Мақала

Алмахан Мұхаметқалиқызы: «Қазаққа ғылыми деңгейдегі емес, қарапайым Абай керек»

Абай тойы, абайтану орталықтарына қатысты сауалдар төңірегінде ес білгелі Абай шығармашылығын насихаттап, зерттеп жүрген Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан-Ресей университеті «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры Алмахан Мұхаметқалиқызымен өрбіген сұқбат.

Ruh.kz: Абайтану орталығы десе сіздің есіміңіз еске түседі. Абайтану мәселелерінің төңірегінде қашаннан жүрсіз?

 

Алмахан Мұхаметқалиқызы: Абай шығармалары жайында мадақ сөз көп-ақ. Алайда соны айтушылардың арасынан Абай тілін түсінетіндер де, түсінбейтіндер де бар. Біз де сол секілді қызметтің маңайы болған соң, сол жерден шыққан соң Абайды зерттеген сыңайда жүрдік. Оның кереметтілігін көп айтсақ та түсіне бермедік. Абайды шын таныған соң одан алыстау мүмкін емес.

 

ЖОО тәмәмдаған соң Семейдегі Абай қорық-мұражайында 18 жыл жұмыс істедім. Бүгінде Абайдың маңайында жұмыс істеп жүргеніме 32 жыл. Абайтанушы дегеннің өзін әлі толық түсіне алмай келеміз. Абайтанушы – Абайды танып болған адам емес, «танысам» дейтін адам. Хәкімнің 175 жылдығы қарсаңында абайтанушылардың қатары көбейер деген ниеттеміз.

 

Ruh.kz: Мемлекет басшысының сұқбатын оқыдыңыз ғой?

 

Алмахан Мұхаметқалиқызы: Әрине!

 

Ruh.kz: Сол сұқбатта бұл тойдың ас та төк той еместігі, бұл тойдың негізгі мән, мазмұны жіте түсіндірілді. Бұл той қалай тойлануы керек?

 

Алмахан Мұхаметқалиқызы: Мерейтойды ас та төкпен, жарыспен, даңғазамен өткізіп жіберетініміз рас. Бұл жолғы 175 жылдықты ойын-сауыққа, өте шығатын мерзімді дүниеге айналдырып алмасақ керек-ті. Конфуцийдың әлем деңгейіндегі 250 институты мен орталығы бар. Ал Абайдың Семей қаласындағы бір мұражайын місе тұтып, арқамызды кеңге салып жүргеніміз – Абайды биіктеткеніміз емес. Мекемеге бағынышты орталықтар сол мекеменің қабырғасынан асып шыға алмайды. Абайды өз деңгейіне, өз биігіне шығару үшін мектептердегі бөлмелер мен сынып сағаттары емес, өзіндік ықпалы бар, өзіндік бағдары мен жоспары бар орталықтар жүйелі жұмыс істеуі керек. Дербес орталықтардың арқасында ғана біз Абайды толыққанды зерттей аламыз. Суреттері мен кітаптарын қаз-қатар тізіп қойып, жылына екі шара өткізу аздық етеді.

 

Мысалы: Абайдың «толық адамы» қандай адам екеніне де әлі дұрыс мән беріп жүрген жоқпыз. Әр қалада, әуелі Елордада ғылыми һәм әдеби бағытта жұмыс істейтін бір орталық ашып алсақ, сол орталық арқылы Абайдың көп айтыла бермейтін әндері, ақындық ортасы, аудармалары, қайраткерлік қызметі, 85 жылы жазылған «Қарамола сьезі», шығармаларының тарихы туралы сүбелі еңбектер жасай алсақ, қазақ мәдениетіне қосқан үлесіміз болар еді.

 

Ғылыми деңгейдегі Абайдан бөлек, біздің мектептерге «бала Абай», жалпы жұртқа «қарапайым Абай» керек. Оның қалай тәрбиеленгені, ортасы, тұрмыста өзін-өзі ұстауы, адами қасиеттері, бәрі-бәрі жалпақ жұртқа түсінікті тілде болмақ керек.

 

7-9 жасар бала Абай қатты сырқаттанып жатқанда, Ұлжан сыртта жүрген Құнанбайды шақырып, баланың ауырып жатқанын айтады. Баланың үстіндегі көрпесін ашып, денесінің ысып жатқанын көрген Құнанбай: «Мына баланың дарыны сыртқа шығып жатыр екен, бұны ешкімге айтпа», – дейді.

Бізге осындай ақпарат керек.

 

Ruh.kz: Тарихи Құнанбай мен әдеби Құнанбай, Абай шығармашылығы мен социалистік көзқарас, бала Абай, оның ортасы, осының бәрі Абайтану орталықтарының қаузар тақырыбы. Осы ретте сіздің орталық немен айналысып келеді, мақсаты қандай, жоспары мен бағыты ше?

 

Алмахан Мұхаметқалиқызы: 2010 жылы Абайтану ғылыми-танымдық орталығын ашқан болатынбыз. Орталық үш кезең бойынша жұмыс істеді:

 

1.     Абай дәуіріндегі Абайтану;

2.     Кеңес дәуіріндегі Абайтану;

3.     Бүгінгі Абайтану;

 

Абай дәуірінің бұғып қалғаны, Кеңес дәуірінің бұрмалағаны – бүгінгі қаузар тақырыбымыз. «Аһ» ұрғызып ашқан жаңалығымыз жоқ! «Абай теңіз болса, мен сол теңізден шөміштеп қана алдым», – деген Мұхтар Әуезұлының еңбектерінен аса алмай жүрміз. Алдағы мақсат – айтылмай келген тақырыптар, Абай өлеңдеріндегі қоспа, аудармалары, тың дүниелерді зерттеу, жалпақ жұртқа ұсыну.

 

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button