Жаңалық

Елордалық Ассамблея «Біз біргеміз!» акциясын ұйымдастырды

Әлемді елеңдеткен індет баршаға белгілі ережемен бекітілген тәртіпті сақтауға үндегені жасырын емес. Қарапайым жеке бас гигенасы тазалығынан бастап, медициналық тұрғыдан қорғану қажеттігі аса өзекті болып отыр.

Осы сәтте еліміздің ірі мегаполистерінен саналатын Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы қалаларында төтенше жағдай жарияланып, карантиндік режимге көшіп, бірқатар маңызды нысандар мен мемлекеттік мекемелер онлайн түріндегі жұмыс істеу тәсіліне көшті. Соған қарамастан бұрыннан сындарлы сәтте халқына қол ұшын созып, көмектесіп келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы да осы жолғы қиын сәттегі тығырықтан шығу қамына әдеттегіше кірісіп кетті. Бұл ретте елордамыздағы этномәдени бірлестіктер бұл іске аса ұйымшылдықпен атсалысуда!

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы дәл осы жауапты сәтте «Біз біргеміз!» атты акция ұйымдастырды. Оның аясында көпбалалы отбасылар мен аз қамтамасыз етілген отбасыларға, қарттарға бірінші қажеттіліктен саналатын азық-түлік пен қауіпті індеттен қорғануға арналған бетперделерді тегін таратты. Тіпті бұл іс Қабанбай ауылын да қамтыды. Атап өту керек, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының елордалық этномәдени бірлестіктері көпбалалы отбасылар мен аз қамтамасыз етілген отбасылардың, сондай-ақ қолдауды қажет ететін қарттардың қажетті тұрмыстық бұйымдарды сатып алуларына арнайы қаражат та бөлді. Сонымен бірге, көпбалалы отбасылар мен аз қамтамасыз етілген отбасылардың кішкентай нәрестелеріне қажетті бұйымдарды және балалар тағамдарын сатып алып берді. Түптеп келегенде, мұның бәріне ортақ әлеуметтік пакет арналды. Елордалық этномәдени бірлестіктер балалар ауруханасына арнап, арнайы бетперде тігіп, оны тегін түрде осы аталған нысанға таратты. Жалпы айтқанда, қажетті медициналық бұйымдар да сатып алынып, көпбалалы отбасылар мен аз қамтамасыз етілген отбасыларға және қарттарға тегін берілді. Бұл орайда қайырымдылық жасау ісі бойынша «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру орталығының да салмағы басым болды.

Елордалық Ассамблеяның еріктілері коммуналдық қызметтің еңбеккерлерімен бірлесіп, қаламыздағы тұрғын үй аулаларының кіре берістеріне санитарлық тазалық жұмыстарын да жүргізді.

Бұл қиындық та артта қалар! Сол үшін аянбай еңбек етіп жатқан жайымыз бар! Елдің осындай бірлігі татулыққа, даму үдерісіне үндей берері хақ! Біз Сіздермен әрқашан біргеміз!

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button