Жаңалық

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қалай жүзеге асады?

Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың жүйелі тәсілдері» тақырыбында семинар-практикум өткізілді.

Облыстық басқармалар, Ақтөбе қалалық, аудандық әкімдік өкілдері, жоғары оқу орындарының бағдарламаға жауапты мамандарына әдістемелік көмек көрсету мақсатында өткізілген семинарда бағдарламаны іске асырудың сапалы тәсілдері мен жолдары ұсынылды. Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының басшысы Хасенов Нұрлыхан Жайылханұлы бағдарламаны жүзеге асыру барысындағы өзекті мәселелерге тоқталып, жасалған жұмыстарды сапалы түрде ақпараттық насихаттау, 2020 жылы халықаралық деңгейде атап өтілетін Ұлы тұлғаларға арналған шараларды практикалық бағытта өткізу, бағдарламаның мән-маңызын түсіндіруде жүйелі жұмыс жасау туралы ұсыныстарын білдірді.

Қ.Жұбанов ат. АӨМУ Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры   Бекназаров Рахым Ағыбайұлы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», университетте жүзеге асырылған жаңа жобалар туралы, Қ.Жұбанов ат. АӨМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Әбенов Дәулет Құсайынұлы сараптамалық кеңестің 2020 жылғы жұмыстары туралы сөз қозғады. ҚР мәдениет қайраткері, өлкетанушы Құрманбек Еркін Жолмырзаұлы өз сөзінде: «Бағдарламаны насихаттауда біз адамның жүрегіне әсер ететін, санасын жаңғыртатын шараларды ұйымдастыруымыз қажет. Ұлы тұлғаларды ұлықтауда «Бабам батыр болды, Енді балам батыр болсын» деген ұстаныммен жас ұрпаққа тәрбие беруіміз керек»,-деп семинар қатысушыларын жігерлендірді.

Сөз соңында, Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Көпенов Айбек Мұратқалиұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 3 жылдығы қарсаңында жаңа жобаларды жүзеге асыру, тың форматта өткізу, әр шараның тәрбиелік жағына мән беру керектігін айтып, шараны қорытындылады.

Семинар қорытындысында қатысушыларға үлестірмелі ақпараттық материалдар таратылып, сұрақ-жауап түрінде пікірталас жүргізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жауапты басқармалар мен мекемелерге қатысты тиісті ұсынымдар қабылданды.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button