Жаңалық

«Аузына түкіру» ырымы қалай орындалады?

Сәби бесікке тербелген сәттен бастап ырымшыл қазақ түрлі жөн-жоралғыларын бастап кетеді. Мағынасыз дәстүр қалыптастырып, рәсімді жөнсіз орындамаған халықпыз. Әрқайсысының астарында терең мағына бар. Сондай ырымдардың бірі – «аузына түкіру».

«Аузына түкіру» қандай ырым?

Ежелден келе жатқан бұл ырым кішкентай сәбидің жарқын болашағына жол бастайды десек, артық айтпасбыз. Неліктен олай, «аузына түкіру» деген қайдан шыққан және т.б. осыған ұқсас сұрақтар көпшілікті мазалауы мүмкін. Түсінікті болуы үшін басын ашып алайық.

Мәселен ауыл ішінде көпке танымал, ақылды, сөзге жүйрік, атақты би-шешендерден тараған тұлға немесе елге танымал жұлдыз, ақын, жазушы, болмаса халыққа шынайы жаны ашитын, адал азамат болды делік. Егер осылардың бірі секілді адам кездесіп қалса, қазақ, әсіресе, аузы дуалы қариялар олардан, міндетті түрде, балаларының аузына түкіруін сұраған. Неге? Себебі би-шешен болса, соған ұқсап әділетті би, сөзге шешен болсын дейді. Ақын не жазушы болса, соларға тартып, шығармашылықпен айналыссын дегені. Әншілерге түкірткені, елге сыйлы, бұлбұл әншілердің қатарынан табылсын дегені.

Ырым қалай орындалады?

Рәсімнің атауы «аузына түкіру» деп аталғанымен, барлығы ишара түрінде ғана жасалады. Бұл – ауызға түкірудің белгісі, көрінісі ғана орындалады деген сөз. Бастысы – ниет. Нәрестенің аузына түкірген адам шынайы ниетімен балдырғанға ақ батасын берсе болғаны. Наным-сенім бойынша мұндайда абыройлы кісілердің жолы балаға да бұйырады, ғұмыры ұзақ болады-мыс.

Баланың аузына түкірген адамдарға қандай сый-құрмет көрсетілген?

Нәрестенің аузына түкірген жанға баланың ата-анасы арнайы кәде-сыйын жасайды. Кейін де баласының аузына түкірген адамға ерекше сыйластықпен қарайды

Біле жүріңіз: «баланың аузына түкіру» ырымына ұқсас қазақта беделді адамның жатқан не отырған төсегіне сәбилерін аунатып алатын «аунату» атты ырым бар. Тарихқа сүйенер болсақ, Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенде, жазушы отырған орындыққа баласын аунатып алған-ды.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button