Жаңалық

Карантин уақытында не істеймін?

ҚҚДИ танымдық бағдарламаларды іске қосты

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» жанындағы Ruh.kz ақпараттық-танымдық порталы youtube желісіндегі ресми арнасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарын дамытуды көздейтін жиырмаға жуық ақпараттық-ойын-сауық жобасының іске қосылғанын хабарлады.
Ruh.kz порталының ресми youtube арнасында, сондай-ақ порталдың басқа да аккаунттарында 13 бағыт бойынша бейне-бағдарламалар мен 9 бағыт бойынша аудиоподкаст шығады деп жоспарланған. Олардың барлығы да ұлттық бірегейлікті, отбасылық құндылықтарын, салт-дәстүр, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы, IT тақырыптарын қамтыған.
Бағдарламалардың ішінде: «Асыл мұра» танымдық музыкалық бағдарламасы, «Ер қадірі» танымдық-тәрбиелік бағдарламасы, «Ерте, ертеде, ертеде» отбасылық-тәрбие бағдарламасы, белгілі блогерлер Өркен Кенжебек пен Яков Федоровтың қатысуымен «Birdeńe isteu kerek» бағдарламасы, «IT серуен» инновациялар туралы бағдарламасы, «Ақ сөйле, Азамат» білім және ғылым ісіне еңбек сіңірген қайраткерлермен сұқбат форматындағы бағдарламалар бар. Сонымен қатар, анимациялық-танымдық және мотивациялық роликтер мен видеодайджестерді ұсыну күн тәртібіне қойылған.
Аудиоподкасттар қазақстандық мәдениетті танытуға бағытталғанын атап өткен жөн. Оның ішінде: «100 жаңа оқулық», «Жыр-Дария», «Хикмет кітабі», «Күй керуен», «Қазақ газетасы», «100 жаңа есім», «Абайды оқы, таңырқа!», «Құлыншақ», «100 әңгіме» подкасттары бар.
«Іске асып жатқан жобалар ауқымды, мақсатты аудиторияны қамтиды. Ең кішкентай пайдаланушылардан бастап аға ұрпаққа дейінгі оқырмандарымыз порталдан өзі үшін қызықты нәрсе таба алады деп сенеміз. Бұл ретте мемлекет үлкен қолдау білдіріп отыр», – дейді Ruh.kz порталының Бас редакторы Азамат Байғалиұлы.

ҚҚДИ – қазақстандық қоғамдық даму институты. «Рухани жаңғыру» бағдарламаны іске асырудың барлық қатысушыларының тиімді қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету үшін құрылды. Бағдарламаның арнайы жобасына кіретін «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Латын әліпбиіне көшу», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» бағдарламалары бар.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button