Жаңалық

Нұрбек Бекбау: «Ру – тәрбие құралы»

Ру көшпенділер үшін тек қана әкімшілік бөлініс емес еді. Ру номадтардың туыстық масштабын ұлғайтушы құрал қызметін де атқарды.

Мысалға: адамның ең жақын туыстары кім? Әлбетте жанұясы. Отырықшы жұртта, туыстық масштаб, осы ошақ басындағылардан әріге аспайды. Еуропалық ары кетсе туысқаным деп, он адамды айтар. Ал қазақ үшін туыстың саны мыңнан асып кетеді. Бір отбасыда, керек десеңіз бір әулетте, мұншама жанның болуы мүмкін емес! Әрине, бұл рудың арқасы ғой. Белгілі бір руға мүше болсаң, сол рудағы адамдардың баршасы туысқанға айналып шыға келеді. Бір атадан өрбіп шыққанбыз деген аңыз, шежіре мыңдарды біріктіреді. Былайша айтқанда, ру – тікелей туыс емес адамдарды бір-бірімен аға мен іні, әпке мен сіңлі секілді туыстық, өте жақын масштабқа келтіреді.

Айтпақшы, әлемде дәл қазақ сияқты, Пайғамбарды тудырған араб ұлтында да, осындай рулық жүйе бар. Мәселен, Мұхаммед (с.а.с) Құрайыш тайпасының өкілі. Ол Меккеде жаңа дінді насихаттай бастағанда, оны туыстары тілдеді, табалады. Бірақ, осыншама жек көріп тұрса да, оны өзге біреудің тоқпақтауына берген жоқ. Себебі – Мұхаммед оларға өзінің туған ағасындай еді. Ал туған бауырын ешкім тепкілетіп қоймайтыны анық. Пайғамбар өмірін оқып отырғанда, мен секілді бірнеше қазақ, құрайыштықтардың осы тірлігін жүрегімен ұғынды. Ал жанымыздағы тәжік, өзбек бауырлар Құрайыштықтардың пайғамбарды жек көре тұра, неге оны өзге біреудің төпелеуіне, абыройын түсіруге жол бермегенін түсінбейтін.

Иә, пайғамбардың қауымын, оның өмір баянын өзбек-тәжік жүрегімен түсіне алмайды. Ал қазақтың өмір дағдысы әлі күнге дейін тура пайғамбар заманындағыдай. Руласын жамандатқызбайды, жамандыққа қимайды.

Сосын бұл ру – өзіне мүше әрбір адамға жауапкершілік арқалатады. Ол не дейсіз бе? Руға мүше адам, сол рудың абыройын асқақтау керек деген міндет жүктеледі. Әр кісіге. Тиісінше руға кіретін әрбір азамат рудың атына кір келтірмеуі керек.

Меккеде қажылықта жүргенімде, арабтың Нәдір дейтін тайпасының ақсақалымен жолыққаным бар. Ол: – Біздің ру Араб жазирасына, мүлдем өтірік айтпайтын ру ретінде аты мәшһүр, – деп еді.

Иә, араб жұртында ру аралық бәсеке деген қатты. Бір-бірінен жақсы ат шығарудан жарысады. Қандайда бір рудың жігіті ұрлық жасаса, әлгі тайпаның абыройы өзге жұрттың алдында түсіп қалады. Сондықтан, ру ақсақалдары – өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қатты мән береді.

Нұрбек Бекбау

Басқа материалдар

Back to top button