Жаңалық

«КӨРПЕ FEST»

Ақпан айының 9-11 аралығында Ақтөбеде алғаш рет «КӨРПЕ FEST» мегафестивалі ұйымдастырылды. Шараға қала мен аудандардан 300-ге жуық қыз-келіншектер қатысты.

Фестиваль мақсаты – көп балалы және аз қамтылған әйелдердің (оның ішінде дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері) өз ісін жүргізу үшін әлеуетін ашу, әлеуметтендіру және олардың мүмкіндіктерін дамыту, сондай-ақ ұлттық қолөнерді дәріптеу. Бұл жоба Қазақстанның этникалық туризм саласындағы әлемдік туристік нарықтағы оң имиджін нығайтуға ықпал етеді.

Үш күн ішінде оқыту семинарлары, тігін және қолданбалы өнер бойынша сабақтар, тігін ісінің күрделі технологияларына оқыту, әлеуметтік желілерде бизнесті жүргізу бойынша көрмелер мен мастер-кластар, «Аналар Аманаты» жобасы бойынша мотивациялық деректі фильмдер көрсетілді.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің республикалық ақпараттық-ағарту штабының басшысы, «Аманат» сыйлығының бас амбассадоры, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы және директоры, фестиваль жүргізушісі Ырза Тұрсынзаданың айтуынша: «бұл жобаға қатысушылардың қызығушылықтары өте жақсы, мастер-класс барысында үйренген білімдері қыз-келіншектерге алдағы уақытта міндетті түрде кәдеге асып, шеберліктерінің шыңдай түсуіне ықпал етеді».

–        «Үш күн бойы фестивальге қатысып жатырмын. Үйренгенім өте көп. Тігін өнеріне қызығушылығым болғанымен кәсіби айналыспадым. Алайда, Ырза апай мастер-класс барысында әрқайсымыздың жұмысымызды қадағалап, кемшіліктерімізді айтып, бізге мол мағлұмат берді. Өздеріңіз көріп тұрған 70*70 өлшемді көпшік пен құрақ көрпелер осы фестивальдің жемісі. Алдағы уақытта тігіншілікпен тұрақты шұғылданатын боламын», – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Жүгінісова Эльмира.

Аталмыш шараға қатысушылардың жас ерекшеліктерінде шектеу жоқ. Әжелер немерелерімен, аналар қыздарымен, енелер келіндерімен қатысып, қолөнерді үйренсем, білсем деген талпыныстарымен тігін машиналарымен тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Қатысушылардың бірі – Қызылжар ауылынан келген Амреева Аяна 8 сынып оқушысы.

–        «11 жасымнан бастап тігін тігуге деген қызығушылығым оянды. Үйде әжем, апам құрақ көрпелер тігеді. Фестивальге әжеммен бірге келдім. Осы үш күн ішінде құрақ құрастырып үйрендім. Мастер-класстар маған өте ұнады. Болашақта құрақ көрпелер ғана емес, киім пішіп, олардың дизайынын да өз қалауыммен жасап үйренгім келеді», – дейді қолөнерге қызығушылығы мол Аяна.

Фестиваль соңында қатысушылар өз жұмыстарын көрмеге ұсынып, жеңімпаздар дипломдармен, тігін машиналарымен және басқа да бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button