Жаңалық

«C», «W», «X» таңбалары. Жаңа әліпби

Түрлі форматтағы отырыстар мен БАҚ, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, қызу пікір-талас тудырып жүрген әріптер графикасына қатысты ұсыныстар қазақ тілі мамандары мен ғалымдардың негізінен ортақ бір шешімге келіп отырғанын байқатады.

Аңғарсақ, үш негізгі әліпби жобасының бірі ретінде республикалық көлемде ашық талқылаудан өтіп, кеңінен қолдау тапқан умлаутты әліпби жобасы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынған латынграфикалы қазақ әліпбиі жобасындағы 31 әріптің 26-сы бірдей таңбамен берілген. Нақты айтқанда, екі жобада да «ә», «ө», «ү» дауысты дыбыстарының – умлаутты ä, ö, ü таңбаларымен, дауыссыз «ғ» дыбысының – бревис диакритикалық белгісімен (ğ), «ң» дыбысының – ŋ таңбасымен, «ш» дыбысының седиль белгісімен (ş) берілгенін көреміз. Сондай-ақ, қазақтың төл сөздеріндегі «и», «у», «ы», «і», «й», «ұ» дыбыстарын таңбалау мәселесінде келіспеушілік орын алғанымен,

1) кірме сөздердегі [и] дыбысын – /і/ әрпімен (institute, ministr т.б.), [y] дыбысын /u/ әрпімен (universitet, prokuratura т.б.) таңбалау;

2) жаңа әліпби құрамына басы артық «ё», «щ», «ц», «ч», «ь», «ъ», «э», «ю», «я» әріптер таңбаларын алмау мәселесінде де ой-пікір ортақтығы байқалады.

Дей тұрғанымен, жаңа әліпби құрамына қатысты түсіп жатқан ұсыныстардан басқа пікірлердің де бар екенін көреміз. Бұл жерде біз бекітілген акутты әліпбиде жоқ, бірақ қолданыстағы шеттіл сөздерінде, халықаралық терминдер мен лого, бренд, марка атауларында кездесетін әріптердің әліпби құрамына енгізілу қажеттілігі/қажетсіздігі мәселесіне тоқталады А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі Хабиева А.А.

Әртүрлі сала мамандары мен қалың әлеумет тарапынан түскен сауал-ұсыныстардың басым көпшілігінде «C», «W», «X» таңбалары сөз болып жатады. Расында да, жаңа әліпби құрамында С таңбасы болмаса, Соса-cola, Canon, Соlgate, Microsoft, Camri тәрізді лого, бренд, марка атауларын, UNESCO халықаралық ұйым атауын, химиялық элемент – кальцийді білдіретін Са символын, CD (диск), CCTV (телеарна) сияқты тағы да басқа қысқарған сөздерді қалай жазамыз?

W таңбасы болмаса, химиялық элемент – вольфрамды білдіретін W символын, ғаламтор белгісі болып табылатын www (ағыл. World Wide Web) таңбасын қалай белгілейміз?

Х графемасы болмаса, Ххромосомасы биологиялық терминін, ЕХРО, Microsoft Excel атауларын т.б. қалай таңбалаймыз? Осындай сөздерді жазу үшін жаңа әліпби құрамына «C», «W», «X» әріптерін енгізу қажет пе? Бұл сұрақтарға жауап бермес бұрын, мынадай жайтқа назар аудартқымыз келеді:

Кез келген халықтың әліпбиі өзгенің емес, өз тілінің дыбыстарын толықтай беруі, сөздердің екіұшты оқылмауын қамтамасыз етуі шарт. Әліпби құрастыру барысында басқа тілден енген сөздерді қалай жазамыз деген мәселе емес, төл сөздерімізді қалай таңбалаймыз деген мәселе бірінші орында тұру қажет. Ал жоғарыда қойылған сұрақтардың шешімін қазіргі жазу тәжірибеміз бен латынграфикалы түркітілдес халықтар тәжірибесінен табуға болады.

Осы күні қолданып жүрген кирилграфикалы жазуымызда түпнұсқа тілінде Х (икс)-пен келетін сөздерді «кс» әріптіркесімен (ЕХРО → ЭКСПО, еxcel → эксель, хenon → ксенон, tахi → такси т.б.), W әрпімен келетін сөздерді «у», «в» графемаларымен (Wikipedia → Уикипедия, website → веб-сайт т.б.) таңбалау, Mitsubishi, Camri, Samsung, Соса-cola, Microsoft сияқты марка, лого, бренд атауларын ресми құжат жазуынан басқа жағдайларда Митсубиси, Камри, Самсунг, Кока-кола, Майкрософт түрінде әліпбиіміздегі бар әріптермен жазу қалыптасқан.

Түрік, әзербайжан әліпбилерінде С әрпі бар, бірақ ол графема сол тілдердің төл дыбысын [dʒ] таңбалау үшін алынған. Ал бұл әріп біздің жаңа әліпби құрамына алынған жағдайда, графикалық тұрғыдан <ц>, <ч> фонемаларын ғана таңбалай алады. Яғни, әліпбиде С графемасы болған жағдайда да, ол Соса-cola, Canon, Camri, Соlgate, UNESCO тәрізді сөздердің жазылуын қамтамасыз ете алмайды. Өйткені ол әліпбидегі мазмұнына қарай «ц» немесе «ч» ретінде қабылданып, цоца-цола // чоча-чола, цанон // чанон, цамри // чамри т.б. түрінде оқылатын болады.

Түрік, ғағауыз әліпбилерінде факультативтік әріптер қатарындағы W графемасы кездеспейді, бірақ ол жазуда жалқы есімдерді түпнұсқадағыдай таңбалау үшін қолданылады: New York, Wuppertal, Wiener Neustadt. Байқағанымыздай, үнемі емес, тілдік қажеттілікке қарай кейбір тұста қолданылатын графемалар әліпбиден орын алмай-ақ, жазуда көрініс тауып отыруы мүмкін.

Сонымен, ертеңгі күні шеттіл сөзін, белгілі бір марка, бренд атауын т.б. жаза алмай қаламыз деген себеппен жаңа әліпби құрамына «C», «W», «X» әріптерін енгізудің қажеті жоқ деп есептейміз. Өйткені UNESСO, EXPO сияқты халықаралық ұйым атауларының, Са (кальций), Сr (хром), Х (вольфрам) т.б. химиялық элемент белгілерінің, ағылшын тіліндегі атауы бойынша қысқарып, танымал болған CD (диск), CCTV (телеарна), www (ағыл. World Wide Web), vk.com (әлеуметтік желі) т.б. аббревиатураларының, Соса-cola, Canon, Соlgate, Windows, Microsoft, Camri тәрізді лого, бренд, марка атауларының ресми құжаттардағы (шарт, келісім, жарғы, өкім т.б.) түпнұсқалық орфограммаларының қолданылу тәртібі қазақ тілінің негізгі емле ережелерімен реттеліп отыратын болады.

Басқа материалдар

Back to top button