Жаңалық

Өмірді Абайша түсіну

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын талқылауға арналған жиын өтті.

Аталған шараға университет басшылығы, профессорлық-оқытушылық құрам, әдебиеттанушы ғалымдар, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, докторанттар, магистранттар мен студенттер және де ұлы ақынның 175 жылдығын өткізуге жауапты жұмыс тобы қатысты.

Дөңгелек үстелде Мемлекет басшысының мақаласы мен университетте Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу жоспары талқыланды. Сондай-ақ жиында мақаладағы «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» атты негізгі бөлімдерде айтылған ой-пікірлер сарапқа салынды. Қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Аманкелді Айталы арнайы тележобалар дайындап, Абайдың мұраларын, қара сөздері мен ұлағатты ойларын облыс жұртшылығына ғана емес бүкіл республикалық деңгейде насихатталу қажеттілігін атап көрсетті.

Жиынға қатысушылар ақынның ұлттық тарих пен қазақ халқының рухани дамуында өшпес із қалдырғандығы, ғасыр ақынының мерейтойын атап өтудің негізгі бағыттары туралы өзіндік көзқарастарын білдірді. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Даулет Абенов «Абай оқуларын» ұйымдастырып, оған республиканың түпкір-түпкірінен абайтанушыларды шақырып, циклдік лекциялар ұйымдастыру қажет екенін ұсынды. «Абайды тану арқылы адам өзін тану керек, Абай бірінші кезекте қазаққа керек, жас ұрпаққа бала Абай, ақын Абай, һәкім Абайды таныту негізгі міндетіміз», -дейді ғалым.

Отырыс соңында Абайды ұлықтау шараларына қатысушылар өз ұсыныстары мен ойларын білдірді.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Back to top button