Жаңалық

Мәртебелі поэзия мінберінде Әмзе Халмырзаұлы

Мәртебелі поэзия мінберінде Әмзе Халмырзаұлы

Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Мәртебелі поэзия мінбері» атты поэзия апталық бағдарламасы аясында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарының құрметті азаматы Хамза Көктәндінің (Әмзе Халмырзаұлы) шығармашылығына арналған поэзия кеші өтті.

Хамза Көктәнді – Республикалық шығармашылық жастардың «Жігер» фестивалінің дипломанты, 2002 жылдан Әлемдік Моңғолтанушылар ассоциациясының мүшесі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. «Күн саны», «Арман қуып адассам, кешір мені…», «Адуын ағыстар», «Құбылыс» атты жеке жыр жинақтары, «Мен сені көргелі», «Кереметнама», «Он екі таным», «Туысқан», «Теберік дүние», «Ойдың күші», «Өмірдің он сегіз жылы», «Аспан мен Даланың төрт ұмытылған тарихы» атты кітаптары жарық көрген. «Қуанышым қазынам», «Әттең-ай, әттең жүрегім жалғыз», т.б. халық арасында кеңінен танылған оннан аса әннің мәтінін жазған.

Кеш шымылдығын Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Мыңбаев Рашид Мамытұлы алғы сөзімен ашып, ақынды құттықтап, иығына шапан жапты.

«2020 жыл – қаламыз үшін айрықша жыл. Шымкент мәдени астана атанған тұста ақын-жазушыларымызды да дәріптеп жатырмыз. Осы орайда Хамза ағамыздың «Түркі теберігі» атты кітабын атап өткім келеді», – деді Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев.

Жиын барысында жастар Х. Көктәндінің өмірі мен шығармашылығы, адами болмысы мен рухани әлемімен жақын танысты. Өлең десе ішкен асын жерге қоятын жастар ақынның жүрегін жарып шыққан жырларын тыңдап, ақын өлеңдерімен сусындады.

Қ. Спатаев атындағы №7 мектеп-лицейдің оқушылары Абай жырларын жатқа айтса, Шымкент қалалық мәдениет үйінің әншілері кеш иесінің халық арасында кеңінен танылған «Қуанышым – қазынам», «Әттең-ай, әттең, жүрегім жалғыз» атты әндерін домбырамен нақышына келтіре орындады. ОҚМПУ студенттері Хамза Көктәндінің жырларынан әдеби композиция оқыды.

Ал ақынның өзі «Құлпытас», «Көкпар», «Ақындық» сынды оқырманға жақсы таныс өлеңдерін оқыды. Жаңа ғана жарыққа шыққан «Алтын төркін» атты қос томдығын да таныстыра кетті. Аталған кітап Түркістанның таңғажайып тарихы туралы жазылған.

Шымкент қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button