Жаңалық

Целиноград. Суретшілер көзімен...

2020 жылы 20 ақпанда ҚР Ұлттық музейінде «Суретшілер мен Целиноград. Тіршілік пен қала» атты көрме ашылды.

Көрме қаланың ең ерекше мәдени естелік орны ретінде, тың өлкесіндегі кәсіби өнерге үлес қосқан тұлғаларға құрмет ретінде Целиноград қаласы Суретшілер одағына (1961-1997 жж.) арналған.

Қазақстан Республикасының бүгінгі астанасының тарихы ұзақ уақыт бойы кезең-кезеңімен қалыптасты. Кеңес дәуірінде қаланың ең белсенді өсуі Қазақстандағы тың жерлерді игерумен байланысты болды. Міне, дәл осы кезде Целиноградқа Ленинград және Львов қалаларының шығармашылық жоғарғы оқу орындарының алғашқы он түлегі жолдамамен келді.

Кәсіби суретшілер ұжымы кеңейе түсті, барлығы белсенді түрде Целиноградтың алаңдарын, мектептерін, әртүрлі мекемелерін, совхоздар мен аудан орталықтарындағы мәдениет үйлерін монументалды безендіруге белсене кірісті, көркем сурет студияларындағы оқытушылар өнер бойынша лекциялар оқуға шығып жүрді. Аз ғана уақыт ішінде жергілікті целиноградтық көркем сурет мектебі қалыптасты, ал өлкелік Суретшілер одағы республикадағы шығармашылығы ең белсенді ұжымдардың біріне айналды. Суретші-монументалистер бүкіл Кеңес Одағы бойынша нысандарда жұмыс істеді, одақтық, өлкелік және республикалық көрмелерге қатысты, Прибалтикаға жасаған шығармашылық пленэрлерден жаңа әсерлермен оралды. Петропавл және Көкшетаудағы шығармашылық өмірге тікелей әсерлерін тигізді. Осындай кәсіби жылдам өсу целиноградтық ұжымның Қазақстандағы ғана емес, өзге де одақтық республикалардағы беделді мәртебесі мен жағдайын бекітіп берді.

Марат Тұқсаитов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер Академиясының академигі:

Бүгінгі көрме өте ерекше. Неге десеңіз: 60 жыл бұрын бұл жерде «Целиноград» атты қала болды. Сол кезде Мәскеу, Львов қалаларынан жас суретшілер келіп, Целиноград қаласы Суретшілер одағын ашты. Қазір енді Астана Суретшілер одағы бар. Ол уақытта суретшілер құрамында 9 адам ғана еді. Қазір 107 суретші бар. Бізде жас суретшілер өте көп. Олардың арнайы бірлестігі жұмыс істейді. Уақыт зырғып өтуде. Көрмеде қойылған суреттердің авторларының көбі қазір өмірде жоқ. Сол одақтың құрамынан тек екі адам қалдық: мен және Асхат есімді суретші. Сол себепті еске алып, осындай көрме ұйымдастырып жатқан мұражай ұжымына алғысым шексіз.

Экспозицияға 200-ден астам туынды ұсынылды, олардың арасында Целиноград Суретшілер одағының негізін қалаушылар мен олардың шәкірттері жарты ғасыр ішінде жасаған көркем, графикалық, сәндік-қолданбалы және мүсін туындылары бар. Уақыт рухын Нұр-Сұлтан қ. Мемлекеттік қалалық мұрағат ұсынған тарихи құжаттар жасап, өткен ғасырдың 60-80 жылдарының тұрмыс заттары біздің музей қорларынан, артефакттер туыстарының жеке коллекциялары мен fading.tse паблик-қауымдастығының қатысуымен жиналды.

Көрме 31 наурызға дейін жалғасады.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button