Жаңалық

Ансамбльдер айтысы

Ақтөбеде «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасы аясында ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген «Достық сазы» және «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамбльдерінің қатысуымен «Ұлы дала жүйрігі» атты айтыс-концерт өтті.

Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығы қарсаңында өткен бұл айтыс-концерт қазақтың көне аспаптарын насихаттауға, ансамбльдер арасындағы шығармашылық байланысты дамытуға бағытталған. Ұлттық өнердің дамуына жол ашатын мәдени шараға қатысушы оркестр мүшелері де, ұлт өнерін насихаттаушылар да мәдени шараның маңызын арттырды.

Концерттік бағдарлама барысында екі ансамбль шетел шығармаларын және қазіргі танымал әуендерді жарыса орындады. Күйшілер шеруінде домбыраның «құлағында ойнайтын», республикамыздың дүлдүл домбырашылары Таңат Сәденов пен Жәнібек Жәмиев, ақындар айтысында атағы алысқа кеткен атыраулық ақын Шалқарбай Ізбасаров пен Ақтөбенің айтулы ақыны Марат Ахметов өнерлерімен халықты бір серпілтті. Филармонияның дәстүрлі әншілері бұл айтыс-концертте сан ғасырлар өтсе де сыры мен сынын жоғалтпай саф алтындай сақталып келген халықтық асыл мұрамызды жаңғыртты. Өнер айтысында ансамбльдер күйлерді, жергілікті композиторлардың әндерін шарықтатты.

Кеш соңында филармония директоры Е.М. Кенжалиев ұлтымыздың ұлық өнерін ту қылып көтерген өнерпаздарды марапаттап, алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button