Жаңалық

Алтай әні – жан емі

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының «Халық әні» бөлімі «Алтай, Тарбағатай әндері» атты концерт өткізді.

Кештің негізгі мақсаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық-мәдени құндылықтарымызды жаңғырту, қазақ даласының қасиетті де, киелі мекенінен туындаған ән мен күй өнерінің өзіндік өрнектерін насихаттау.

«Дәстүрлі ән – қазақ мәдениетінің сан ғасырлық құпиясын өз қойнауында бүгіп жатқан қойма тәрізді. Соның ішінде Алтай, Тарбағатай әндері ойдағы және қырдағы бауырлардың сағынышынан, табиғаттың әсем келбетіне деген сүйіспеншіліктен туындаған. Оның ішінде салт-дәстүріміздің, әдеп-ғұрыптарымыздың да көрінісі бар. Жалпы қазақ мәденеитінің ажырамас бір бөлшегі», – дейді «Халық әні» бөлімінің көркемдік жетекшісі Секен Сыздық.

Орындаушылық мәнері бір бөлек, шығармашылық бітімі басқа Алтай, Тарбағатай әндерімен қоса «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі де авторлық шығармалар мен күйлерді тарту етті. Көпшіліктің қошеметіне бөленген өнерпаздар арасында ҚР мәдениет қайраткері Қарагөз Гасимова жетігенмен концерттің нақышын келтірсе, мәдениет саласының үздігі Шығыс Мақан сыбызғыда өңірге тән әуенді ансамбльдің сүймелдеуімен ұсынды. Сондай-ақ Нұрай Танабаев, Күнсұлу Тұрлыбекова, Данияр Мұқан, Жазгүл Данылбаева, Жақсыгелді Маясаров, Айнұр Қонысбаева, Нұржан Мейірхан, Алуа Қалымбекова, Айдос Оңғарбай қатарлы әншілер көпшілікті тамсандырып, ерекше әсерге бөледі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button