Жаңалық

Ақтөбеде Абайдың 175 жылдығына орай эстафета жолданды

Биыл Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өту шараларының бәрі де халқымыздың рухани жаңғыруына арналатын болады.

Ақтөбе қалалық мәдениет үйінде өткен шарада шаһар басшысы Мавр Абдуллин: «Бұл істер қала тарихында өзгеше үрдіс, өзіндік қолтаңба қалдырады деп сенеміз», – деді.

Қалалық мәдениет үйінде өткен мәдени шара хакім Абайдың өмір жолын, шығармашылығын насихаттады. Оған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы Райхан Қалдаяқова арнайы шақырылды. Қала әкімі Мавр Ерғалиұлы ұлы тұлғалардың мерейтойын атап өту жоспары жазылған альбомды Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне табыстады. Бұл жақсы бастама жалғасып, жыл бойы әрбір оқу орны, ірі кәсіпорындар шаралар өткізіп, бір-біріне эстафетаны жолдап отыратын болады. Ол желтоқсан айында қорытындыланады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына Жолдауында: «Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек», – деген болатын. Осы тұрғыдан алғанда, ел аймақтарында ғұламалардың еңбек жолы мен шығармашылығын насихаттау арқылы жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелейтін шараларды атқаруымыз керек. Ақтөбе жұрты бұл жолы да адамзаттың рухани дамуына өз үлестерін қосты.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button