Мақала

Нұрбек Бекбау: «Ру – туысқандар бірлестігі емес...»

«Дулат баба», «Адай ата». Қазір төбе-төбенің бәрі ру аталарының құрметіне қойылған күмбезге толып кетті. Осы арада сұрақ: «Дулат» деген кісі болған ба? Арғын деген адам ше?.. Болса, қай заманның кейіпкерлері?

Атақты тарихшы Жамбыл Артықбаев айтады: «Кез келген ірі рудың түбін қуалап барсаң, жалғыз бір атаға барып тірелесің, деген ұғым жаңсақ, қате пікір. Біле білсеңіз, таза туыстыққа негізделген рулар сонау тас ғасырында болған шығар… Біз мұндай жүйеден 12 мың жыл бұрын шығып кеткенбіз. Қазақтың руы – әкімшілік-территориялық бірлестік».

 

Жұртымыз отырықшы болғасын ғой, қазір Шу мен Таластың ортасын Жамбыл облысы, Қаратау мен Сырдың аралығын Түркістан облысы деп бөліп жүрміз. Ал көшпелі кезеңде, бұлай бөлу мүмкін емес еді. Өйткені: Түркістан деп атаған өлкеңді қыс уағында миллиондаған жұрт жайлап, көктем шыға Сарыарқаға кетіп қалады. Қазіргі облыс бір сәтте, 80% тұрғынын жоғалтса, ол облыс болып тұра ала ма?! Жоқ. Яғни көшпенділер әлемінде облыс, аудан дегенің – жерге байланбаған. Облыс – тайпаның өзі еді.

 

«Дулат» деген атауды қазіргі Түркістан облысы секілді әкімшілік өлке деп түсінуіміз керек. Жұртымыз көшпелі болғандықтан, облыстарымыз да, жұртпен бірге көшіп жүретін еді. Енді осы көшпелі облысты яғни ірі тайпаларды сұлтандар, билер басқарды. Бұл мобильді облыс, қазіргідей аудандарға бөлінді. Көшпелі аудан – ол аталық рулар еді. Руларды ақсақалдар биледі. Міне көрдіңіз бе, қазақтың әкімшілік бөлінісі отырықшы жұртқа мүлдем ұқсамайды. Отырықшы өркениет әкімшілік бөліністі жерге байласа, қазақтыкі мүлдем басқа еді. Осыны түсіне алмаған орыс тарихшылары: «Қазақ хандығы облыстарға бөлінбеді, сондықтан мемлекеттілік деңгейге жетпеді», – деп қателесіп жүр.

 

Сонымен, ірі ру, тайпа – туыстық байланыстырған құрылымнан бұрын, әкімшілік бөлініс екендігін айттық. Кез келген үлкен руды алып қараңыз, ішінде кім жоқ, қазақтың басқа руларынан кіргендерді айтпағанда, ондаған өзге этностардың өкілдері бар. Мысал етіп Шымырдың құрамындағы «Бестерек» руын алайық. Түбін ақтарып келсең, қазан татарлары болып шығады.

 

Иә, ру атауы сақталады. Мысалы: Адай, Қызай, Алтай атаулары бірнеше мың жыл өмір сүруі мүмкін, бірақ ішкі құрамы ылғи да өзгеріс үстінде болады. Арғын ішінде жүрген Найманға сіңеді, Қоңыраттың руы Дулатқа өтеді дегендей.

Нұрбек Бекбау

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button