Жаңалық

Бетховеннің ақтық сапары

14 және 15 ақпан күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің көмегімен «Астана Опера» Үлкен залы сахнасында жасампаз композитор Л. Бетховеннің тағдыры жайлы «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетінің әлемдік премьерасы орасан зор жетістікпен өтті.

Елордалық театр қалың жұртқа жаңа балет жанрын ұсынды. Спектакль Л. Бетховен, Й. Гайдн, В.А. Моцарт, Д. Хаубрихтың музыкасына неміс хореографы Раймонда Ребекпен қойылды. «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» – бұл атақты тұлғаның драмаға толы өмір жолы тақырыбындағы ауқымды шығармашылық пікір.

Балет жерлеу рәсімімен басталады. Қара киімдегі адамдар ұлы композиторды ақтық сапарға шығарып салып, кемеңгермен қоштасуда. Оның қазасы туралы жайт жұртты есеңгіретіп жіберді, олар Бетховеннің өмірден өткенін аза тұтуда. Бұл көріністен оның музыкалық әлемге әсері қаншалықты күшті болғанын байқауға болады. Табытты бейнелейтін қара пианино түнерген болмысты білдіреді, сол арқылы осы өмірдегінің бәрі де өткінші екенін көрсетеді. Алайда, кейінгі көріністегі Ғарыш эпизоды композитордың өлмегенін, тек қана Ғаламның бір бөлігіне, аспан көгіндегі жұлдыздардың біріне айналғанын көрсетеді.

Балеттің композициясы баяндау үлгісінде құрылған деуге болады, оқиғалар желісі кемеңгер шығармашылығының азаптары мен құпиялары жайында сыр шертеді. Сахна төрінде Бетховен әлемі күш-қуатқа ие болады – көрермен бәрі де осылайша болғанына кәміл сенеді. Міне, болашақ композитор әкесімен бірге жаңа материалды зерттеп, рояльда ойнап отыр: Людвиг қайта-қайта шығарманы қайталауына тура келеді. Оған Эвтерпа – музыка музасы (Әсел Шайкенова, Гаухар Усина) көмектесіп, қолдау көрсетуде. Барлық әртістер бейнелерін әсерлі жеткізуде, олардың қозғалыстары хореографиялық тұрғыдан нақты әрі дәл. Бұл балетте бірнеше дерексіз кейіпкерлердің (Сырқат, Шабыт, Махаббат) болуына қарамастан, көрермен осынау қаһармандардың мінез-құлық желісін оңай ұғынды.

Осы ауқымды көрініске «Астана Опера» театрының барлық шығармашылық ұжымы қатыстырылған. Балет тарихында алғаш рет хор әртістері балет спектаклінің толыққанды қатысушыларына айналды. Олардың сахнада жасаған фигуралары өздерінің айқын сызықтарымен таңғалдырды. Балет, хор, миманс әртістері, опера солистері, оркестр музыканттары шын мәнінде керемет көріністі іске асырды.

«Астан Опера» мемлекеттік опера және балет театрының баспасөз бөлімі

Басқа материалдар

Back to top button