Жаңалық

Құсбегілік – 3000 жылдық тарихы бар өнер

Құсбегілік қазақ халқының сонау заманнан келе жатқан өнері.

Асқан шеберлікті талап ететін бұл өнермен айналысатындар саны азайып, кәсіптік деңгейде болған дағдының әуесқойлықпен шектелуі, сөз жоқ, қынжылтады. Десек те, ұлттық өнерді қолдап жүрген бірнеше саятшының Қызылжар өңірінің топырығына табан тіреуі солтүстікқазақстандықтардың назарын ерекше аударған оқиға болды. Ақпанның 20-22 аралығында Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы аумағында құс салып, аң аулаудан республикалық чемпионат өтті. Додаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 12 команда қатысты.

Чемпионаттың ашылу салтанатында сөз алған Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Руслан Әлішев осындай деңгейдегі жарыстарды өткізу ұлттық спорт түрлерін дамытуға, оның ішінде үш жылдан кейін осы спорт түрі бойынша республикалық спартакиаданы өткізетін Қазақстанның солтүстік өңіріне тәжірибе жинау жолында жақсы серпін болатынына сенім білдірді. Айта кету керек, өңірдің ұлттық спорт түрлерін дамытуда өзіндік белсенділік танытуда, үш кәсіби клуб іске қосылып отыр. Ат және ұлттық спорт түрлері және қазақша күреске баулынып жүрген жандардың қатары жылдан-жылға көбеюде. Аңшы құстарды өсіру және дайындау ісімен айналысатын жекелеген әуесқойлар да бар. Ақжар ауданында ағайынды Ақылбек пен Ақан Қалиевтер бес жылдан бері қанатты жыртқыштарды өсіріп, өз шеберліктерін шыңдап келеді.

Осы күндері терсікейдің ауа-райы аңшылыққа қолайлы болды деп айта алмаймыз. Бірінші күнгі көрсетілімде қанаттарын жайған кезде екі метрге созылатын құстарды желдің екпіні қалықтатып, сайыстың талабына, қожайынның үйреткен бабына бағындырмады. Солтүстік желін түсіне алмай, қалықтап барып, қардың үстіне қонып жатқандар да болды. Келесі екі күн бойы аңшылар құсының аяғына тағылған балақбау мен көзіндегі томағасын шешіп, аңшылыққа шықты. Қалың жауған қар мен солтүстіктің желі аңшылар мен құстарға кедергі бола алмады. Сайыс аңшының да, жабайы құстың да делебесін қоздыратындай қызықты өтті.

22 ақпан күні республикалық чемпионаттың жеңімпаздары анықталып, марапатталды. Жарыстың қорытындысы бойынша, маңғыстаулық Айшуақ Таймановтың бүркіті қожайынының сенімін ақтап, жеңімпаз тұғырына көтерсе, ең епті де жылдам сұңқар Дәурен Аршабай баптаған құс танылды. Алмас Сейтжан қаршығасымен аңшылар арасындағы біріншілікті қанжығасына басты.

Солтүстік Қазақстан облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button