Жаңалық

«Жібек саты» Қарағандыға жетелейді

«Астана Опера» Қарағандыға гастрольмен аттанбақ. 16 ақпан күні С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының сахнасында елордалық труппа тыңдарман назарына атақты композитор Дж. Россинидің жалын атқан «Жібек саты» опера-фарсын ұсынады.

«Осынау қалада гастрольмен қайта өнер көрсетуге қуаныштымыз, қарағандылық көрермен классикалық өнерді жоғары бағалайды әрі одан хабары бар. «Астана Опера» ұжымы бұл жерде осыған дейін Дж. Пуччинидің «Богема», П. Чайковскийдің «Евгений Онегин» опералық спектакльдерін, К. Орфтың «Кармина Бурана» кантатасын, сонымен қатар гала-концерт бағдарламасын ұсынған болатын. Өз кезегінде, қарағандылық шығармашылық ұжымдар «Астана Опера» сахнасында да бірнеше рет өнер көрсеткен. Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры М. Дунаевскийдің «Алқызыл желкендер» мюзиклі мен И. Кальманның «Баядера» опереттасын орындаса, Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің симфониялық оркестрі көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Петр Грибановтың жетекшілігімен «Қарағандыдан жалынды сәлем» концерттік бағдарламасымен өнер көрсетті», – деп атап өтті театр директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер Ғалым Ахмедьяров.

Жас ғашықтар Джулия мен Дорвильдің бас партияларында «Астана Операның» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова мен Жан Тапин өнер көрсетеді. Аңқау қызметші Джерманоның бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов сомдайды. Сондай-ақ спектакльге театр солистері: Лючилла – Салтанат Мұратбекова, Блансак – Евгений Чайников, Дормонт – Рамзат Балакишиев қатысады.

Осынау тамаша буффа-операның премьерасы «Астана Опера» сахнасында 2019 жылғы сәуір айында Камералық «PICCOLO» театры жобасы аясында өтті, ал маусым айында шығармашылық ұжым спектакльді Көкшетау қаласында ұсынып, жұртшылықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді. Күлдіргі опера тек Қазақстан қалаларында ғана емес, шетелде де зор табысқа қол жеткізіп жүр. Солайша, «Жібек саты» қазан айында Ресейдің мәдени астанасы – Санкт-Петерборда аншлагпен өтті: барлық билеттер қазақстандық әртістердің келуіне дейін сатылып кетті.

П. Гавоның аттас операсы (1808) үшін жазылған Ф. Планардың либреттосы негізінде либретто авторы – Дж. Фоппа. Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, қоюшы режиссер – Алла Симонишвили, сценограф әрі костюмдер бойынша суретші – Манана Гуниа. Концертмейстер, клавесин партиясында – Жанар Ахметова. Жобаның техникалық директоры – Виктор Караре. Жоба үйлестірушісі – Маржан Жәкенова.

Гастроль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының баспасөз бөлімі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button