Жаңалық

Барлығы ниетімізден

Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі Мақсат Сқақовтың жазбасынан

Өмірде кездейсоқ ешнәрсе болмайды. Дүниені дүрліктірген вирус арқылы Жаратқан бізге не айтқысы келді екен?! Денсаулығыңның өзі сыр берерден бұрын алдымен ескертеді. Ескерткенін уақытында ескерсең емделіп айығуға болады, ескермесең асқынған ауру аңдыған жау секілді алмай қоймайды. Дөңгеленген дүниенің әр бұрышында қаншама алапат апаттар орын алып жатыр…

Бірақ біз оларға онша қайғыра қоймаймыз. Себебі: «қазаны бөлектің қайғысы бөлек» деген қағиданы ұстанамыз. Ал мына індет қамысқа тиген оттай жұмыр жерді шарпып бара жатыр. Супермаркеттерде ұзын сонар кезекте тұрып ас- ауқатын түгендеген жұрттың дүрбелеңі – аштықтан ақырзаман болатындай кейіпте. Сананы ақпарат билеген заманда үмітпен, үреймен алысқан халық. Адамнан болды дейін десең Қасиетті Қағбаның карантинге жабылуы, елдегі қауіпсіздік жағдайына байланысты төтенше жағдайдың енгізілуі, мешіттердегі жұма намазының оқылмауы, сағат сайын саны артып бара жатқан індет жұқтырушылар жайындағы ақпарат, Нұр-Сұлтан мен Алматы сияқты алып шаһарлардың карантинге жабылуы санаға үлкен ой салады.

Бүгінде адамдардың қоятын алғашқы сұрағы: «карантин қашанға дейін созылады». Құдайдың құзырындағы дүниеге адамның әлі жетпейтіні анық. Әркім әртүрлі болжам айтқанмен, құдайсыз қурай сынбайтыны баршамызға мәлім. Індеттің ізі қалмай елімізден тез кетсін десек адамдар бір-бірімізге деген мейірім махабатымызды оятайық. Мықтылардың кесесі ортаймайды, есесін әлсіздердің қайтарайық. Жарлы-жақыбайдың жағдайын жасайық. Әділет іздеп жүрген әлсіздердің ақиқатқа қолын жеткізейік. Мейірімге мұқтаж жетім мен жесірдің маңдайынан сипайық. Үлкенге деген құрметті артт»ырайық, кішіге деген ізетті кемітпейік. Жақсының бағасын білейік, жаманның сағы сынсын деп тілейік. Ажырасудың алдын алайық, панасызға қорған болайық. Қарияны жылатпайық, тексізді ұнатпайық. Көпке көлеңке болайық. Жастарға дәстүрден өнеге болайық. Ұлықты ұлды, қылықты қызды сақтайық. Арлының абыройын арттырайық, арсыздың арсыздығын даттайық.

«Жақсылықтың барлығы құштарлықтан, жамандықтың барлығы іштарлықтан», – деп қазақ бекер айтпайды. Бір-бірімізге деген іштарлықтан арылайық. Жақсылық жасауған деген құштарлыққа талпынайық. Өзімдікі дегенде өгіз күші бар қазақ, өзгенікін де өзінікіндей көрсін. Ана тіліміздің арымыз екенін ұмытпайық. Жүрген жерімізде қазақ тілімізді ұлықтайық. Мақтасын деген ниетке байланған ысырапшылдыққа жол бермейік. Ақсақалдарымыз абыз болсын, жігіттеріміздің жүректері толған намыс болсын. Қыздарымыз арлы болсын.

Адамның тағдыры өз қолында секілді, халықтың да болашағы өз ниетінде. Адам пейілінен тапса, халық ниетімен түзеледі. Табиғаттың заңдылығы да, адамның ары секілді, сақтасаң табысқа жеткізетіні сөзсіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтпақшы: «сын сағатта да сыр бермейтін халқымызға Жаратқан сабыр берсін»! Елдігімізді сақтайық деген елдің тілегі қабыл болсын.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button