Жаңалық

Алматыда Абай поэзиясына арналған кеш өтті

Алматыдағы Республика сарайында қазақтың ақыны, ойшылы және композитор Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған поэзия мен музыка кеші өтті.

Салтанатты кешке Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, эссе-кештің мақсаты  – Абайдың мол мұрасын насихаттауға ерекше рең беру. Осы орайда поэзия мен музыка кешінде ойшылдың ілімі жаңа сипатта асқақтатылды. Іс-шарада көрермендерге Хәкім Абайдың еңбектері ұсынылды. Хронология бойынша әзірленген эпизодтар поэзия, музыка және хореографиямен үйлесіп, бай мұраның сырын ашты. Кеште көрсетілген оқиғалар желісі Абай пейзаждарының суреттерінде көрініс тапты.

Айта кету керек: кеште көрерменге Абайдың қалыптасуы, даму кезеңдері көрсетілді. «Әлем есігі» прологынан бастау алған іс-шара жыл мезгілдеріне арналған өлеңдермен, ал балалардың биі күйдің сүйемелдеуімен орындалды.

Сондай-ақ, сахнада ақындық-музыкалық, хореографиялық қойылымдар, соның ішінде Абайдың махаббат лирикасы, табиғат сұлулығына арналған қойылымдары қойылды. Бұған дейін тек домбырада орындалып келген «Сегіз аяқ» әнін эстрада-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Нұржан Жанпейісов, Ерлан Рысқали, Тілек Базаров сынды әншілер орындады.

Сонымен қатар тұңғыш рет көрерменге Абай жазған қазақ әдебиетінің алғашқы балладасының әуеніне балет, хореографиялық миниатюра ұсынылды.

Кеш соңында залға жиылған қауым Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Сонымен қатар, кешке келген көрермендер белсенділік танытып, ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.

Алматы қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Back to top button