Жаңалық

«Сыр – Алаштың анасы»

Елбасы «Жалпақ жұртыңды, иісі Алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, тұлғаларын ардақтаудан басталады», – деген болатын. Осыны негіз тұтатын «Сыр – Алаштың анасы» экспедициясы қазыналы Қазалы топырағына аялдады.

Әрбір өлкенің өзіндік тарихи-мәдени ерекшелігі, сара жолы болады. Ұлы Жібек жолының бойындағы Жанкент, Мыңтөбе, Күйік Қала, Кескен Күйік секілді ертедегі қалалар саф алтынға бергісіз тарихи сырларды бүгіп тұр. Сараман-Қоса, Орақ, Бегім Ана, Ұзынтам, Сарыбайқазған, Қазанғап сияқты жаугершілік заманда белгі беру мақсатында тұрғызылған тарихи мұнаралар мен Құттыбай, Сырлытам, Бақа би, Кәрібай, Найзағұл, Жанқожа кесенелері, Дөңқазған, Үшназар, Қосым әулие, Жабағылы, Әулиетөбе және Манас мазараттары сынды әр заманғы тарихи-сәулет ескерткіштері бүгінгі күнге жетіп, ұрпақтарын ұлы тарихтың сырына үңілтеді. Халықты қан қақсатқан басқыншы қоқан-хиуалықтармен, жасы сексеннен асса да отаршыл орыс басқыншыларымен жан аямай күрескен Жанқожа батыр осы өңірден бастап аттан түспей, Ақмешіт бекінісіне дейінгі жерлерді озбыр жаудан азат еткен. Батыр кесенесі аудан аумағында, биік ауқымды төбе басында орналасқан. 2011 жылы баба кесенесіне жөндеу жүргізіліп, тұғырлы тас-белгі орнатылды. Қазалы қаласындағы біртуар жарық жұлдыз Ғани Мұратбаев оқыған мектеп үйі, Ноғай, Ғанибай бай, Қожаназар, Әзілхан ишан мешіттері, теміржол мәдениет үйі мен ерекше сәулет үлгісіндегі вокзал, ескі қаладағы ғасырмен құрдас тұрғын үйлер және Қазалы локомотив зауыты кез келген адамды еріксіз өткен күннің тұңғиығына бойлатып әкетеді. Ежелгі Жанкент, Мыңтөбе қалашықтары, Құттыбай, Келімбет, Сырлыбай мавзолейлері мен Сараман-Қоса және Ұзынтам мұнаралары – Қазалы ауданының бүгінгі күнге жеткен мақтаныштары. Қазақ халқының төбе билерінің бірі – Әйтеке биге арналған ескерткіш кент қақпасы теміржол маңында орналасса, қазақ жастарының көшбасшысы Ғани Мұратбаев ескерткіші өзі атындағы ауылда орын тепкен. Сараман-Қоса мұнарасы ХVІІІ ғасырдағы сәулет өнерінің қайталанбас туындысы. Сараман есімді жігіт пен Қоса деген қызға қойылған белгі. Бiр деректе, Жент қаласын билеген ханның баласы Сараман мен жарлы жiгiт Қосай дос болыпты дейді.

Қызылорда облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button