Жаңалық

Қазақстандық оқушылар ел намысын әлемдік аренада қорғамақ

Қазақстандық оқушылар ел намысын әлемдік құлтемір сайысында қорғамақ.

Қазіргі таңда олар Түркияда өтетін іріктеу сайысына дайындалып жатыр. Еліміздің әр өңірінен жиналған өнертапқыштар роботтарын соңғы рет тексеріп, одан кейін жарысқа аттанады. Роботты толықтай оқушылар өздері жасап шығарған. Алайда қажетті бөлшектерінің көбі шетелден жеткізілген. Тек кейбірін Алматыдағы құрылыс дүкенінен алыпты. Қолжетімсіз детальдарды 3D принтер арқылы дайындаған. Адаммен бірдей аппаратты құрауға шамамен 6 мың доллар кеткен. Бұл қаражатты демеушілер бөлген.

Жарыс кезінде роботтар шаршы алаңға жіберіледі. Онда олар түрлі тапсырманы орындайды. Бастысы құлтемір шапшаң қимылдап, көп ұпай жинау керек. Ақылды аппарат тіпті спорттық жаттығу да жасайды.

«Кернеу Роботикс» атты командада 9 оқушы бар. Оның алтауы Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің білімгерлері. Қалғаны өзге өңірден жиналған. Бәрі де робот құрастырудың шебері. Қазақстандық құрама наурыздың 9-ы мен 11-і аралығында Түркияда өтетін FIRST ROBOTICS COMPETITION жарысына аттанбақ. Аталған сайыста 10 елден 30-дан астам команда бақ сынайды. Айта кетейік бұл құлтемірлер жарысына ТМД елдерінен Қазақстан мен Украина ғана қатысады.

Иә, Түркиядағы іріктеу кезеңінен өткен соң оқушылар АҚШ-қа жол тартады. Онда әлемнің жас өнертапқыштары сайысады. Егер аталған жарыста жеңіс тұғырынан көрінсе, оған ұйымдастырушылар арнайы стипендия бөледі. Сол арқылы  жеңімпаз әрмен қарай білімін АҚШ-тағы білікті университетте жалғастырады. Мұндай бәйге отандық өнертапқыштардың шыңдалып, шетелде білімін жетілдіруге септесетіні сөзсіз.

Алматы қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button