат тұтпады, дегенмен бір дыбысты бірнеше әріптіркестерімен беру қиындығын (мыс, owe, hoe, though, show, sew, coal, yolk, yeo-man) жеңілдетті. Бірақ ағылшындар да, американдықтар да, қандай қиын болса да, өздерінің бойы үйренген иррационалды жазуымен қала беруді қалады. Көптеген реформа жасауға талпынушылар тілдің фонемалық жолмен берілуін жетілдіруді мақсат етіп қойса, енді біреулері әліпбиге түбегейлі өзгеріс жасап, таза фонетикалық жазу жасауға әрекет жасады. Дегенмен, бұл жалпы халықты көтеріп әкететін емес, аздаған топтар арасында әуесқойлар мен маманданған лингвистер ортасында ғасырлар бойына тарихы ұзақ, жемісі аз, белгілі бір бітімі (келісімі) жоқ қозғалыс күйінде қалып отыр [4, p. 501].

Реформашыларға тосқауыл болатын себептердің бастысы – жазба тілі сөйлеу тілінің таза фонетикалық аналогы емес екендігі. Ағылшын тілі герман тілдері формалары мен латын, тағы басқа тілдердің терминдерінің аралас жиынтығынан тұратын болғандықтан, сөздердің жазылуы олардың шығу тегін және түпкі мағынасын меңзеп тұрады. Мәселен, латын, грек негізді сөздердің мағыналарын сөз түбірінен оңай табуға болады. Тіпті сөздің айтылуы бастапқы түпнұсқасынан ауытқып кеткен күнде де оның жазбаша формасы бастапқы фонеманың таспасы іспетті. Мәселен, record, recorder туынды сөздері түпкі мағыналарын сақтап тұрса, rekkerd, reekorder болып өзгертілген уақытта сөздер өзара туыстық байланысын жоғалтқан болар еді.

Ағылшын тілінің орфографиясын жеңілдетуге бағытталған XVI–XVIIғғ. жасалған қарекеттің барлығы мардымсыз ғана өзгерістер әкелумен шектелді. XVIIIғ. қарай ағылшын орфографиясы тұрақтана бастады және бүгінгі күнге дейін сол қалпын сақтап келеді [5, c. 189]. Американ ағылшыны аса мардымды болмаса да, біршама ықшамдау амалдарына жоғарыда аталған Ной Уэбстер (Noah Webster) сөздігінің жарыққа шығуымен қол жеткізді. Нәтижесінде британ ағылшынымен салыстыра қарағанда американ ағылшынында орфографиясы қиын сөздердің бірқатарының жазылуы басы артық таңбалардан тазартылып, ықшамдалғанын және оқу ережелеріне жақындатылғанын байқауға болады:

Британ ағылшыны – Американ ағылшыны

Дегенмен, бұл өзгеріс американ ағылшын тілінің өз ішкі қолданысын аз-кем жеңілдеткенімен, тілдің ғаламдық экспанциясы тұрғысынан ағылшын тілін үйренушілер үшін мәселені одан әрмен ушықтыра түсті. «Сөз ағылшын тілінің қай стандарты бойынша жазылып, оқылып тұр?» деген сұрақ онсыз да жеңіл емес орфографиялық және орфоэпиялық нормаларға және қосымша салмақ қосты.

Ағылшын тілінің жазу-сызудағы ауыртпалығы мұнымен де біте қоймайды. Мына ғаламтор көзіне зер салайық «https://en.wikipedia.org/wiki/List_of_U.S._cities_with_diacritics», бұл АҚШ-тың диакритикалық таңбалармен жазылатын ресми қалаларының аттары:

Cañon City, Doña Ana, Doña Ana County, Española, La Cañada Flintridge, Peñasco, San José, Piñon Hills, Lindström, Hagåtña, Cataño, Añasco, Mayagüez, Bayamón, Castañer, Río Piedras, Cañabón

Мұны кім оқи алады? Оқу үшін арнайы ізденіс, дайындық керек. Ағылшын тілінде оқылмайтын жазуды ‘Alphabet Soup’ (калькалап аударғанда «Әліпби сорпа») деп атайды. Неге ағылшынның жазу жүйесінде өз әліпбиінде жоқ таңбалар көп? Мұның орын алу себебі біріншіден, 26 әріптің 44 дыбысты таңбалауға шамасының жетпеуі болса, екіншіден, адам құқығы мәселесі, мәселен, аты-жөні осындай үстеме таңбалармен жазылатын американ азаматы ерлік жасаса, оның атын бір қалаға берсе, оны 26 әріппен ғана жазып қоя алмайды. Себебі, АҚШ конституциясында ағылшын тілі ресми тіл болып танылмаған. Үшіншіден, ағылшын тілі бірден-бір ғаламдық Лингва франка (итал. lingua franca) яғни халықаралық қатынас құралы болып табылатын болғандықтан, өзге мәдениеттер өзін таныстыру мақсатында өз реалия (ұлтына тән) атауларын аудармаларда, ағылшын тілді мәтіндерде латын қарпінде диакритикалық таңбалармен жазып, олар да «әліпби сорпаны даярлауға» белсене атсалысумен келеді.

Ағылшын тілінің орфографиялық жүйесінде диакритикалық таңбаларсыз-ақ, кісі шегіне жетіп болмайтын ережелер бар. Ұлыбританияның ‘The Guardian’ газеті (2001ж.) /ʃ/ фонемасының 13 түрлі таңбалануын ағылшын жазуының күштілігі емес, әлсіздігі деп көрсетеді: «The 13 spellings for a sound like sh – shoe, sugar, issue, mansion, mission, nation, suspicion, ocean, conscious, chaperon, schist, fuchsia and pshaw – are a source of weakness, not strength» [5]. Бір дыбысты осылай оннан астам, тіпті жиырмаға жуық жолмен таңбалау қисынсыздығы орын алған. Бұл балалардың сауатсыздығының бірден-бір себебі болып табылып, өз ғалымдары тарапынан ‘A National Tragedy’ («Ұлт басындағы ауыртпалық») деп аталып отыр. Оған бірден-бір себеп сол 26 әріптен екенін, оны қалай тартса да ешнәрсеге жетпейтіндігін өздері мойындап қана қоймайды, ол тығырықтан шығатын жолды іздеп, таба алмай келеді.

Ал француз, немістер де ағылшынның 26 әрпімен ғана шектеліп отыр ма? Жоқ, әрине, олай емес, қорғаныс тұрғысынан «ауызбірлік» үшін 26 әріпті алдымен тізіп қояды да, соңынан диакритикалық үстемелермен жүретін таңбаларын береді. Жазу мәселесінде осы ағылшынның тәжірибесін үлгі деп ойлап, ешнәрсенің тереңіне бармай, қазақ әліпбиін де сол 26 әріпке сыйғызып, пернетақтаны да сол қалпында қалдырып, керемет жазу жасаймыз деп жүрген замандастарымыз осындай ұзақ уақыттардан бері жасалып келе жатқан зерттеу жұмыстарымызбен алдымен оқып танысса, өздерін де, өзгені де беталды, бос әурешілікке салмаған болар еді.

Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда техника дамыған сайын, жалпы адамзат баласының білімі артқан сайын жазу атаулының ықшамдала түсу үдерісі байқалған. Натали Канавордың ‘Business Writing in the Digital Age’ деп аталатын еңбегінде ағылшын сөйлемдерінің ұзақтығы жөнінде тарих беттерінен орта есеппен алғанда төмендегіше көрсеткіш берілген [7, pp. 69-70].

тарих кезеңі сөз саны
Елизаветаға дейінгі уақыттарда 50
Елизавета тұсында 45
Виктория тұсында 29
20-ғасырдың бас кезінде 23
Бүгінгі күні 14-18

Тілдің осы тарихи динамикасы тұрғысынан сөйлем қысқа болуымен қатар, сөз де мейлінше қысқарған нұсқаларына көшіп барады. Бұл жөнінде де ізденген кісіге зерттеулер легі молынан кезігетінін көріп отырмыз.

Осы тұста «И» мен «У»-ға байланысты қазақ жазуын таза фонетикалық принципке негіздеп «сұумен жұуұу» деп жазбау «құрұу» деп байбалам салушы ғалымдар тобына өз пікірімізді бере кетсек, біздің ойымызша, ондай проблема атымен жоқ. Ғаламнан мысалдар алайық, жапон автокөлігі Subaru, орыс тіліндегі Сухомлинскиий, Жуков, француз тіліндегі souris ([суғи] болып оқылатын, мағынасы «тышқан») деген сөздерді қараңыз, осыларды жазғанда қазақ тіліндегі «ұ» деген дыбыс керек еді деп, мәселе көтеріп жатыр ма сол елдердің ғалымдары? Бұл сөздердің құрамында кездесіп тұрған «су», «жу» қазақ тіліндегі «су», «жу»-мен бірдей дыбысталады. «Маған Subaru автокөлігі керек» деген сөйлемдегі Subaru мен гүл отырғызып жатқанда айтатын «мына ыдыстың түбіне су бару керек» деген сөзіміздегі «су бару» бірдей дыбысталса, латын қарпінде жазылғанда да бұл сөздер бірдей жазылу керек деп ойлаймыз.

Bb [ƅɪ:], Сc [sɪ:], Tt [tɪ:], т.б. ағылшын әріптері аттарының дыбысталуына мұқият зер сала қарайық. Біздің тілімізде оларға ұқсас айтылатын би, ти, сирек, т.б. сөздер бар, бірақ біздің осы сөздердің графикасында бій, тій, сійрек деп жазып, орфографияға шығарып қойғымыз келіп жүрген дыбыстарымыз олардың тіпті фонетикалық жазбасының құрамында да көрсетілмеген. Демек, олардың құлақтарына аралық і естілмейді, біз не үшін естілетін, естілмейтіні белгісіз дыбысты «майшаммен» іздеп, одан үлкен проблема тудыруымыз керек? Естілген күнде де, егер бірнеше дыбыс бірігіп бір әріпке сыйып кетіп тұрса, грамматология саласында ол жазудың жетістігі саналады. Орфоэпияның нормалары орфографияның нормаларына кірікпеу керек.

Бір қызығы, ағылшын тілі – басқа тілдермен салыстыра қарағанда бейресми қолданыста ықшам жазудың ерекше үлгісімен ерекшеленетін тіл мәселен, & 4 U = and for you. Жарнама тілінде де сөздердің жазылуы мейлінше жеңілдетілген, қысқа, ойнақы түрде көрініс табады, мәселен, EURO News спутникті телеарнасы жарнамасындағы B2B ешқандай қиындықсыз Be to Be болып оқыла береді. Қазақ графикасында мұндай шартты таңбалар мен қысқартулар кездеспейді. Бірақ кейінгі кезде бұл құбылыс маңдайша атауларында белең бере бастады, мысалы, Алматы облысының Қарасай ауданында мынадай эргонимдер қатары тіркеліп отыр:

Көркем & ғйша

дәріхана А*А*А Аптека    (Шамалған ст.)

Шаштараз FA_KA              (Шамалған ст.)

шағын A & Г маркет         Ұлан/Жамбыл ауылы

Бұл құбылыс тек аталған өңірде ғана емес, қазіргі уақытта Қазақстанның көп жерлерінен кезігіп қалады. Бұл қазақстандық ономастикалық кеңістік үшін, жалпы қазақ тілінің әдеби нормалары тұрғысынан да оғаш көрінгенмен, мұның астарында қысқа да нұсқа таңбалармен көбірек ақпарат беруге ұмтылу идеясы жатыр.

«И» мен «У»-ды тарқатып, орфоэпия заңдылықтарымен жазсақ та, тіл шұбалаңқы күйге көшеді, әліпбиді ағылшынның 26 әрпімен шектесек те, тіл шұбалаңқы күйге көшеді. Соңғы 4 ғасырда адам баласының жалпы сауаттылығы артқан сайын ұзақ cөйлемдерді оқу, түсіну қабілетінің кемігені анықталған [8]. Бүкіл әлем ұзақ әңгімеден қысқа әңгімеге көшкенде, қысқа сөздердің өзін қысқартуға көшкенде, біз қалай кері қарай, қысқадан ұзаққа қарай жүреміз? Бұл прогрестен гөрі регреске қарай беталу іспетті, біздің мақсатымызға сай емес. Біздің мақсатымыз – уақытқа бейімделіп, ілгері жылжу.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     https://en.wikipedia.org/wiki/Language_reform

2.     https://en.wikipedia.org/wiki/List_of_reforms_of_the_English_language

3.    Encyclopedia International Copyright. – Lexicon Publications, INC. Editor in chief: Edward Humphrey, Ph.D. (20-volume Encyclopedia). 1982. 608 p.

4.     http://www.spellingsociety.org/aboutsss/mbooks.php

5.  Аракин В.Д. История английского языка. Учеб. пос. для студентов по спец. №2103 «Иностр. яз.». – М.: Просвещение, 1985. – 256 c.

6.     http://en.wikipedia.org/wiki/English_as_a_lingua_franca_for_Europe

7.     Canavor, Natalie ‘Business Writing in the Digital Age’, SAGE Publications Lnc., 2012. – 305 p.

8.     https://www.publicationcoach.com/shorter-sentences

Нұрсәуле Мақсұтқызы Рсалиева

Филология ғылымдарының кандидаты,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері,

Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі

Басқа материалдар

Back to top button