Жаңалық

«Көне құмыраның сыры» фильмінің тұсаукесері өтті

Шымкенттегі Көрме орталығында «Көне құмыраның сыры» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті.

Шымкенттік «САҚ» киностудиясы Қазақстанда алғаш рет қазақтың исін аңқытып, тарихты толғатар, рухани құндылығы, тәрбиелік мәні ерекше анимациялық туындылармен балалар қоржынын толықтырып келеді.

Бүгін де керемет дүниенің тұсауы кесілді. «Көне құмыраның сыры» атты анимациялық фильмнің екінші бөлімі еліміздің рухани жаңғыру бағытында Шымкент қалалық әкімдігінің тапсырысымен жасалған. Анимациялық фильм ұлттық құндылықтарымызды паш етіп, келер ұрпақтың санасына елжандылық пен отансүйгіштікті сіңіруге бағытталады.

Биылғы жылы Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл -Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай аталған фильм барысында Ұлы тұлғаларымыз дәріптеліп, Мемлекеттік Рәміздеріміз насихатталады.

Аружан мен Әжіран есімді оқушы қыздар мектепте қазақ халқының тарихына қатысты шығарма жазу жөнінде тапсырма алады.
Олар қажет мәліметтерді алуға мұражайға келеді. Мұражайдағы тұрған Көне Құмыраға кездеседі.
Содан Көне Құмыра білімпаз қыздардың өтінішімен оларды ерте заманға апарып, сол кездің өмірін көрсетеді.
Олар көне кезеңде жүріп, көптеген шым-шытырық оқиғаларға кезігеді. Қыздар көне Отырарда Ұлы ұстаз Әл-Фарабимен жолығып, сұхбаттасады. Киелі Қазығұрт тауының басында Елтаңбамызда бейнеленген қанатты Пырақпен кездеседі.
Көне заманға саяхаттап қайтқан Аружан мен Әжіран қазақ тарихы жөнінде шығармаларын жазып, бестік баға алады.

Сценариін жазған және режиссері: Батырхан Дәуренбеков

Продюсері: Нуриддин Паттеев

Композиторы: Руслан Шынықұлов

Қоюшы суретші: Самат Нұралиев

Алдағы уақытта анимациялық фильмнің жаңа бөлімін түсіру жоспарланып отыр.

Шымкент қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button