Жаңалық

Кіндік шешеге қандай талаптар қойылған?

Нәресте туылғаннан кейін орындалатын ең алғашқы салт – кіндік кесер. Қазақ баланың кіндігін қандай адамға кескізген, кіндік шешенің міндеттері қандай? Қызықтырса, мархабат!

Кіндікті кімге кескізген?

Сәбидің кіндігін жай адамға кестіре салмаған. Әдетте кіндікті әйел адам кеседі. Оны «кіндік шеше» деп атайды. Кіндік шеше – сәбидің екінші анасы. Кейде бала өмірге келмей тұрып оның кіндік шешесі атанатын әйел дайын тұрады. «Жол менікі» деп таласатын сәттер де кездеседі. Тіпті ертеректе кіндік шеше болуды қалап алған екен. Екі жас отау құрған соң арнайы ас-дәм әзірлейді, қонаққа шақырады. Содан қос үйдің арасындағы достық нығая түседі. Аяғы ауыр келіншекті өз күтіміне алып, ерекше баптаған.

Тек әйел ғана емес, ер кісілердің де кіндік кесетін кездері болады. Үнемі қыз баланы өмірге әкеліп немесе бірнеше жылдар бойы бала сүйе алмай жүріп, босанған келіншектің баласының кіндігін ер кісілер кескен. Беріге дейін кіндік шеше атануға лайық жанды нәрестенің әкесінің анасы таңдап келген. Көпті көрген ақжаулықты ана ел ішінде абыройы үстем, жайсаң, іскер, пысық әйелдерді жақсы танып, біледі.

Кіндік шешенің мінез-құлқы неліктен маңызды?

Ұлтымызда баланың кіндігін кім кеседі, соған тартатыны туралы түсінік ертеден қалыптасқан. Баласы келешекте кіндігін кескен кісі секілді елге сыйлы, ақылды, адамгершілігі мол болады деп сенген.

Кіндік шешеге қойылатын талаптар.

Кіндік шеше – жоғары мәртебеге ие адам. Дегенмен оның жүгі ауыр. Міндеттері:

1. Екіқабат әйелдің күтімін жіті қадағалау.

2. Босанатын уақыты таяғанда жанында болу (толғақ жиілей бастағанда жеке үй дайындау, от жағу, үй ішін тазалау).

3. Ақбалтамен шақалақтың кіндігін кесу, таза жіппен байлап, түбіне күл себу.

4. Бала өмірге келгенде емізбестен бұрын таза суға малынған көк бөрінің жүнімен ауыздандыру. Нәресте үлкейгенге дейін оның жағдайын жасап қана қоймай, күтіміне ерекше ықыласпен қарап, өз балаларынан кем көрмеу.

5. Той дастарқанының тең жартысын өзі көтеру. Жарыс қазан асқан сәтте кіндік шеше де қосылып, қазан қайнатады.

6. Балақай ер жеткен соң одан не сұраса да беру.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button