Жаңалық

«Астана Опера» сіздерді күтеді, көрермен!

Елордалық «Астана Опера» театрының сахнасында наурыз айының көктемгі мерекелер қатары опера және балет спектакльдерінің қойылымдарымен, қазақстандық классикалық өнер жұлдыздары қатысатын қызықты да тартымды концерттік бағдарламалармен ұсынылмақ.

7 наурыз сағат 18.00-де театрдың Камералық залында танымал «Музыкалық қонақжай» топтамасынан «Махаббат әндері» мерекелік концерті өтеді.

Тыңдармандарды «Астана Опера» опера солистері, хор әртістері мен оркестрінің орындауында Халықаралық әйелдер күніне арналған жарқын шоу күтуде. Нәзік жандылардың көктемгі мерекесіне арналған керемет тарту ретінде әлемдік опера классикасынан сезімге толы, лирикалық, тереңнен толғандыратын ариялар, сонымен қатар қазақ, орыс және неаполитан әндері мен романстары шырқалады.

8 наурыз сағат 18.00-де Үлкен зал сахнасында нәзік жанды арулардың назарына «Париж Құдай анасының соборы» балеті ұсынылмақ. ХХ ғасырдағы әйгілі балетмейстер Ролан Петидің бірегей хореографиясы, композитор Морис Жаррдың тамаша музыкасы, атақты париждік кутюрье Ив Сен-Лоранның көздің жауын алар костюмдері елордалық театрда орын алған премьерасынан-ақ осынау балетті көрермендердің ең сүйікті қойылымдарының бірі етті. Квазимодо – Бақтияр Адамжан, Эсмеральда – Әйгерім Бекетаева, Клод Фролло – Арман Уразов, Феб – Олжас Тарланов. «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі, балет әртістері, хоры және мимансы, қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев, бас хормейстер – Ержан Дәуітов. Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова.

Күн мен түн теңеліп, табиғат атаулы түрленетін көне мереке Наурыз қарсаңында елорда тұрғындары мен қонақтарын ұмытылмас вокалдық және аспаптық музыка кеші күтеді. 15 наурыз сағат 18:00-де театр оркестрінің дарынды әртістері «Көктем әуенімен үндескен» романтикалық концертін ұсынады. Бұл кеште Камералық зал сахнасына Айнұр Қамалова (арфа), Зынхар Ахметбек (скрипка), Наталья Керносова (фортепиано), Ислам Әлиев (гобой), Балнұр Кұдайберген, Айжан Ермұханова, Талшын Кешілбаева (скрипкалар), Олеся Морозова, Саид Мамиев (альттар), Нұрисламбек Жұматов, Мағжан Сағади (виолончельдер) шығады. Бағдарламаға Л.Шпордың Арфаға арналған фантазиясы, до минор, К.Дебюссидің Скрипка мен фортепианоға арналған сонатасы, cоль минор, Арфа мен ішекті аспаптарға арналған екі би, Гобой мен арфаға арналған «Мечтательность», К.Сен-Санстың Скрипка мен арфаға арналған фантазиясы, ля мажор енді. Жүргізуші – Ақерке Әли.

19 наурыз сағат 19:00-де театрдың Камералық залында Жұбановтар әулетінің бай музыкалық мұрасына арналған «Шуақты музыка» концерті өтпек. Көрнекті қазақстандық композиторлар – ұлттық кәсіби музыканың негізін қалаушы Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, Әліби Мәмбетовтің, сондай-ақ жас заманауи автор, музыкалық әулеттің ізін жалғастырушы Карина Измаилованың шығармалары шырқалмақ. Танымал қазақстандық әртістер, «Астана Операның» жетекші опера солистері мен оркестр музыканттары, сонымен бірге профессор Дина Әзірбайжанқызы Мәмбетова сыныбының дарынды шәкірттері Камилла Мәмбетова, Карина Измаилова (фортепиано), Салтанат Ахметова мен Айгүл Ниязова (сопранолар), Азамат Жылтыркөзов пен Шахимардан Әбілов (баритондар), Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), Орынбай Дүйсен (домбыра), Асқар Мұқанов (виолончель), Аида Әбдіқадырова, Әйгерім Дәуітбаева (флейта), Думан Орынғалиұлы (труба), Дана Әбдіқадырова, Айгүл Қалкенова, Алена Цылева (фортепиано) өз өнерлерімен тыңдарман қауымды қуантады.

А. Жұбановтың туындылары, атап айтқанда, Скрипка мен фортепианоға арналған «Ария», №1 және №5 тәжік билері, Виолончель мен фортепианоға арналған «Романс», «Би күйі»; Ғ.Жұбанованың «Өтеді күндер» романсы, Виолончель мен фортепианоға арналған «Мерекелік күй», «Токката» орындалатын болады. Сондай-ақ бағдарламада Ә.Мәмбетовтың шығармалары – Фортепианоға арналған үш пьеса, «Атама» күйі, Флейта мен фортепианоға арналған төрт миниатюра, Труба мен фортепианоға арналған Die Melodie fur Rose, Скрипка, виолончель және фортепианоға арналған «Элегия» триосы (ата-ана құрметіне); К.Измаилованың – А.Жұбановтың «Қарлығаш» тақырыбына фантазиясы, «Сөзсіз ән», Скрипка мен фортепианоға арналған «Аллегро», Ә.Мәмбетовке арнау ретінде флейта мен фортепианоға арналған «К свету» пьесасы, сондай-ақ Қаршыға Ахмедьяровтың «Ғазиза» күйі ұсынылған.

21, 22 және 23 наурызда сағат 18.00-де театрдың Үлкен залында ұлттық классика жауһары – Ғ.Мүсіреповтың либроттасына жазылған Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы сахналанады. Алғашқы қазақ операсы болған «Қыз Жібек» «Астана Опера» сахнасында қоюшы режиссер Михаил Панджавидзе мен қоюшы дирижер Абзал Мұхитдиннің жаңа редакциясында ұсынылған. Қазақстандық театр суретшілері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов жасаған керемет декорациялар, сәнді костюмдер қойылымда бейнепроекциялармен, 3D-технологиялармен толықтырылған. «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі, опера труппасы, хоры, балет әртістері, миманс және балалар студиясы. Бас хормейстер – Ержан Дәуітов, қоюшы балетмейстер – Мукарам Авахри, кеңесші – Асхат Маемиров, режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов, дирижер – Руслан Баймурзин, балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.

Спектакльдегі басты партияларды опера солистері ұсынады: Жібек – Жәмилә Жарқымбаева (партиядағы дебюті), Назым Сағынтай, Мәдина Исламова, Төлеген – Меир Байнеш, Медет Чотабаев, Жан Тапин, Бекежан – Талғат Ғалеев (21.03, 23.03), Жанат Шыбықбаев (партиядағы дебюті). Шеге – Бейімбет Таңарықов (21.03, 23.03), Ерлан Рысқали (театрдағы дебюті), Базарбай – Жанат Шыбықбаев, Болат Есімханов (22.03, 23.03), Қамқа – Дина Хамзина, Гүлжанат Сапақова, Салтанат Мұратбекова (партиядағы дебюті), Қарлығаш – Айгүл Ниязова, Әсем Сембина (22.03, 23.03), Батсайы – Салтанат Мұратбекова, Татьяна Вицинская (22.03, 23.03), Дүрия – Елена Ганжа, Бибігүл Жанұзақ (22.03, 23.03).

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button