Жаңалық

«Жаралы гүлдер» драмасы сахналанды

Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрында С. Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» драмасының премьерасы өтті.

Жеңістің 75 жылдығына арналған қойылымда соғыс жылдарындағы елде қалған қорғансыз əйелдер мен сарыауыз балғындардың жан тебірентер ауыр тағдырлары көрініс береді.

ХХ-шы ғасырда неміс фашистері дүниені дүрліктірген сұрапыл соғыстың ауыр жүгін қазақ ауылындағы жасөспірім балалар мен әйелдер арқалады. Бірінің әкесі, бірінің бауыры соғыс майданында қаза тапқан балалардың қайғысы мен бала көңілі Военкомның темірдей тәртіпке иген талабымен қосақталған көріністер көрермен көңілінен орын тапты.

Жасөспірімдердің періштедей пәк жүректері сағыныш кернеген сәтте, бір-бірін жұбатқан сәттері көрермен көзіне жас үйіртті. Драмада қиындыққа мойымаған жас ғұмырлар тіршілік көгін тұмшалаған қара түнектен жарқын өмірге қарай ұмтылады.

Қойылым соңында театр әртістері сахнаға соғыстан қайтпаған, ел есінде мәнгі қалған тұлғалардың суреттерін алып шығып, рухтарына тағзым етті.

Қоюшы режиссері – Ш. Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов.

Қоюшы суретші – ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов.

Шымкент қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Back to top button