Мақала

Нүрия Қалымқызы: «Тиімділігі төмен шараларды тоқтатқан жөн»

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қолға алынғанына үш жыл толады. Осыған орай, жақында Елордада өткен Ұлттық комиссия отырысында аталған бағдарлама аясында атқарылған іс-шаралар қорытындыланып, алдағы жоба-жоспарлар талқыланды. Бұл бағытта облыстарда қандай жұмыстар жүзеге аспақ? Осы және өзге де сауалдарымызға жауап алу үшін Павлодар облысы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімінің басшысы Нүрия Көбеновамен сұқбаттасқан едік.

Ruh.kz: Нүрия Қалымқызы, биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша

 

аймағымызда қандай жұмыстар атқарылады деп жоспарлануда?

 

Нүрия Қалымқызы: Осы жылы облысымызда негізгі үш бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі. Біріншісі – тұлғаны дамыту, екіншісі – ұлттың дамуы, халықаралық позициялау, ал үшіншісі – мемлекет, азаматтық қоғам және жергілікті қоғамдастықтарды дамыту.

 

Бағдарламаның идеялары мен бағыттарын жүзеге асыру мақсатында 2020 жылы өңірде 119 ірі жоба мен ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланған. Олардың 40%-ға жуығына облысқа қарасты қалалар мен аудандар мұрындық болады.

 

Сонымен қатар, бірқатар іс-шара үкіметтік емес сектордың қолдауымен өткізіледі. Жалпы, қазіргі қоғамның басты құндылықтары, өскелең ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелердің барлығы биылғы жоспардың тармақтарына енді. Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай да көптеген іс-шаралар жоспарлануда.

 

Ruh.kz: Ұлттық комиссия отырысында аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруда саннан сапаға мән беру керектігі сөз болды. Бұл ретте, сіздің өңіріңізде бағдарламаны жетілдіру үшін неге назар аударылуы тиіс?

 

Нүрия Қалымқызы: Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, мұндағы басты мақсат – қоғамдық сананы өзгертіп, рухани тұрғыда жаңғыру. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Десе де, тиімділігі төмен іс-шараларды жоспарлауды тоқтатқан жөн деп ойлаймын. Ал керісінше, қол жеткізілген тәжірибеге сүйене отырып, нәтижелі шаралардың ауқымын кеңейтуіміз керек.

 

Сонымен қатар, бағдарламаның мәні мен құндылықтарын терең түсініп, өзгелерге жеткізе білетін идеологтар мен спикерлер ортасын қалыптастыру керек.

 

Сондай-ақ, еріктілердің әлеуетін пайдалануға қатысты жүйелі шаралар қабылдап, олардың мәртебесін арттыру және білім беру мекемелерінде еріктілер қызметін жандандыру, қолдау жөніндегі бағдарламаларды әзірлеудің де маңызы зор деп есептеймін. Себебі: жарқын болашақ – патриот жастардың қолында. Ал олардың бойына құндылықтарды дарытып, дұрыс тәрбие берсек, ұтарымыз мол болмақ.

 

Ruh.kz: Үш жыл бойы үздіксіз жүргізілген бағдарлама осы уақыт аралығында өз мақсатына жетті ме? Яғни, бағдарлама қоғамда маңыздылығын толыққанды көрсете алды ма?

 

Нүрия Қалымқызы: Менің ойымша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму және сананың ашықтығы сынды ұғымдар қазіргі Қазақстан қоғамына қажетті құндылықтар ретінде көрсетілген.

 

Әрине, үш жылдың ішінде осы бағытта көптеген іс-шаралар мен ірі жобалар жүзеге асты. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының нәтижесінде ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайы жақсаруда.

 

Сондай-ақ, өңірімізде туған өлкеге деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған «Туған жер» арнайы жобасы оң нәтижесін көрсетті. Бұл жоба аясында «Мектебіме тағзым» акциясы бастау алды. Сонымен қатар, 2019 жылы меценаттар мен демеушілердің қатысуымен 49 қайырымдылық жоба іске асты. Демеушілік қаражат есебінен облыста «Ertis» мультимедиялық музейі, «Рухани жаңғыру» кабинеттері ашылды. Ал ауыл балаларына білім берудің заманауи технологияларының қолжетімді болуы үшін IT-кабинеттер пайдалануға берілді. Тізбектеп айта берсек, атқарылған жұмыстар ауқымды.

 

Үш жылдың ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 348 жоба мен 5 686 іс-шара ұйымдастырылған екен.

 

Мұның бәрі халық үшін ңстелген жұмыс болғандықтан, бағдарлама діттеген мақсатына жетті деп айта аламын. Ендігі кезекте әр шараның сапалы түрде жүзеге асуы үшін көпшілік болып күш салуымыз керек.

 

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет!

 

Ескерту: Сұқбат Павлодар облысы, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің көмегімен дайындалды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button