Жаңалық

Отбасылық құндылықты қалай түсінесіз?

Отбасы тақырыбы қазіргі таңда қоғамдағы ең өзекті мәселенің біріне айналды.

«Отан отбасынан» басталады дегендей, отбасында алған тәлім-тәрбиенің арқасында баланың болашағы қаланатыны рас. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», – деп атам қазақ айтқандай, ұлдың ұлықты, қыздың қылықты болуы, әрине, ата-анаға тікелей байланысты. Отбасынан алған тәлім-тәрбиенің арқасында жеке тұлға болып қалыптасады. Өзіндік ойы, пікірі бар баланың қалыптасуы жақсы болса, еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосар азамат болып өсетіні анық. Енді, мұның бәрі сайып келгенде ананың аялы алақаны мен әкенің мейіріміне тікелей байланысты. Отбасының айрандай ұйып отыруы және балаларына үлкен жауапкершілікпен қарауына осы екі жан міндетті.

Осы орайда, отбасының беріктігін жастарға үғындыру мақсатында 7-наурыз күні Жаңақорған ауданында Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы мен «Жаңарған Жаңақорған жастарының» ұйымдастыруымен жас отбасылармен «Бақытты шаңырақ және бала тәрбиесі» атты семинар-тренинг өтті.

Семинарға «Қазақстандағы 100 жаңа есім жобасының жеңімпазы», облысымызға белгілі психолог Сымбат Әбдірахманова қатысып, отбасындағы бала тәрбиесі жөнінде кеңестер беріп, тренинг өткізді. Үйдегі кез келген мәселе, оның ішінде ұрыс-керіс баланың психологиясына кері әсер тигізетіні жайында кеңінен айтқан Сымбатқа қатысушылар көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап ала алды.

Сондай-ақ отбасы от басудан басталып кетпес үшін, жастарға кең көлемде кеңес беру үшін семинар-тренингке Жаңақорған ауданының мәслихат депутаты Серiк Абдуллаев, Жаңақорған ауданының мәслихат депутаты Азия Қыстаубаева, «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Баян Үсейiновалар қатысып, бүгінгі тақырыпқа қатысты өмірлік тәжірибелерімен ой бөлісті. Семинар барысында «Жаңаша» театрының əнші актерлары отбасы тақырыбы төңірегінде қойылым қойды. Шара соңында көрермен қыз-келіншектердің барлығына дерлік гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етілді.

Иә, бүгін қоғамда тәрбие негізін отбасыдан бастаудың өзіндік салмағы бар. Тағдыр тамшыларының ең нәрлісi бipлесiп күн көретін отбасы құндылығы. Қоғамдық тұрғыдан қажеттіліктерді қанағаттандыратын туыстық қатынастың қазақ қағидасынан құламауына азда болса негіз болар кеште көп отбасылар белсенділік танытты.

Қызылорда облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button