Жаңалық

21 ақпан қандай күн еді?

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Әлемдік экскурсия жүргізушілер күніне арналған «Жұлдызды гид» жобасы ұйымдастырылды.

Жобаның мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын және музей экспозициясын кеңінен насихаттау әрі таныстыру болып табылады.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Құрметті бүгінгі мерекеге жиналған қауым, сіздерді дүниежүзілік экскурсоводтар күнімен құттықтаймын. ҚР ұлттық музейінде «Жұлдызды гид» жобасы осымен 5-ші рет өткізіліп отыр. Әр жылдың 21 ақпанында еліміздің танымал, өз салаларында жетістіктерге жеткен тұлғалары музейімізге келіп көрермендерге экскурсия жүргізеді. Бұл барша көрермендердің қызығушылығына ие болған Ұлттық музейдің ең маңызды шараларының бірі деп есептеймін. Сіздерді бүгінгі жұлдыздарымыздың экскурсиясынан еліміздің тарихы жайлы маңызды мәліметтерге қанығып, танымдарыңызды кеңейтуге шақырамын», – деп құттықтауын жеткізді.

Бағдарлама барысында музей қонақтарына келесі танымал өнер жұлдыздары экскурсия жүргізді: Бағдат Сәмединова, Жасұлан Жүрсінұлы, Майра Төлепберген, Жұмаділов Данияр және жас әншілерден құралған «Назар» тобы.

ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, қазақ халқының халық әртісі Бағдат Сәмединова: «Бүгінгі экскурсоводтар мерекесіне орай ұлттық музейде, еліміздің киелі мекемесінде халыққа қызмет көрсететініме өте қуаныштымын. Біздің қазақ халқының мәдени мұрасы құнды, рухани қазыналарға бай. Еліміздің жастарын музейге келіп білім алып, құнды жәдігерлерді көріп, тарихымызды зерттеп, дәріптеуге шақырамын. Бүгінгі мереке құтты болсын! Осы сынды мерекелер көп болсын. Көне экспонаттарды тамашалап, көңілдеріңізге түйіп, жақсы көңіл-күйде болуларыңызды тілеймін», – деді. 

Музей келушілері өз кумирлерін жаңа қырынан – экскурсия жүргізушісі ретінде танып, музей экспозициясына өнер майталмандарының көзімен қарай алды. Бағдарламаның қорытындысы жобаға қатысушы әртістердің концерттік шарасымен аяқталды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің баспасөз бөлімі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button