Жаңалық

Иткөйлекті кім тіккен?

Қырқынан шығару дәстүрімен қатар жүретін рәсімнің бірі – иткөйлек. Иткөйлекті тігу үшін қандай мата қолданылған, итжейде тіккен адамға қандай құрмет көрсетілген, көйлекті кейін қандай іске жаратқан? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын дәстүрге қатысты айдарымыздың кезекті санынан таба аласыздар.

Итжейде қандай матадан тігілген?

Баланың жарық дүние есігін ашқанда киетін алғашқы көйлегі – итжейдені түрлі маталардан тігеді. Шыт, сиса, бәтес, бөз секілді жұмсақ маталар баланың денесіне жайлы келеді.

Көйлекті кімге тіккізген?

Иткөйлекті нәрестенің кіндік шешесі тігіп берген. Тіпті ол шарана өмірге келмей тұрып жейдесін дайындап қойған. Бұл дағды бүгінгі күнде де жалғасын тауып келеді. Сәбиге тағайындалған кіндік шеше мен сол ошақтың ер адамы – кіндік әкесі бүлдіршіннің барлық жағдайын жасайды. Анасы мен баласын перзентханадан шығаратын сәтте иткөйлек, жаялық, көрпе сынды заттарын алып келеді. Кейде үнемі жаңа туған баланың жейдесін тігумен айналысатын әйелдердің киімдерінің қалдықтарынан да тігілген. Шақалақ өмірге келгенде әлсіз болатыны айтпаса да белгілі. Әсіресе, алғашқы қырық күн ішінде олардың терісі тым жұмсақ келеді. Осының барлығын ескерген дана бабаларымыз баланың терісіне батпас үшін иткөйлектің тігісін теріс қаратып тіккен. Көйлек іліп қана тігілетінтен жеңіл болады.

Иткөйлек тіккен әйелдің несібесіне не беріледі?

Етек-жеңін кең қылып жейде тіккен кіндік шеше мен әкеге әрдайым тиісінше сый-құрмет көрсетіледі. Алғысын әркім әрқалай жеткізеді. Ат мінгізіп, шапан жабады. Кейбірі дастарханынан дәм татқызумен шектеледі. Осыншама сый-сыяпатқа ие болған кіндік шеше мен кіндік әке бірнеше күн бойы босанған әйелдің басы-қасында жүріп, міндеттерін атқарады.

Қырық күннен соң итжейдені қандай іске жаратқан?

Балаға қырық күн толғанда ас әзірлеп, үйге қонақ шақырады. Келгендердің арасында сәби сүю бақытына ие бола алмай жүрген келіншектер кездесуі мүмкін. Сол әйелдер иткөйлектің бір шетінен үзіп алады. Бұл ырымның түбінде: «Сен де перзент сүйіп, осы келіншек секілді ана болу бақытын сезін» деген мән бар.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button