Жаңалық

Алтын Орданы ыдыратқан осы эпидемия еді...

«Черная смерть» қандай індет еді? Қалалықтардың 60 пайызы неге қырылды? 20 жылдың ішінде таққа қалай 25 хан отырған. Нұрбек Бекбау бүй дейді:

Мынау эпидемияның кесірінен биылғы Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы атап өтілмейтін сияқты. Бір таңғаларлығы: көшпенділердің ҰЛЫҚ империясы, әлгінде айтқан Оба эпидемиянынан құлап еді. Эпидемия Орданы құлатты, эпидемия Орда тойын өткізбей тұр. Қызық, ә?!

Біз, XIII-XIV ғасырдағы пандемияны «Оба ауруы» дейміз. Ал Еуропа жұрты оны «чёрная смерть» деп біледі. Енді ше? Кәрі құрлықтың 30-40% тұрғынын осы ауру қырып кетті емес пе?!

Батыс әлемі, осы күнге дейін ортағасырлық пәлекет ауру жайлы том-том кітап жазып, кинолар түсіріп тастады. Дәл осы эпидемия Еуропа тарихында қашаннан бар, Еуропаны шайқап жіберген ауру неден басталды, қайдан келіп еді?

Бұл эпидемия шығыстан басталыпты. Ал шығыстағы империя – Алтын Ордаға қандай зауал келтірді? Ешкім зерттемеген, зерделемеген.
«Біле білсек, сол Ұлық империяның түбіне жеткен Оба ауруы еді», – дейді америкалық ғалымы Юлай Шамилоғлы. Бұл пандемияға дейін, Ұлы дала бетінде жүзден астам кент-шаһар болған. Ешбірінің сыртында биік қорғандар болмапты. Шаһарының сыртын шарбақпен қоршайтындай, ол заманда Алтын Ордаға қауіп төндіре алардай жер бетінде күш бар ма еді?! Жошы ұлысы ол кезде супердержава болатұғын. Не керек, эпидемия бұрқ етіп, әлгі қалалардың үстінен ауру жүріп өткенде, әлгі жүздеген кент қаңырап қалды. Тағы да сол түріктің ғалымы айтып отыр: «қалалық халықтың кемі – 60 пайызы қырылып қалды», – деп. Содан қала мәдениеті құлдырап, дала бетіндегі керуен көшелер, сауда сораптары өлген.

Юлай Шамилоғлы: «Оба пандемиясы әсіресе қырдағы көшпелі тайпаларға өте ауыр тиді. Ортағасырлық деректерге сенсек, Алтын Орданың малшы жұртының саны 7-8 миллионға жете-ғабыл болған. Елестетіңізші. Сыр бойына қыс келісімен миллиондаған түтін қыстауға түсетін. Жаз шыға, алапат көп Арғын — Арқаға, одан асып Сібірге кететін. Қалың Қыпшақ Ембі өтіп, Еділ асып, Қырымға дейін қонушы еді. Ұлан-ғайыр аумақтың жұрты осылай сапырылысып, араласып жатушы еді. Пандемия осындай ұлы, салтанатты миграцияның талқанын шығарды».

Эпидемия Алтын Орданы майда хандықтарға бөліп тастады

Көшпенділер не үшін күз түссе оңтүстікке асыққанын енді түсінген боларсыз? Ал көктем шыға, қайта Арқаға қарай жүретін. Осы арада көшудің ұғымын ашып алайықшы.

Отырықшы жұрт үшін, бір жерден екінші жерге көшу – зұлмат, қиындықты еске түсіреді. Көшу олар үшін босқындар сияқты босып кету ұғымымен пара-пар.

Ал көшпенділер үшін көшу – бұл салтанатыңды паш ету. Күзде Самарқанға барып түстің. Мыңдаған мал саттың, қымбат кілем, ғажап арбалар алдың. Яки болмаса Парсы еліне, Үндістанға жорыққа барып келдің. Ол жақтан шатырлы пәуескені олжаладың. Өте сұлу кәнизәкті ала келдің. Енді оны қайда көрсетесің? Әлбетте көш кезінде. Көш – номадтардың подиум алаңы іспеттес еді.

Жаз шыға, алапат көп Арғын – Арқаға, одан асып Сібірге кететін. Қалың Қыпшақ Ембі өтіп, Еділ асып, Қырымға дейін қонушы еді. Хан қандайда бір елге соғыс ашу керек болса, жорықты күзге ұйымдастыратын. Өйткені: күллі жұрты, сол күзде Ханның айналасында отырушы еді.

Эпидемия осы керемет жүйенің талқанын шығарды. Адамдар қырылып қалды. Мал саны, жан саны қатты азайған көшпелі тайпалар енді бұрынғыдай 2-3 мың шақырым серуен-көшке шамасы келмей қалды. Әр тайпа кішкентай аумақта ғана шектеле бастады. Әр би, әр сұлтан сол кішкентай ғана жұртынан түсетін салықты Ұлы ордаға жібергісі келмей, өзінде қалдырғысы келді. Бір жағы шалғайға барып салық жинайтын басқақтар да жоқ еді.

Жер-жерде сепаратизм өршіп, өздерін өздері жеке ұлыс, тәуелсіз мемлекет жариялаушылар көбейіп кетті. Кішкентай ұлыс көршісін бағындырмаққа талпынса, бірнеше тайпаны өзіне қаратқандар, Ұлы таққа өзі отырмаққа ұмтылды. Амалын тауып хан тағына отырған сұлтанды, мынау тайпаға сүйенген басқа сұлтан өлтіріп тастайтын. Оның да өмірі ұзаққа бармайтын, келесі бір руды арқа тұтқан бір әміршісі оны тақтан тайдырушы еді. Оба пандемиясы созылған 20 жыл ішінде, 25 хан ауысыпты. Қысқасы, оба эпидемиясы көшпелілердің ғажап империясы — Алтын Орданың түбіне жетті…

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button