Жаңалық

«Толық адам» бейнесіне жақындауға әрекет жасайық, жастар!»

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбе облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығы мен С. Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы бірлесе «Ұлы ойшыл Абай – қазіргі заман, тәуелсіз Қазақстан азаматтарының жаңа бейнесі» атты дөңгелек үстел өткізді.

Шара барысында Хакім Абай тағылымдарындағы биік адамгершілік, имандылық, ізгілікті жастарға үлгі ету арқылы жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына түрткі жасау мақсат етіп қойылды.

Мәдениет қайраткері Е.Ж. Құрманбек, Қ.Жұбанов ат. АӨМУ «Абай тану және ұлттық руханият» орталығының жетекшісі, ф.ғ.д. А.Ш. Пангереев және психология-педагогика кафедрасының доценті, п.ғ.к. Г.Е. Елеусинова Абай  мұраларының  танымдық-тағылымдық мәнін ашып, бүгінгі салауатты, саналы ұрпақтың дамуына ықпал етер ғибратты ойлары туралы сөз қозғады.

Еркін Жолмырзаұлы өз сөзінде: «Абай қазақтың кемшіліктерін айтқан кезде, оны жек көргендіктен емес, «білім алып, көзі ашылсын, ғылым үйренсін, балаларын оқытсын» деп сынады. Абай айтқан жаман қасиеттер қазір де бар. Біз олардан арылу үшін ұлы ойшылдың тағылым сөздерін саралап, зердемізге түйіп, Абай айтқан «Толық адам» бейнесіне бір табан да болса жақындауға әрекет жасайық, жастар!» деп сөзін түйіндеді.

Аталған шараға қатысқан мәдениет саласының қызметкерлері, тарих және тіл мен әдебиет пәндері мұғалімдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, студенттер мен волонтерлер, оқырмандар Қазақстан азаматының жаңа бейнесі, жалпы Абай мұрасының бүгінгі күн тұрғысынан өзектілігі туралы ой бөлісіп, пікірлесті.

Кітапхана қызметкері, жас ақын Әбжан Нұрсұлтан өзі жатқа білетін 150 өлеңнің ішінен «Әсемпаз болма әрнеге», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өледерін оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

«Атамекен» аталар және «Асылым» әжелер ансамбльдерінің орындауында Абай әндері шырқалып, көпшіліктің көңілін серпілтті.

Шараның әсерлі өткендігі сондай, Ұлы Абайдың даналыққа толы сөздері әрбірінің жадында жатталып, шырқалған ән құлағында жаңғырып тұрды.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Back to top button