Жаңалық

«Адамзаттың Абайы» музыкалық кеші өтті

Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Астана Опера» театрының Камералық залында халықаралық байқаулардың лауреаты Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хорының концерті өтті.

«Адамзаттың Абайы» деп аталған концерт 1 сағат 20 минутқа созылды. Елімізге ғана емес, шетелдерге де танылып үлгерген бұл ұжымның концерті өте жоғары деңгейде өтті. Бұған дәлел, қалың көрерменнің ыстық ықыласы.

Кеште Абайдың әлем таныған шығармалары орындалып, бірнеше тілде өлеңдері оқылды. Бір қуантқаны, өнер ұжымының Абай шығармаларына терең бойлағаны, халықтың көңіліне жақын әндер мен өлеңдер таңдауы. Бұл кешті Мырзатай Жолдасбеков, Абай Тасболатов, Баянғали Әлімжанов, Жанғали Жүзбай, Қапаш Құлышева, Төлен Әбдікұлы, Амантай Жұмашев бастаған зиялы қауым өкілдері тамашалады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Талғат Мұсабаев, Азамат Жылтыркөзов;

Халықаралық байқаулардың лауреаттары – Асылжан Қайыпов, Нұржан Сағынай (домбыра), Жұбаныш Зетова, Еркебұлан Әбдіқалықов, Мәншүк Құрманғазина, Жандос Байбосынов;

Фортепиано партиясы – Гүлден Базыкендер қатысқан бұл концерт ел ағаларының да көңілінен шыққаны сөзсіз. Концерттің көркемдік жетекші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамова болды.

Елімізге ғана емес, шетелдерге де танылып үлгерген бұл ұжымның концерті өте жоғары деңгейде өткендігін көрермендердің ыстық ықыласынан байқадық. Филармонияның басты ұжымдарының бірі – камералық хор біздің елімізде ғана емес, шетелдерге де танымал. Ұжымның халықаралық деңгейде мойындалғанына Латвиядағы халықаралық хор фестиваліндегі екі алтын медалі, «Шабыт» шығармашыл жастар байқауындағы Бас жүлдесі, Қытайдағы халықаралық хор форумындағы екі алтын кубогы және Венгриядағы табысты өнер көрсеткендігі айқын дәлел. Танымалдықтың кепілі ұжымның репертуарлық саясаты болып табылады. Камералық хордың көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамованың айтуынша: «Ұжымның негізгі мақсаты – ұлттық репертуарды дәріптеу».

Айта кету керек, ұжым өзінің жеке репертуарын жасап, концерттік бағдарламалар дайындаған. Оның ішінде Біржан сал шығармашылығына арналған «Айбозым», қазақ ақындары мен әншілерінің шығармашылығынан «Ұлы дала жаңғырығы», қазақ халық әндері өңделген «Жанымды тербеткен әуен» және «Ұлы Дала әуендері», сондай-ақ «Палитра созвучий XX века», «Қазақстанның заманауи хор музыкасы» топтамалары бар.

Нұр-Сұлтан қаласы,

Мемлекеттік академиялық филармониясы

Басқа материалдар

Back to top button