Жаңалық

Павлодарда ұзақмерзімді жобалар жүзеге асуда

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Жа­һан­дағы заманауи қазақстандық мәде­ниет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бас­та­маларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы ке­рек», – деген болатын. Жобаның мақсаты – Қазақстанның мәдени жетістіктерін әлемдік деңгейде насихаттау. Оны арнайы жоба аясында Павлодар облысында бағдарлама жарияланғаннан бері көптеген имидждік ұзақмерзімді жобалар жүзеге асуда.

«Ertis Promenade» жобасы

Біздің аймағымыздың визиттік карточкасы – «Ertis Promenade» жобасы. Мәдени-көпшілік іс-шараларды, концерттер мен шоу-бағдарламаларды ұйымдастыру үшін 2018 жылы Павлодар қаласының жағажайында арнайы жабық амфитеатр салынды. «Ertis Promenade» сахнасында 2 жыл қатарынан жаз бойы облыс тұрғындары мен қонақтары қазақ халқының дәстүрлі мәдениетімен танысуға, оның тарихын, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін білуге, жергілікті, қазақстандық, ресейлік және шет елдердің шығармашылық ұжымдары, ансамбльдері, әртістері мен эстрада жұлдыздарының өнерлерін тамашалауға мүмкіндік алды.

«Өнер қырандары» жобасы

Облысымыздағы «Өнер қырандары» жобасының аясында Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның ұжымдары шетелдік гастрольдерге шығып, қазақ өнерін паш етіп жүр. Атап айтсақ, 2017 жылы симфониялық оркестрдің Италияның 7 қалаларында (Италия, Рим, Неаполь, Милан, Флоренция, Бари, Генуя, Турин) әлемдік хиттер мен қазақстандық, италияндық классикалық туындылары орындалған 22 гастрольдік концерттері өтті.

2019 жыл мәдениетіміз үшін табысты жыл болды. Оған дәлел Халықаралық Малакка (Малайзия) өнер фестивалінде Қазақстандық өнер ордаларының шығармашылық ұжымдарының ішінде Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармониясы өнер көрсетті. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «СУАР-ға шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылардың шараларға қатысуын қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында 2019 жылдың 17-21 желтоқсан аралығында Үрімші қаласында Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының шығармашылық ұжымдарының гастрольдік концерті өтті. Концерттік бағдарламада Естай Беркімбайұлының «Құсни-Қорланы», Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әні» және т.б қазақ композиторларының әндері шырқалып, бимен көмкерілді.

«Шекарасыз мәдениет» жобасы

Өңіріміздегі тағы бір ерекше жоба «Шекарасыз мәдениет» жобасы болып табылады. Аталмыш жоба шекаралас облыстар мен Ресей Федерациясының облыстары бойынша аймағымыздың шығармашылық ұжымдарының концерт-гастрольдік қызметін қамтиды. Жоба аясында 2018 жылы Павлодар облысы мен Алтай өлкесі арасындағы мәдениет саласы бойынша серіктестігінің келісіміне байланысты Барнаул қаласында қолөнер шеберлерінің көрмелері, шығармашылық ұжымдардың концерттері ұйымдастырылып, көрермендердің жоғары бағасына ие болды.

Облысымыздың шығармашылық ұжымдарының бірі «Samiуan» ансамблі 2019 жылы Омбы қаласында өткен «Сибирь зажигает звезды» халықаралық фестиваліне қатысып, жүлделі 1-орынға ие болды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Павлодар облысының әкімдігі, Омск Үкіметі мен «Отандастар» фондының қолдауымен Омск, Новосибирск қалаларында Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясының «Күздің сазы» атты концерті өткен болатын.

Сонымен қатар «Нұр» ансамблі Ш. Жиенқұлова атындағы фестивальға қатысып, жүлделі 3 орынға ие болды. Семей қаласында Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVII республикалық фестивалінде режиссер Жангелді Садықов «Үміт» номинациясымен марапатталды. Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры Ақтау қаласында өткен Ә. Кекілбаевтың 80-жылдығына арналған «Әбіш әлемі» І Халықаралық театрлар фестивалінде Лауреат атанды. Театрдың талантты актері, «Үздік жас маман» төсбелгісінің иегері Ақ-Сұлтан Ерсейітұлы Әнуарбек Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының салтанатты марапаттау кешінде «Үміт» дипломымен марапатталды.

Аймағымыздың шығармашылық ұжымдары мен театр әртістері еліміздің басқа аймақтарында да өз өнерлерін көрсетуде. Атап айтсақ, «Samiyan» және «Ретро» ансамбльдері Көкшетау мен Щучинск қалаларында концерт берді. Ал Өскемен мен Курчатов қалаларында джаз оркестрінің «Философия Джаза» атты концерті өтті. Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры Нұр-Сұлтан қаласында өткен VII Халықаралық «Самғау» фестиваліне қатысты және Алматы, Қарағанды, Теміртау қалаларына гастрольдік іс-сапармен барып, халықтың қошеметіне ие болды.

Облысымызда «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы бойынша 3 жыл ішінде жүзеге асқан істер баршылық. Алдағы уақытта да бұл тізім толығады. Еліміздің мәдени жетістіктерін таныту жолында арнайы жобаны іске асыру Қазақстанды өз шығармашылығы арқылы дүние жүзіне танытатын көптеген таланттарға жол ашатынына сенімдіміз.

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button