Жаңалық

Балаға диграфты қалай үйретеміз?

Сан алуан әліпби жобалары қатарында қазақ әліпбиін ағылшынның 26 әрпіне ғана негіздеп, «ұтымды» әліпби жасадық деушілер ғалымдар тарапынан қанша қарсылық тапқандарына қарамастан, ғылыми уәждерге тоқтамастан, өз дегендерімен қалып отыр.

Қазақ тілі сияқты грамматикалық түрленімдері жалғау-жұрнақтардың үсті-үстіне жалғана беру тәсілімен жасалатын тілдердің табиғаты қосар таңбаларды көтермейді, сөздері қысқа келетін ағылшын сияқты тілдердің жазу-сызудағы тәжірибесі бізге мүлдем жүрмейді деп, бірнеше жылдан бері осы латын әліпбиіне көшу туралы сөз қозғала бастағаннан айтып келеміз. БАҚ беттеріндегі бұл жөніндегі ғылыми жарияланымдарымыз 26 әріпті ұстанушылардың назарына ілікпеген де сияқты. Мысалы, қазақ тіліндегі «Өтінішіміз қанағаттандырылмағандықтан» деген 2 сөз ағылшын тілінде 8-9 сөз болады (американ ағылш.: For the reason our request was not satisfied – 8 сөз; британ ағылш.: For the reason our request has not been satisfied – 9 сөз). Сөзі қысқа тілдердің диграфтарын, яғни қосар таңбаларын онсыз да ұзын сөздерімізді жазуға қолдануға бола ма? Сонда бір сөзіміз бір қатарға, біржарым қатарға жазылатын бола ма? Көзге елестетудің өзі қиын.

Сан түрлі әріп тіркестерінен құралған таңбаларды оқыту қысқа сөзді тілдердің өзінде де үйренушіге де, үйретушіге де оңай тимейді. Ағылшындар, амалсыздан бір таңбалы (t) графемалардан бастап, диграф (th), триграф (tch), тетраграф (ough, мысалы, through сөзінде) дейтін әріп тіркестерінен құралған жазу-сызуын өз ана тілі болғандықтан, амалсыздан балаға сәби, бүлдіршін кезінен, яғни балабақшадан бастап үйретуге мәжбүр. Бұл графемалармен шектелсе де жақсы еді, көріп тұрғаны басқа, естіп тұрғаны басқа, есепсіз ережеден және одан ауытқудан құралған ешбір логикасы жоқ оқу мен жазуды меңгеру үдерісі – баланың жүйкесіне кері әсер ететін, өмірді бастамай жатып бетпе-бет кезігетін қиыншылығы. Сондай таңбаларды балаға жеңілдеу ету жолында қаншалаған амал-тәсілдер ойластырылып, есепсіз уақыт, энергия кетіп жатыр.

Дислексия деп аталатын оқу-жазуды меңгерудің ауырлығына байланысты балаларда болатын аурудың түрі де негізінен Еуропада көбірек тараған екен.

Ағылшындарға осыншама қиындық тудырған жазу қайдан келді? Оның тарихы, әрине, ұзақ әңгіме, қысқасын айтқанда, өз ғалымдары мұны тікелей 26 әріппен байланыстырады. Өзінің 44 дыбысын таңбалауға қалай тартса да жетпейді. Енді әріптерді қосарлай беруден басқа амал жоқ. Қосарлау да шегіне жеткендей шарасыздықтан әліпбиінде жоқ болса да диакритикалық (үстеме) таңбаларды да молынан араластырып алуға мәжбүр болды. Өзінің дарынды жазушысы Charlotte Brontë есіміне назар аударып қарасаңыз, қосалқы таңбамен жазылғанын көресіз, себебі оны да жазуға әліпбиінде әріп жоқ. Осылай әу баста жіберілген қателік асқына-асқына келіп, ғасырлар бойына ұласқан өздерінің a National Tragedy деп айтатынындай, ұлтының басындағы қасіретке айналды.

Мектеп оқушылары арасындағы сауатсыздық деңгейінің де көрсеткіштеріне осы жазу-сызудағы қиындық себеп деп танылады. Мысалы, «90 миллион американдық, тіркелген оқушылардың 30-40 пайызы қазір сауаттылықтың ең төменгі деңгейін көрсетіп отыр, өз тілімізді өз балаларымызға оқытуға қабылетіміздің жетпегені ұлт басындағы ең ауыр қасірет, бұған шешім таппаса болмайды» деп дабыл қағады өз ғалымдары (бұл мағлұмат мына дереккөзден алынды: https://pdfs.semanticscholar.org/f233 Myrna T. McCulloch. The Four Sacred Cows in American Education, 2000)

Кері шегініп реформа жасап алайын десе, жүйесіз жазылған сөздерінің дыбысталуы «әркімнің өз қалауынша» оқылып, сол бойынша тілдің ғаламдық таралымында әртүрлі стандарттар қалыптасып орнығып алды. Осылайша айтылу нұсқасына қарай жазылуын реттестіру мүмкіндігі келмеске кетті. Енді тілді сақтау тек қана осы «бейберекет» жазуды сақтаумен байланысты болып қалып отыр.

Ағылшын тілін сондай қиындығына қарамастан үйреніп алып жатқандар баршылық, әрине, оған жетелеуші күш бар, ол – әлемде бизнес тілі, нөмірі бірінші лингва франка, яғни халықаралық қатынас құралы. Оған ілесетін әзірге ешқандай тіл жоқ. Оның мәртебесі мен өз елінде жетекші тіл бола алмай отырған тілдердің жағдайы салыстыруға келмейді.

Жалпы әліпби жобаларын ұсынушылардың ішінде ағылшынның 26 әрпін үлгі көретіндер дәлме-дәл ағылшындардың шым-шытырық емлесінің жолымен диграфтарды ұсынып бастайды. Олардың басты мұраты адам факторы емес, пернетақта сол қалпында қалсын деп, техниканы бірінші орынға қояды. Ал гуманизм тұрғысынан адам техника үшін емес, техника адам үшін қызмет етуге тиіс.

Қазір бәрі қысқарды. Әңгімелер барынша қысқа жазылатын болды, ұзақ жазылған мақалалар да оқылмайды, анектодтың өзінің ең қысқасын оқып, ұзақтауына қарамаймыз. Бұған себеп, ғалымдардың зерттеулерінде, мәселен, ағылшын тіліндегі мынадай «www.publicationcoach.com/shorter-sentences» дереккөзде соңғы 4 ғасырда адам баласының жалпы сауаттылығы артқан сайын ұзақ cөйлемдерді оқу, түсіну қабілетінің кемігені анықталған. Сөз де көз сүріндіретін болса, оны оқып отыруға шыдам да, уақыт та жоқ.

Егер біз де әліпбиімізді ағылшынның 26 әрпімен шектесек, бізде де амалдың жоқтығынан қосар таңбалар стихиялы түрде көбейеді, бұл онсыз да тіркелмелі ұзын сөздерімізді одан да бетер шұбалаңқы күйге түсіреді. Бұл –өзгенің ғасырлар бойы айыға алмай отырған проблемасын көп қаржыға сатып алумен бірдей. Сондықтан алдымызда жатқан мол тәжірибелерден тағылым алсақ, «бір дыбысқа бір таңба» ұстанымынан бір адым да аттап шығуға болмайтынына көз жеткіземіз.

Нұрсәуле РСАЛИЕВА

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме басқармасының жетекші ғылыми қызметкері

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button