Сұхбат

Өлкетанушы Бекарыстан Мырзабаймен сұхбат

Ол туған өлкесінің әрбір тау-тасын, өзен-суын жатқа білетін адам. Ол – Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің ғылыми қызметкері, тарихшы-өлкетанушы.

Ruh: Сәлеметсіз бе, Бекарыстан Боранқұлұлы?!

«Рухани жаңғыру» аясында «Киелі жерлер географиясы» арнайы жобасы бойынша жоспарлаған қандай жұмыстар межесіне жетті?

Бекарыстан Боранқұлұлы: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 2017 жылдан бастап «Киелі жерлер географиясының» тізімі жасала бастады. Сол қатарда Ақтөбе облысы бойынша 10 нысан жалпы ұлттық маңызы бар ескерткіштердің тізіміне енгізілді. Солардың атын атап, түсін түстейтін болсақ: Ырғыз ауданындағы бұдан 700 млн. жыл бұрын Жаманшың метеориті түскен орын, Шалқар ауданындағы Есет Дәрібай, Алға ауданындағы Есет Көкіұлы кесенесі, Қобда ауданындағы Қобыланды батыр мемориалды кешені мен Исатай Тайманұлы кесенесі, Темір ауданындағы Досжан ишан мешіті, Әйтеке би ауданындағы Хан моласы мемориалды кешені мен Әбілхайырдың жұбайы Бопай ханымның жерленген жері, Қобда ауданындағы Абат-Байтақ кесенесі және Хромтау ауданындағы Ойсылқара қорымы. Соның ішінде Ойсылқара да, Бопай ханым да әлі де зерттеуді қажет етеді.

Мәселен, сол киелі жерлердің тізіміне енуге тиісті Ақтөбедегі төрт аумақ, соның ішінде Елек-Қобданың бойында, Жем-Сағыздың бойында, Солтүстік Арал маңында, Доңызтау аймағында С.Әжіғалиев 30-40 жылда зерттеген мына аса көлемді көшпелілердің мәдениеті жатыр. Ондағы бір-біріне ұқсамайтын мыңдаған құлпытастар бір орында тұр. Жүздеген мавзолейлер, олардағы эпиграфиялық араб әрпімен жазылған мәтіндер, ол мәтіндердегі діни-философиялық ұғымдарменен ру-тайпалардың таңбалары, рулық шежірелерін зерттеп, ғылыми айналымға енгізілу керек деп ойлаймыз.

Темір ауданындағы Тасқопадан көне сармат дәуіріне жататын алтын киімді адамның табылуы Ақтөбе жері үшін үлкен жаңалық болды. Оның егжей-тегжейін археологтар енді наурыз-сәуір айларында өтетін арнайы конференцияда жариялайды деп ойлаймыз.

Бұдан өзге, Батыс Қазақстанда үлкен діни орталық болған – Досжан Ишанның мешіті. Досжан Қашақұлы 1815 жылы туып, XIX ғасырдың аяғында дүниеден озған. Ол жерде 100-деген шәкірт оқыған дейтін аңыздар бар. 10-15 жыл бұрын Досжан Ишан атамыздың мөрі табылды. Биыл С.Әжіғалиев бастаған экспедиция сол мөрдің таңбасын оқыған кезде «1862 жыл. Досмұхаммед Қашақұлы» деген арабша сөздерді оқыды. Әрине, Досжан Ишанның мешітін қазір ұрпақтары, Темір ауданынан шыққан кәсіпкерлер қолға алып, консервация жасаймыз деп жатыр. 100-деген шәкірт оқыған 10-ға жуық ғимараттарды өлшедік. Әрқайсысы 5 метрден 4-5 бөлмесі бар ұзын жатақхана сияқты үйлер, болмаса, 2 жерде қоржын үй құдығы бар. Шилі өзеннің бойында Досжан Ишан бабамыздың ұрпақтары еккен алма бағы болған. Сол бақты қалпына келтіріп, туристік орталық болса дейтін идеямен жұмыстар жалғасып жатыр.

Ruh: Сіз Телжан Шонанұлын көп жыл зерттедіңіз. 125 жылдығына орай қандай жұмыстар атқарылды?

Бекарыстан Боранқұлұлы: Мен тілтанушы-түркітанушы, доцент, қоғам қайраткері, ағартушы, педагог Телжан Шонанұлының мұраларын сонау 80 жылдардың басынан бері, 40 жылдай зерттеп жүрмін. Оған Т.Шонанұлы туған өңірдің перзенті екендігім де себеп болған шығар.

Ғалым еңбектерінің аясы кең. Оның саяси көзқарастары, жер мәселесіне байланысты ойлары, педагогикалық идеялары, тілтанымдық мұралары, термин жасау ұстанымдарынан заманының озық ойлы, жан-жақты азаматы болғанын көреміз.

Ақтөбеде өткен «Телжаннан қалған телегей мұра» атты Республикалық конференцияда А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының профессоры О.Жұбаева бұрын жарық көрмеген 10 кітапты музейге табыстады.

Телжанның қазақ жер мәселесінің тарихынан бастап жазған 30-40 кітабы арнайы архивке тасталып, жариялауға тыйым салынған болатын. Сол еңбектер енді жарыққа шығып, музейдің қорына тапсырылды. Қазір 5 томдық мұрасы Р.Сыздықованың басшылығымен шықты. Енді 5 томдығы шығуы керек. Міне, осылардың барлығы ғылыми айналымға енген кезде тәуір мақтанып айтуға болады.

Ruh: Биыл қандай жобалар жүзеге асырылады? Қандай жаңа идеяларыңыз бар?

Бекарыстан Боранқұлұлы: Алдағы жылға күрделі жобалар бар. Көптеген озық елдердің барлық территориясының 15-20 пайызы ерекше қорғалатын аймақ екен. Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғат резерваты 2007 жылы қорғалды.

Жаманшың метеориті түскен орынды да халықаралық дәрежедегі ерекше қорғалған аймаққа айналдыруға әбден болады. Бұған дейін Жаманшың метеоритінің 12-13 км аумағын қорғау керек деп жүр еді. Өткен жазда оны зерттеп жүрген 84 жастағы ғалым Павел Васильевич Флоренский келіп, сол жердегі 60 жылдық зерттеулердің нәтижесін айтты. Ол Жаманшыңның қорғалатын аймағын 2 есе ұлғайтып, диаметрі кемі 25 км аумақ қоршалуы керек екенін, өйткені, аспаннан атмосферадан ағып, сорғалаған жұлдыз заулап келіп   бөлінген бөлшектерінің шашыраған аумағы 25 км болады деп есептейтінін айтты. Енді, Жаманшың халықаралық дәрежеде ерекше қорғалатын аймаққа кірсе, шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік болады. Ол жерде музей ашуға, тарихи-табиғи, астрофизикалық, емдік туризмді орталық қалыптастыру керек. Табиғи дейтініміз – арғы жағындағы Ырғыз-Торғай резерваты 30-ға жуық аң менен құс, балық. Астрофизикалық дейтініміз – жаңағы метеорит түскен жер. Оның құрамын спектрлік анализбен ғалымдар зерттеп жатыр. Құрамында титан болуы мүмкін, алмаздың да болуы мүмкін дейді. Одан шашыраған тамшылар пластмасса да емес, темір де емес, иргизит тектит деп аталатын дүниелер. Емдік дейтініміз – Шалқар ауданындағы Балғасынның тұзы. Қырымның кез келген курортындағы тұздан сапалы. Міне, осындай болашақта халықаралық туристік жоба болатын дүниені біз тиісті орындарға ұсынуды құп көріп отырмыз. Ол енді алдағы жылдардың еншісінде. Ал Доңызтау аймағы биыл зерттеледі, өткен жылы да зерттелді. Алдағы күзде «Арал-Каспий аймағы Еуразия тарихы мен мәдениеті аясында» атты ІІІ ғылыми конференция өткізіліп, осының нәтижесіменен «Доңызтау аймағының ескерткіштері» деген қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі кітап-альбом жарыққа шығады.

Бұдан басқа, Шығыстану институтының ғалымдары келіп, құлпытастардағы эпиграфиялық мәтіндерді зерттеді. Сол кісілермен 15 күндей бірге болдым. Мәселен, атақты екі академик: Құдайберген мен Ахмет Жұбанов аталарымыздың әкесі Қуан мен оның інісі екеуіне бір құлпытас қойылған екен. Міне, осының барлығы зерттелу керек, ғылыми айналымға ену керек, өйткені, мынау алапат заманда енді бір 20-30, 40 жылда тас та, жазу да өшеді. Сол уақытта зерттелген мұралар кітапта, альбомда, бейнефильмде қалса, үлкен олжа болады деп ойлаймыз.

Едіге эпосының 600 жылдығына орай фольклор зерттеушісі Алмас Алматовтың идеясымен Едіге батыр туралы, оны зерттеген ғалымдар туралы деректер, жыраулардың аузынан жазып алынған деректер ғылыми альбом болып қазақ, орыс, ағылшын тілінде шығару қолға алынды. 50-60 мыңдай жыр жолдары аудио дискіге түсіріліп, жарыққа шығару жоспарланып отыр. Мұны арнайы мамандар сахнаға шығарса, оны ән-күй сабақтарында оқытса, ол да рух береді деп ойлаймыз.

Міне, осылай Жаманшың қорғауы белгіленсе, Досжан ишан мешіті ашылса, Едіге батыр зерттелсе, Доңызтау аймағын Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын аймаққа кіргізсе, ел аман, жұрт тыныш болып, осының бәрі іске асса, Рухани жаңғыруға Ақтөбе облысы да азды-көпті өзінің лайықты үлесін қосты деп айтуға болады.

Ruh: Сұхбатыңызға рахмет! Өлке тарихына қосар үлесіңіз көп болсын!

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Back to top button