Жаңалық

Абайдың бүгінгі замандағы орны

2020 жылы 15 қаңтар күні Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектепте оқушылар хәкім Абайдың бүгінгі замандағы орны туралы пікірмен алмасты.

Жас дарындар Абай әндерін оркестр мен домбыраға сүйемелдеп концерт ұйымдастырды. Ал ақын Марфуға Айтхожина сонау 1951 жылы Алматыда жарық көрген өзінде сақталған Абайдың төте жазумен шығарылған кітабын көрсетті. Қазақтың жыр аққуы Абайды тектіліктің тұғыры деп біледі. Ойшылдың шығармаларын ақын балауса кезінен құлағына құйып өскен. Марфуға апамызды әкесі Ғали Абай шығармасымен кішкентайынан таныстырып, ерекше баулыпты.

Бүгінде Марфуға апаларымыздың ізін қуып, Абай мұрасымен сусындап өсіп келе жатқан өрендер аз емес. Соның бірі оныншы сыныпта оқитын – Ақнұр. Абайдың 80 өлеңін жаттап алған жас дарын кемеңгер ақынның туындыларын тал бесіктен жадына сіңіріп келеді.

Сонымен қатар аталмыш оқу ордасында ұлы ақынның 175 жылдығы аясында дөңгелек үстел өтті. Талай музыка саласының дарындары түлеген мектепте Абайдың композиторлық қырына ерекше мән берілген. Шараға келіп, жас ұрпаққа өнегелі әңгімесін айтқан белгілі ақын Иран-Ғайып та ес білгелі Абайды танып өстік дейді.

Абай тұлғасы жас ұрпақты жаңаша тәрбиелеуге арналған таптырмас шамшырақ болмақ. Себебі: Абайды танып өскен өреннен әлем мойындаған тау тұлғалар туарына шүбә жоқ.  Бүгінгі қазақ идеологиясының діттеген мақсаты да осы.

Алматы қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Back to top button