Жаңалық

Қызылордада күніне 10 мыңға жуық маска тігілуде

Бүгінгі күні қауіпті індет дүние жүзін алаңтатуда. Мамандар оның алдын алудың бірден-бір жолы үйден негізсіз шықпау, жылы су ішу, салқын тигізбеу, антисептикалық тазартқышты жиі қолдану, қолды 72%-дық кір сабынмен кемі 20 секундқа дейін жуу және вирустан сақтағыш маска тағып жүру секілді бірнеше сақтық шараларын айтады. Өздеріңізге белгілі, еліміздегі дәріханаларда медициналық маска, өкінішке орай, қолжетімсіз. Алайда халық қарап отырған жоқ. Қиын-қыстау күндерді бастан кешіп жатқанда кәсіпкерлер, еріктілер және көптеген қайырымды жандар тарапынан қолдау табылуда.

Қызылорда қаласы «DALATEX» тігін фабрикасы қатерлі вирус тарай бастағанын естігеннен-ақ өз жұмысын толықтай ысырып қойып, індетке қарсы маскаларды тігуді қолға алған. Жеңіл өнеркәсіп саласымен айналысатын фабриканың атқарушы директоры Нұргүл Сатжанқызымен сұқбат құрып, біраз ақпарат алған едік. Көп адамның қажетіне жарайды деген сенімдеміз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», – деп бекер айтылмаса керек-ті. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ruh.kz: Маска тігуді қашаннан бері қолға алдыңыздар? Киім тігу және басқа жұмыстарыңызды уақытша ысырып қойдыңыздар ма?

Нұргүл Сатжанқызы: «DALATEX» тігін фабрикасы 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Бастапқыда ерлерге арналған жейделер тігумен айналысқан болатын. Қазіргі уақытта ассортиментіміз көбейіп, ерлер жейдесімен қатар, әйелдерге, балаларға арналған жейделер, жұмысшыларға арналған арнайы киімдер, күштік құрылымдарға арналған нысандық киімдер тігеміз. Елімізді ғана емес, бүкіл дүние жүзін алаңдатып отырған ахуалға байланысты фабрикамыз негізгі жұмысын тоқтатты. Жарияланған төтенше жағдайға орай жеке қорғаныс құралы ретінде маскалар тігуді бастап кеттік.

Ruh.kz: Масканы қалай, қандай матамен тігесіздер? Қанша уақытқа жарамды?

Нұргүл Сатжанқызы: Көп реттік пайдалануға арналған маскаларды 8 қабаттан тұратын медициналық дәкеден тігеміз. Бір реттік пайдалануға арналған маскалар спанбонд материалынан жасалады. Көп реттік маскаларды жуып, үтікпен басып, қайта пайдалана беруге болады.

Ruh.kz: Тігілген маскалар қайда жөнелтіледі (оларды сатасыздар ма немесе қандай да бір медициналық бөлімшелерге өткізесіздер ме)?

Нұргүл Сатжанқызы: Жеке фабрикамыз. Қазіргі таңда маскалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау қалаларына, Қызылорда облысының барлық аумақтарына жөнелтілуде. Дәріханалардағы масканың жетіспеушілігін төмендету мақсатында облыс аумағы мен қалада орналасқан бірқатар дәріханаларды күнделікті маскалармен қамтамасыз етудеміз. Дәріханаларға 85 теңгеден өткіземіз.

Ruh.kz: Бір күнде қанша маска тігіледі? Қанша тігінші жұмыс істейді?

Нұргүл Сатжанқызы: Күніне 10 мыңға жуық маска тігіледі. 60-қа тарта жұмысшы жұмылдырылған.

Ruh.kz: Жалпы осындай жағдайда халыққа қолдау көрсетіп, маска тігу кімнің ойына келді болмаса ұсыныс кімнің тарапынан түсті?

Нұргүл Сатжанқызы: Бастапқыда фабрика басшысының бастамасымен еліміздегі маскаға дегентапшылықты төмендету үшін осы жұмысты қолға алған едік. Бастамамыз халық тарапынан үлкен қолдау тапты. Қазіргі таңдадайындалған масканың шикізаттары тек фабрикамызда ғана емес, өңіріміздегі өзге де тігін шеберханаларына үлестіріліп, олар да осы іске атсалысып отыр.

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет! Істеріңізге береке берсін!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button