Жаңалық

Open Qazaqstan. Қорықтар: Наурызым

Қазақстанның қорықтары туралы мәлімет беруді бастаған болатынбыз. Кезекті тақырыбымыз – Наурызым қорығы.

Наурызым қорығы – елімізде ұйымдастырылған екінші қорық. Орналасқан жері: Қостанай облысы, Наурызым және Әулиекөл аудандарының аралығы.

Қорық жайлы 12 дерек:

1. Құрудағы негізгі мақсат – далалы аймақтағы Наурызым, Торғай секілді ұсақ көлдерді сақтап қалу.

2. Флорасы 687 өсімдік түрлерімен ерекшеленеді.

3. Жануарлар әлемінде 40-тан аса сүтқоректі, 250-ге жуық құс, 3 қосмекенді мен бауырымен жорғалаушы және 10-ға тарта балықтың түрлері мекен етеді.

4. Қорықтың эмблемасы – аққу. Символы ретінде бүркітті де қосуға болады.

5. Наурызым қорығындағы орманның көркі – еліктер.

6. Канадада өткен Бүкіләлемдік мұра бойынша ЮНЕСКО комитетінің 32-сессиясында «Сарыарқа – Қазақстанның даласы мен көлдері» деген атаумен ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы қатарына енгізілді.

7. Қазақстанда екі қорық далалы аймақта орын алған. Соның бірі – Наурызым қорығы.

8. Қорық әлдеқашан «Қазақтың Эрмитажы» деп аталып кеткен. Ерекшелігі – Эрмитажды адамдар қолдан жасаса, Наурызым қорығы – табиғат өзі жасап берген көркем мұражай. Мұнда «Табиғат мұражайы» жұмыс істейді.

9. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорығының (WWF) ұлттық үйлестірушісі Т.М. Брагина жұбайымен бірге қорыққа сапар шеккенде көптеген әсем фотолар түсіреді. Кейін аяқ басқан жерлері жайында бірнеше қызыққа толы кітап жазған. Әлгіндегі суреттерін туындысына арқау қылады. Ұлы дала жерінен хабар беретін еңбектерінің қатарында «Солтүстік Қазақстанның аса маңызды сулы-батпақты жерлері» және «Наурызым қорығының жануарлар әлемі» атты қос кітабы бар.

10. Табиғатты қорғау орнында 3 қонақ үй салынған. Тынығушыларға табиғат аясында бір күндік сапар шегу ұйымдастырылған. Ол үшін бір адамға 700 теңге төлеу қажет. Қорық шетелдік туристердің де қызығушылығын оятады. Жыл сайын қорық ішінде мыңдаған адам экскурсия жасайды. Тіпті қорыққа келген Австрия телевизиясында жұмыс істейтін шығармашылық топ Қазақстан жайлы фильм түсірді. Айта кететін жайт: австралиялық туристер тек осы аймақтан ғана классикалық қорықтың далалық үлгісін тапқан. Сондай-ақ соңғы 4 жыл ішінде мұнда келушілердің саны 50 пайызға артқан.

11. Қорықта мүгедек жандарға, оқушылар мен студенттерге арналып жеңілдіктер қарастырылған.

12. Табиғатты қорғау орны туралы толық мәліметті қорықтың naurzum.kz атты жеке сайтынан таба аласыздар.

Наурызымға саяхаттағыңыз келе ме?

Таңғажайып мекенге саяхат жасауды қаласаңыз, бөгет жоқ. Тобыл станциясы бойынша тақ күндері Қостанай – Нұр-Сұлтан бағытындағы пойыз қатынайды немесе өзіңіз тұратын аймақтан Қостанай қаласына жетіп алсаңыз болғаны. Әрі қарай Наурызым ауданы, Қараменді селолық округі, Қараменді ауылына жету үшін автобусқа отырасыз. Қостанай қаласынан Әулиекөл ауданына дейін күніге 101-ші автобус жүреді. Нұр-Сұлтан қаласы мен Қостанай қаласының арақашықтығы – 694 шақырымды құраса, облыс орталығынан қорыққа дейінгі қашықтық шамамен 230 шақырым. Саяхатшылар көбіне көктем, жаз және күз мезгілдерінің бас жағында қаптап келеді. Бұл – туристердің еркіне берілетін таңдау. Ал біз сізге жылы маусымда сапар шегуге кеңес берер едік.

Қорықтың эко бағыттары: «Бұлақ», «Наурызым қарағайлы орманы», «Дөңгелек сор», «Наурызым ландшафты», «Останцы», «Аққулы». Эко бағыттары бойынша қорықты аралаған кезде арнайы гид қызмет көрсетеді. Әрбірінің жол жүру уақыты 4 сағаттан 12 сағатқа дейінгі аралықты қамтиды.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button