Жаңалық

Бибігүл Жексенбай: «…арзан шоуға айналдырмайық!»

«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі отандық телевизия индустриясының имиджін қалыптастыру мақсатында құрылған. Елімізде 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Байқаудың беделі жыл сайын биіктеп, ерекшеліктері артуда. Биыл көрерменді қалай таңғалдырмақ? Бұл туралы бәйгенің қазылар алқасында мүшелік етіп жүрген Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбаймен сұқбат құрған едік. Ендеше, мархабат!

Ruh.kz: Бибігүл ханым, сәлеметсіз бе! «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің қазылар алқасында бірінші жыл емессіз, бұл бәйгенің басқа бәйгелерден ерекшелігі неде?

Бибігүл Жексенбай: Сәлеметсіз бе! Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары БАҚ өкілдеріне қатысты, журналистердің еңбегін бағалайтын әртүрлі бәйгелер ұйымдастырылып, жиі марапатттар берілуде. Журналистеріміз жекелеген, ұйым, министрліктердің тарапынан ақшалай сыйлықтар мен алғыс хат, медальдарға жиі ие болып келеді. Әсіресе, маусым айының соңында әлеуметтік желілерде сыйлық пен марапаттарымызды жарыса жариялайтынымыз белгілі. Осы сыйлықтардың ішінде «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауының ерекшелігі неде десеңіз, бұл – әріптестер арасындағы журналистердің кәсіби шеберліктерін танытатын төл байқау. Онда журналистердің белгілі бір сала бойынша ғана жазылған емес, жалпы кәсіби шеберліктері бағаланады. Бірнеше жылдан бері дәстүрге айналып үлгерген аталмыш бәйге көпшілік арасында жоғары ықыласқа ие болуда. Мұнда тек журналистер емес, ақпарат құралдары саласындағы басқа да мамандар қатыса алады. Мәселен,​ үздік режиссер, оператор сияқты арнайы номинациялардың қосылып, кеңейе бастауы қуантады.

Ruh.kz: «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауы жыл сайын өтіп келеді. Биыл қандай ерекшеліктері бар, осыған тоқталып өтсеңіз.

Бибігүл Жексенбай: Өздеріңіз білетіндей, бұл байқауда жыл сайын тек «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің лауреаты атағы ғана болатын. Биыл байқаудың құрылтайшыларының бастамасымен ақшалай да қолдау көрсетіліп, жеңімпаздарға қосымша 1 миллион теңгеден сый-сияпат берілетінін атап өткен жөн. Екінші ерекшелігі, байқауға биылдан бастап халықаралық деңгейдегі сарапшылар, осы саланың нағыз мамандары қазылық етеді. Сондықтан да биыл «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің беделі одан сайын биіктейді деп сенемін.

Ruh.kz: «Тұмар» байқауына жіберілген жұмыстар қалай таңдалып алынады? Осы қаладағы БАҚ-тан бөлек, өңірлердегі БАҚ-қа қаншалықты көңіл бөлінген?

Бибігүл Жексенбай: «Тұмар» байқауының тағы бір ерекшелігі аймаққа бөлінбейтіндігінде. Мұнда кез келген журналистің аудандық, облыстық, қалалық деңгейдегі БАҚ-қа шығарған дүниелері қатыстырылады. Ерекше көзге түсіп, нақты бір мәселені шешуге көмектескен материалдар болса, міндетті түрде ескеріліп, әділ бағаға ие болады. Қазіргі таңда көрермен көңілінен шыққан дүние бірден көрініп тұрады (әлеуметтік желілердегі қаралым деңгейі бар). Байқаудың талаптарына ұсынылатын еңбектердің​ қаншалықты сәйкес келетінін қазылар алқасы сараптайды. Жоғары ұпай жинаған кез келген әріптесіміз жеңімпаздар қатарынан көріне алады.

Ruh.kz: Рухани жаңғыруды қалай түсінесіз? Наурыз мерекесі сіздің үйіңізде қалай тойланады?

Бибігүл Жексенбай: Рухани жаңғыру – адамның санасындағы сілкініс. Рухани жаңғыру – көше бойына​ немесе әртүрлі басылымдардың бетіне «рухани жаңғыру» деп жазу ғана емес, санамызды жаңғырту. Бойымыздағы ұлтымызға, тарихымызға, мәдениетімізге деген сүйіспеншілігімізді қайтадан ой елегімізден өткізуіміз қажет. Ұлтымызды ерекше мақтан тұтып, отанымызды сүйетінімізді іс жүзінде көрсетуіміз керек. Отанға деген махаббат кішкентай дүниеден басталады. Мысалы: Наурыз мерекесі. Өз дәстүрімізді сақтауымыз керек. Бала кезімізден әке-шешеміз бойымызға Наурызды жыл басы деп сіңіріп өсірді. Біз балаларымызға насихаттап келеміз. Туған-туыс, дос-жараңдармен мәре-сәре болып көрісіп, өкпе-назымыз болса ұмытып, қайта қауышамыз. Бұл мейрамның мақсаты да осы:​ адамдарды бір-біріне жақындастыру, сыйластықты күшейту. Наурыз – жаңарудың, бір-біріне жақсылық жасаудың бастамасы. Тек Наурыз ғана емес, тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміз қазақта өте көп.

Ruh.kz: Ұлттық дәстүрлерге көзқарасыңыз қандай және қаншалықты ұстанасыз?

Бибігүл Жексенбай: Дәстүрлерімізді арзан шоуға айналдырмай, саналы түрде, түсіністікпен әрі қарай дамытудың қамына кірісуіміз қажет. Егер дәстүрімізге сәйкес, әркім өз міндетін, әжелеріміз әжелердің, келіндеріміз келіндердің, қыздарымыз қыздардың, ер азаматтарымыз ер азаматтың міндетін атқаратын болса, біздің ұлтымыздан асқан ұлт болмайды.

БАҚ-тың міндеті батысқа еліктеуден алшақтатып, құндылықтарымызды насихаттау. Қазақ көбіне: «Шетелге кетіпті. Еуропада, Америкада тұрады екен. Ой, Америкада сондай керемет екен», – деп өзгелерге ерекше тамсанып, қызығып қарайды. Өзім азды-көпті куә болған Норвегиядан ұлттық құндылықтарды сақтау, дәріптеуге байланысты үйренетін тұстарымыз бар. Норвегия –​ 4,5 миллион ғана халқы бар шағын мемлекет. Бірақ ұлттық құндылықтарын қатты сақтап қалғаны соншалықты, шетелден келген азаматтар бірінші кезекте сол тілді үйренуге, дәстүрлерін барынша біліп, тануға тырысады. Өйткені тілін, мәдениетін, дәстүрін​ білмей, сол қоғамға кіре алмайды. Әрине, біз әлі күнге дейін шетелдіктер тұрмақ, қазақтарға өзіміздің дәстүрімізді «біліңдер, біліңдер» деп​ үгіттеп жүрген сияқтымыз. Керісінше, сырттан келген адамдарға ұлттық құндылықтарымыз арқылы өзге ұлт өкілдерінен өз артықшылығымызды көрсетуіміз керек.​ Баға жетпес ұлттық​ құндылығымызды абыроймен, жоғары деңгейде көрсетсек қана бізді барлығы мойындайды.

Өзімізді көтеруіміз арқылы өзгелерді сыйлата аламыз. Бұған мысал ретінде әнші Димашты алуға болады. Оның концертіне барған шетелдік азамат бір-екі ауыз сөз болса да үйреніп, қазақша ән айтып, қазақ тілінде сөйлейді. Тіпті бірінің тарапынан «қазақ тілі қандай әдемі тіл» дегендей тамсаныс танылады! Қысқасы, Тұңғыш Президентіміз айтқандай, «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңестіріп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек».

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет! Алдағы байқауды абыроймен өткізуді жазсын!

Басқа материалдар

Back to top button